Әбілязов пен Храпуновтың бастарына күн туды

1421

Нью-Йорк федералды соты Мұхтар Әбілязов пен Илья Храпуновтың жүздеген миллиондарды ұрлағаны және жылыстатқанына қатысты талаптар «сотта мәні бойынша қарастырылсын» деп қаулы етті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«2021 жылғы 29 наурызда АҚШ Округтік сотының судьясы Элисон Нейтан М.Әбілязов пен И.Храпуновтың өтінішін қабылдамай, барлық төрт талапты (заңсыз иемдену; негізсіз баю; меншік құқығы және Нью-Йорктің азаматтық практикасы туралы ережелері мен § 5239 заңына сәйкес талап қою) сотқа жіберуге рұқсат берді. Судья Нейтан ұсынылған мағлұматтардың қомақты тізімін мұқият зерделеудің негізінде Triadou-дың АҚШ-қа инвестициялаған қаражатын Мұхтар Әбілязовтің ұрлағанын, кейіннен оларды АҚШ-та Ілияс Храпуновтың және басқалардың біле тұра жылыстатқандығын растайтын «елеулі дәлелдемелердің» бар екенін атап өтті», — делінген ҚР Әділет министрлігінің ақпаратында.

Судья Элисон Нейтан барлық төрт талапты сотқа жіберу керектігін шешкен. «Сондай-ақ, судья Нейтан Triadou-дың БТА-дан ұрланған ақша Tradestock-қа берілген несиелердің жиынтығы болып табылатындығы және олардың кейіннен толығымен қайтарылғандығы туралы уәжін толығымен жоққа шығарды. Бұл уәжді қабылдамай, судья Нейтан Әбілязовтің БТА-ны алдау үшін өзінің жалған компанияларына жалған несие бергенін егжей-тегжейлі айтып берді (БТА-дан алынған «несиені» одан кейін БТА-дан ұрланған қаражат есебінен өтеу). Судья Нейтанның келесі анықтамасын атап өткен маңызды: «банктің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязов өзінің ықпалын өзі бақылайтын компанияларға жалған несие беру арқылы миллиондаған долларды ұрлау үшін пайдаланды.

Бұл қаражаттардың шығу тегіне үңілсек, олардың жасанды компаниялардың лабиринті арқылы Triadou-ға келгендігі көрінеді. Бұл дәлелдер кез келген білікті алқабидің Triadou ақшаның ұрланғандығын біле тұра, оларды жылыстатуға көмектескен деген қорытынды жасауына мүмкіндік береді» . Судья Нейтан сонымен қатар деректердің «Виктор Храпуновтың қала әкімі бола тұра, Алматыдан миллиондаған доллар жымқырғандығын» растайтындығын және АҚШ-қа салынған барлық ақшаның ізі БТА-ға дейін байқалатыны сөзсіз екендігін анықтады», — делінген министрлік сайтында. Мәлім етілгендей, АҚШ судьясы Э.Нейтанның Triadou-дың жеделдетілген шешім қабылдау туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі БТА-ның өзінің Triadou-ға қарсы талап-арыздарын және М. Әбілязов пен И. Храпуновтың құқықбұзушылықтарының дәлелдерін Нью-Йорк сот залындағы алқабилердің назарына ұсынуына мүмкіндік берді.

Енді өтінімхаттар қаралып болғандықтан іс сотқа жіберіледі. COVID-19 шектеулеріне байланысты соңғы сот отырысының нақты күні кейінірек белгілі болады. ҚР Үкіметінің консультанты – «Boies Schiller Flexner LLP»-дың серіктесі Мэттью Шварц: «Талапкерлер соттың ұсынылған дәлелдемелерге мұқият назар аударғандығын жоғары бағалайды. Аблязов, Храпуновтар және олардың сыбайластары сот процесіне адал қатысудан бірнеше рет бас тартып, көптеген сот қаулыларын бұзғандығына және дәлелдемелердің бір бөлігін қасақана жойғандығына қарамастан, олардың құқық бұзушылық жасауға қатыстылығын растайтын құжаттардың көлемі жеткілікті. Талапкерлер бұл дәлелдемелерді Нью-Йорк алқабилер сотына ұсынуды асыға күтуде», — екендігін мәлімдеп, қабылданған шешімді қорытындылады.

Нью-Йорктегі «Flatotel» сот талқылауына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі (Алматы қаласы әкімдігінің атынан) «БТА Банк» АҚ – мен бірлесіп, бес жыл бұрын Әбілязовтің, Храпуновтар отбасының және олардың қылмыстық сыбайластарының ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатқаны үшін айыптау бойынша бастамашылық жасаған болатын. Әбілязов жалған несие беру арқылы БТА-дан миллиардтаған доллар ұрлады, ол үшін ол Қазақстанда сотталып, Біріккен Корольдіктің соттары оны кінәлі деп таныды. АҚШ-тағы іс жүргізу барысында талапкерлер Әбілязовтің құқықбұзушылықтарын растайтын қосымша елеулі дәлелдер жинады, сондай-ақ көптеген куәлардың жауаптарын сотта қамтамасыз етті.