57 миллион теңгені қалтасына басқан

928

Түркістан облысының полицейлері 57 млн теңге алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады. Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкерлері мен Сарыағаш АПБ-нің полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларының арқасында бір өзі 57 миллион теңгенің алаяқтығын жасаған күдікті жігітті ұстады.

Ол төрт жылдан бері жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан қаласында тұратын, қарағандылық тұрғын болып шықты. Түркістан облысы тергеушілерінің тиянақты тірліктерінің нәтижесінде ашылған бұл алаяқтық қылмысы Сарыағаш АПБ-не ағымдағы жылдың қараша айының басында жергілікті тұрғын, жеке кәсіпкер арыздануынан басталған. Жәбірленушінің айтуынша ол, Нұр-Сұлтан қаласында пісте өнімін арзан бағада сататын адам барын естіп, бірден телефон арқылы 500 тоннаға тапсырыс берген. Осылайша телефонмен тілдескен сатушының есепшотына 57 миллион теңгеден астам ақшасын аударады. Алайда ешқандай пісте өнімін алмаған, не ақшасын қайтара алмай қалған сарыағаштық тұрғын алаяққа алданғанын біліп, полицейлерге арызданған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Аса ірі мөлшердегі алаяқтық қылмысын ашуға облыстық Тергеу басқармасының қызметкерлері тартылды. Жедел-тергеу тобы қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, тез арада әрекет етті. Осылайша алаяқтық жасаған жігіттің ізіне түсіп, оны үш тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан ұстап, Сарыағаш АПБ-не жеткізді. Ұсталған күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Қамауға алынды. Тергеу барысында күдікті сатып алушымен тікелей кездеспегенін пайдаланып, аса ірі мөлшердегі ақшаны көріп, ойы өзгеріп, жеңіл жолмен ақша тапқысы келгені белгілі болды.

Сондай-ақ, жәбірленушінің ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде 15 миллион теңге ақша мен алаяқтық жолмен тапқан ақшаларға сатып алынған екі жеңіл автокөлік және соңғы үлгідегі екі дана ұялы телефонды тәркілеп алды. Қазіргі таңда күдіктінің қылмыстық іс-әрекеттеріне байланысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына алданып қалмай, абай болыңыздар деп ескертеді. Сондай-ақ өз қаражатыңыз бен мүлкіңізге сақ болыңыз. Егерде осындай жайттар орын алған жағдайда “102” шұғыл телефон нөміріне хабарласыңыздар. Бұл өз кезегінде қылмыстың “ізін суытпай” ашуға мүмкіндік бермек.