9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді

920
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жауапты шешім бойынша Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқанын мәлімдеді.
Биыл Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқына үндеу арнаған Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Президент кезектен тыс сайлау 9 маусымда өтетінін айтты.
Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды үндеу жариялап отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым. Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палатасының спикерімен, Премьер-министрмен кеңестім. Конституциялық кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім. Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі

Опубликовано AkordaPress Вторник, 9 апреля 2019 г.

Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады. Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүргенін, халықтың көңіл-күйін жақсы білетінін, зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездескенін айтты.
Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек. Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек. Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым! – деді Президент.
Ол қазақстандықтарды алдағы сайлауға барынша жауапкершілікпен қарауға үндеді.
Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты! – деді Президент.
2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретінде өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген еді. ҚР Конституциясы нормаларына сәйкес Президенттің қалған өкілеттік мерзімі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. 20 наурызда Қасым-Жомарт ТоқаевҚазақстан Президенті ретінде ант берді.
1995 жылдың 28 қыркүйегінде қабылданған “Қазақстан Республикасындағы сайлаулар туралы” Конституциялық заңның 51-1 бабына сәйкес кезектен тыс Президент сайлауы Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен белгіленеді және белгіленген күннен екі ай ішінде өтеді.
Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы соңғы рет 2015 жылдың 26 сәуірінде өтті. Конституция бойынша ҚР Президенті бес жылға сайланады.
Еске салайық, өткен ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаев биыл кезектен тыс Президент сайлауы болмайтынын мәлімдеген еді.