Қазақстанда тағы 3 адам коронавирус жұқтырды

956
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 13 адамға жетті. 11 адам – Алматыда, 2 адам – Нұр-Сұлтан қаласында
Қазақстанда тағы үш адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
2020 жылдың 17 наурызы таңғы 09.00-дегі эпидемиологиялық жағдай бойынша Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 3 адам тіркелді.
«Бірінші науқас – «Берлин-Минск-Алматы» ұшағы арқылы 13 наурызда ұшып келген 2018 жылы туған қыз бала. Ол қазір Алматы қаласындағы балалар инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Екінші науқас 1966 жылы туған азамат, ол Мәскеуден бізге 10 наурыз күні ұшып келді. Алматыдағы көпсалалы медициналық орталыққа жатқызылды. Үшінші науқас 1956 жылы туған азамат, ол да Мәскеу қаласынан 10 наурызда келген», — деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 13 адамға жетті. 11 адам – Алматыда, 2 адам – Нұр-Сұлтан қаласында.
Коронавирус эпидемиясы
Қазақстанда 13 наурызда коронавирустың алғашқы жағдайы тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны – он үш адам, екеуі – Нұр-Сұлтанда, он бір адам – Алматы қаласында. Арасында 12 жастағы бала бар.
Мемлекет басшысының жарлығымен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі
16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Президенттің айтуынша, Қазақстанның халықаралық резерві 90 миллиард долларға жетті. Ал бұл қаражат экономикалық тұрақтылықтың негізі бола алады. Сол қаржы есебінен мемлекет өзінің әлеуметтік міндетерін атқара алады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қажет болған жағдайда, төтенше жағдай режимінің ұзартылуы мүмкін екенін айтты.

Дереккөз:sputniknews.kz