Абай – Ұлы ұстаз

4102
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлтымыздың мақтанышы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде арнайы қаулы қабылдап, онда республикалық және өңірлік деңгейде өтілетін іс-шараларды іске асыру, кең көлемде атап өту көзделді. Президентіміз Қ.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты терең мазмұнды мақала жариялап, өзінің салиқалы ойлары мен пікірлеріне бүкіл еліміздің назарын аударды.
«Бұл той тойлау үшін емес, ой өрісімізді кеңейтіп рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», – деп атап көрсетті. Президенттің айтқан сөзі барша жұртқа тың жігер мен шабыт беріп, Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен сөздерін кеңінен насихаттауға бағыт берді. Ақын, ұстаз, философ, ағартушы, дара тұлға, халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы елімізде ғана емес, ЮНЕСКО шеңберінде тойланады. Абайды ел болып ұлықтау, оның өшпес мұрасын өскелең ұрпаққа аманат ету – жастардың бойына сіңіру баршамыздың парызымыз. Абай – қазақ халқының ұлы ұстазы. Әрбір азамат ес біліп, әріп танығаннан бастап, мектеп қабырғасында Абайдың өлеңдерін, сөздерін оқып, мазмұнын бойына сіңірді. Қазіргі кезде ойлап қарасақ, ол халқымыздың қамын ойлаған қамқоршы тұлға екен. Сонымен қатар, барлық адам баласына әділетті жол көрсеткен, өмірден шындық іздеген дана екен. Осынау үлкен мақсатты ұйқас ырғақпен, шебер үндестікпен, келтіргенде өзінен-өзі ойда қалатын көңілге қонатынын айтушы еді. Халқымыздың басынан кешкен жақсы-жаман тағдыры Абай шығармаларында кеңінен орын алған. Ұлтымыздың тілі де, өнері де, тарихы да, діні де, ғылымы да, тіршілік әрекеті де, ойы да Абай өлеңдерінен елестейді.
Абай жыры – халық дастаны.
Абай жыры – адамның ар-ұятын оятатын нұр сәулесінің шапағаты. Қазақ «Талапты ерге нұр жауар» десе, сол жауатын нұрдың көзін біз Абай даналығынан табамыз. Ұлы ақынның «Ұятың, арың оянсын, бұл сөзімді ойлансын» деген сөзі адамдық арды ойлаған жанды тебірентпей қоймайды. Біздің ұғымымызда Абай – ұлы данышпан, халқымыздың ақылшысы, ұстазы, халқымыздың тірегі, сенімі, ар-намыстың әділ таразысы. Абайдың:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.., – деген жұмбағы, біздіңше осы арнада жатқан сияқты. Бұл жұмбақты түсіне білу, санасы көреген, батыл көзді, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстағандарыңды түсіну, ол бір ғана адамның бір саладағы істейтін адамдардың қолынан келмейтін нәрсе.
Отыз сегізінші сөзде Абай: «Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ дүние тануда басқаланады», – дейді. Бұл басқалану Абайдың түсінігінде барынша айтылып келе
жатқан қағидалы өсиет сөзге жүйріктер ғалым аталады. Демек, Абайдың ең басты жұмбағының шешуі – ізденушілік, зерттеушілік, хакимдік, данышпандылық-философтық жол. Ол – даму жолы, ол ғылым жолы. Демек, «Өмірдің өзі ақиқат, өмір жоқ жерде камалат жоқ. Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз. Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз. Надандарға бой бермей, шын сөзбенен өлсеңіз». Абайдың өзі мен сөзі екі ұдайы емес, екеуі бір жерден шығады, оның даналығы осында. Басқаша айтқанда, Абайдың аузына алған әрбір сөзінің арғы жағында терең тамырлы, күрделі мағына жатады. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек». Ендеше, ойлау-зерттеу әрекеті, оны іске асыру, оны өмірге пайдалану әрекеті, адамдық сезім, әділетті іс-әрекеті. Немесе іздену, өмір адамдық. Осылар бас қосқан жерден ғылыми шындық шығады. Ғылым үйрену, өнер үйрену өзі де жақсылық жолы-ихсан. Бірақ ол өнерді адамдық, әділетті жолға жұмсау шарт. Сонымен, ғылым-өнер үйренудегі мақсат, Абайдың қағидасында алдымен надандықтан арылу, шындыққа көз ашу. Одан кейін адамдық әділетті жолда болу. Өзіңнің халқыңды жақсылық, адамдық, шындық жолға салу. Өз еліңді адасудан, апаттан сақтау үшін соның күзетінде болу.
Ғылым мен өнердің табысы әділет жолға жұмсалмай, адам аулауға, адам алдауға салынатын болса одан келер пайда жоқ, зиян көп. Ұлтының қамын ойлаған Абай алдымен бірлікке шақырады: «Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос».
Абай ұстаздық жолдан жалықпай өтті. Оның алдында тамаша сырлы, ақыл жетпес кең, шебер жасалған ғажайып табиғат дүниесі тұрды. Абай оны сезеді, оған қайран қалады, еліктейді, бейнелеуге, ұғуға ұмтылады. Екінші жағынан адам баласы, оның жаратылысы, дене құрылысы, өмір әрекеті, ғахли істері, жан сезімі, нәзік парасаты, хикметті кеудесі Абайды тағы таңдандырады. Дүние ішінде дүние болған, толған келісімге қайран қалады, ойланады, толғанады, тебіренеді. Күні-түні ғаламның шындығын іздеп дамыл көрмейді.
Шексіз ғаламның сырын білуге адамның қаншама қабілеті, қысқа өмірі жетпейтінін Абай жақсы білді. «Мақсат алыс, өмір шақ, кештеп қайтар жол емес, жол азығым мол емес». Солай бола тұрса да, сен оған қапа болма. Ақылдың жеткен жеріне дейін бар. Арғы жағына қадам баса алмасаң да жүрегің сезеді, сол адамдықтың сипаты – бұл Абай кредосы.
Адам өмірі жан мен тәннің бас қосқан майданы деп түсіндіреді Абай. Жан хайуан малда да бар дейді екінші жағынан. Мұндағы Абайдың хайуан жан деп отырғаны тән тілегіне қызмет ететін тіршілік-нәпсі. Ал, адамдық жан болса, ол – жанның нәпсіліктен жоғары дәрежедегі сатысы, ғақли жан, ол рухани түсінік. Адам табиғатында осы тілек майдандасқан. Адамның ғақли қабілеті осы екі бағыттағы тілекті ғамалаттікке бағыттап басқара білуде.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең, бер десе,
Әдет етер таласып.
Мұндағы «тән сүйгені» кең мағынада алғанда: тамақ, киім, ойын күлкі, бақ, атақ, мансап. Нәпсінің барлық тілектерін тойдырам десең рухани дүниеге орын қалмайды. Нәпсі тілегіне беріле берсең, ақырында ол өзіңді билеп түбіңе жетеді. Рухани талаптан айырылғанын – нәпсі тілегіне билеткенін Абайдың осы сөздерін алдыңғы қатардағы азаматтардың бір себеппен нәпсінің алдауына еріп, маскүнемдікке салынған адамдарды елестетеді.
Абайдың ғылым жолдары жөніндегі өсиеттері көптеген өлеңдерінде бар. Оның 17 және 31-32-інші сөздері түгелдей осы ғылым жолдарына арналған. «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек», – дей келе, талаптың өзіндік шарттарын көрсетеді. Ғылым-білімде ұстамдылық қажет, ақыл-ойдың, мінездің беріктігі керек, ол үшін қайрат керек. Ғылымды да, ақылды да сақтайтын сауыт – ұстамдылық, табандылық мінез. Сол мінез бұзылмасын, көрсеқызарлықпен, жеңілдік немесе біреудің орынсыз сөзіне, кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Сонымен Абайдың ғылыми жолы: құмарлық – махаббат, шыншылдық, әділет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы, ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды, қайратты мінез. Абайша айтқанда: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», «Ғылым сол үшеуінің жолын білмек» дегені, ғылым жолы шарттарының көркемдік бейнесі болып табылады.
Тәрбие ісінің өзі алдымен айналадағы тәрбие үлгісіне байланысты болады. Екінші жағынан тәрбие ісі ұстазсыз болу мүмкін емес. Демек, Абайдың тәрбие жөніндегі пікірі ұстаздың ісіне жатады. Яғни, Абайдай дананың қолында заң қуаты болса, еркі болса, жағдайы жақсы ерікті ел болса, онда қазақ халқын жолға салуға әбден болар еді. Ғалымды бағалайтын заман болса басқалар сондай ғалым болмағанымен, соған ұқсап баққан болар еді. Ол ұқсауда алдымен әркім өзінің қолынан келген еңбегін істеп, адал жол мен табанақы, маңдай терімен еңбек етіп, күнін көрген болар еді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп айтқаны мәлім. Адам екеніңді ұмытпа. Еңбегіңді сат, арыңды сатпа, арың таза болсын, сонда ғана сен адамсың дейді ұстаз өзінің халқына. «Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек» дейді.
Халқының ел болуын арман еткен данышпан Абай өзінің 39-сөзінде елдіктен кетіп бара жатқан жаман ниетке талдау жасаған. «Рас бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайы тілі, тазалығы төмен болған. Бірақ оларда артық екі мінез бар еді. Сол екі тәуір мінездерін жоғалтпай тұрсақ, бізде ел қатарына кірер едік. Енді сол екі мінез жоқ болған соң әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылдыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады, жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың үлкен себебі сол. Ол екі мінез: әуелі ол заманда ел бастайтын, топ бастайтын кісілер болды… «Қой асығын қолыңа ал, қолыңа жақса сақа ғой», «бас-басыңа би болсаң, Манар тауға сыймассың, бас алқаңыз жанған отқа күймессің деп, мал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды соған бердік. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары көп азбайды екен. Бәрі де өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, олардың қамын жемей қайтеді» деп үлкен даналықпен айтқан сөздері бүгінгі ұрпаққа өсиет болғаны сөзсіз.
Данышпан ұстаздың осы ауыр аманатын мойынға алу, осы мақсатта еңбек ету, тілектес болу, осы жолдағы адам қол ұшын беру баршамыздың азаматтық міндеттіміз болып табылады.
Абай ғажайып ғаламның сырына адамның ақылы жетпейтінін талай жерде айтады. Бірақ сол ақылдың сол ғажап дүниенің барлығын сезінуінің өзі оның тамаша жетістігі ғой. Сократтың «Менің білгенім ешнәрсе білмейтінім» деген сөзін Абай осы мағынада ұғады. Аспан шырақтарының үздіксіз айналысы бойынша уақыт есептеледі, сол айналыстың әсерінен қыс пен жаз, күн мен түн алмасады, – деді Абай. Мұны еске алудағы мақсат – аспан шырақтары адам баласының барлық білімінің, ғылымының басы және аяғы болып табылатындығы.
Біздің заманымыз – ғылымның дамыған заманы, адам баласының рухани, діни ой өрістерінің оянған заманы. Сонымен қатар, адам баласы шындық іздеу жолына түскен заманы. Абайдың даналылығы, әулиелілігі сонда, ол шындық іздеу жолында болған, сол жолда мирас қалдырған. Ол «Ескендір» поэмасында былай бастайды:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Демек, Абай шығыс елдерінің бетке ұстап отырған ұлы ақындары Фердаусидің «Шахнама», Низамидің «Ескендір намасында» Әлішер Науаидің «Ескіндір қорғаны» атты шығармаларында айтылған Ескендір жөніндегі пікірлеріне қарсы шығады. Себебі олардың шығармаларымен Абай жақсы таныс болған. Осыған байланысты шығыс ақындарының Ескіндір жөніндегі пікірлеріне мүлде керісінше жауап жазады.
Ежелгі заманда әрбір заттың өзіндік өлшемдері туралы ғылыми пікірлер болған. Заттың сыртқы бетін, соның ішінде жер бетін өлшеу үшін оны үшкілдерге бөлген. Демек, үшкіл өлшеу заттардың бет-бейнесін өлшеудің әліппесі деуге болады. Осыған байланысты Абай өз үшкілі жөнінде мынадай пікір айтады. Үшкіл үш саладан бас қосқан нәрсе: Қайрат, Ақыл, Жүрек. Өзінің 17-қара сөзінде осы үшеуінің өнерін салыстыра келіп, ғылымға билік айтқызады. Ғылым былай деп шешеді. Үшеуіңде бірдей керексіңдер. Біріңсіз бірің тұра алмайсындар. Үшеуің бас қосыңдар. Жүрекке басшылық беру керек. Мен сол жүректі қолдаймын дегенге келеді. Абай үшкілі даналық үшкілі.
Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос, – деп өзінің қорытынды сөзін айтады. Абай үшкілі адам мен табиғат арасының көпірінің тамаша үлгісі болып табылады. Абай сөзінің арғы жағында адамның адамдық табиғаты жатыр. Сабырлы, ұстамды, адал мінез – ғылымның, ақылдың, адамдықтың, иманның сауыты, рухани қазынаны сақтайтын орны.
Абай музыканың, ән-күйдің тамаша құдіретін сезген, өмірдің ерекше өрнегін аңғарып, мирас қалдырған.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Қайда қозғалыс болса, сонда жарық бар, қайда жарық болса, сонда сәуле бар, қайда сәуле болса, сонда дыбыс бар. Сол қозғалыс өте тамаша шеберлікпен, көрікті үйлестікпен қатаң тәріпті заңға бағынады. Адамда өз тарапынан ғалами әуезге еліктеп, үндесіп ән мен күй шығарады. Музыка дегеніміз сол. Демек, музыка – табиғи терең ғылыми тегі бар ғылым. Әнді сүйсең, менше сүй, дегені осыдан. Дәл осы кезде адамның терей ойлары оянып, дүниені басқаша сезіп, ғажап сырлар ашады. Ән-күй шығарады, көркем бейнелер жасайды, ғылыми жаңалық ашады.
Абай өзінің еңбектерінде ғылымның өлшеуі жөнінде асыл мирас қалдырды. Абай өзінің ғақлия сөзінде: «өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс», – деп жазады. Оған нақты мысалдар келтіреді. Адамның сыртқы және ішкі қайраттары (дәулет, ақыл, ғылым) – бәрі де жақсы істер. Бірақ ойларыңда болсын. Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар. Өлшеуінен асса, жарамайды. Ішпек, жемек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асса, жақсылық болмайды деп, 43-сөзінде атап өткен. Осы сөздердің терең
мағынасына, табиғи тегіне көз жіберетін болсақ, ғылымның асыл тегі өлшеуін білуде деген қорытындыға келеміз.
Абайдың ғылыми, ұстаздық еңбектері, оның көркемдік нәрлі тілі, философиялық ұғымдары халқымыздың болашағы жайындағы арман тілектері, халқымызды әділдікке, шындыққа шақырған өсиеттері терең қағидалары сап алтын күйінде қонымды да, түсінікті түрде халқына жетті. Бұл – халқымыздың рухани өміріндегі ұлан асуы деуге әбден тұрарлық мақтаныш. Абайдың халқымыздың ақыны ретінде, дана данышпан ретінде және ұлы ұстаз ретінде аманат еткен мирастары кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге.
С.СЕРКЕБАЕВ,
Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы,
ардагер ұстаз.