АЙТ КҮНДЕРІ

167
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
— Айт құтты болсын!
— Айтсын, жақсылығы бірге болсын!
— Жыл он екі айда бір келген жарықтық айт қой, бұл күнді көргенде арманда, көмеген де арманда.
                                      I
Сиыр сәске. Ауада дымқыл иіс бар. Таң құланиектене мешітке барып, Айт намазына қарысып, маңдайларын сәждеге қойып келгендер үй-үйлеріне тарап, енді көршілеріне қыдырыстай бастаған. Маусымның масалы күндері мазасыз. Шыжынаған ыстықта кейбіреулер көлеңке таппай күйгелектейді. Енді біреуі қою көлеңкеде өрістен қайтқан сиырдай күйіс қайырып жатыр.
Қала тұрғындарының қыбыр-жыбыры, ерсілі-қарсылы жүгіруі жыл он екі ай бойы толастаған ба? Биік-биік Қытай қорғандарына қара құлып салғандар пілдей-пілдей пырақтарына мініп, әлдеқайда жоғалған. Қалада әр-әр жерде, онда да «Кедейлер кенті» аталатын шағын ауданда шілдің тезегіндей шашырап шаршаңқы шал-шауқан, кемпір-сампыр қалған. Олар екеу-екеу, үш-төрт болып көлеңкелеп отыр.
—Жарықтық-ай, бұл күнге де жеткіздің-ау!
—Тоба де.
—Е, тобадан кім жаңылысар.
«Кедейлер кентінің» орта тұсындағы бір үйдің алдында үйме-жүйме адамдар топырлай қалды. Арасында кәрі-құртаң шалдар, белдері бүкірейген кемпірлер, бірең-сараң орта жастағылар, бала-шаға да бар.
Есік алдында сары самаурын екі иығынан демалып тұр. Үйге біреулер кіріп, біреулер шығып жатыр.
—Айт құтты болсын!
—Әумин! Айтқанын келсін!—дейді біріне-бірі.
Екі шал есік алдында ұшырасты.
—Замандас, сені шырамытқан сияқтымын.
—Зауытта жұмыс істеп пе едің?
—Иә.Е, ол да бір заман екен-ау. Бес мың адам бір үйдің баласындай, бір өзеннің сағасындай тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кештік десек, бүгінгінің балалары сенер ме екен? Сен қай цехта қызмет істеп едің?
—Балқыту цехында.
—Өзің ше?
—Токарьлық цехта.
—Дәуірлеген екенсің-ау.
—Шүкір! Дәуірледік. Омырау орденге толды. Құрметті едік.
—Сол сый-сияпаттан жұрнақ та қалмады.
—Әкімдіктегілерге барсам, есіктерінен сығалатпайды. «Әрі жүр!» деп кердеңдеген біреулер.
—Несін айтасың, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күндер еді ғой. Өтті де кетті.
—Қой деп қалдың, ауылда болсақ, мұндай күйге түсер ме едік? Айт намазынан келгелі кірерге үй таппай қиналдым ғой.
—Бүгінгінің адамдары шеттерінен қымтанып жүреді. Қыз-келіншектері бүркеніп алады. Үйлері де тас қамал. Адамдары да бұйығы. Әсіресе, зәулім үйлері барларының барлығы қыстың күні шық бермес Шығайбайлар. Япырай, солардың өзі үйлерінде Құран оқытар ма екен?
—Қайдағы? Оларда ата-ана бар ғой деймісің? Айтпақшы, мешітке барсаң, қауға сақалды, қысқа балақты, аяқтарын талтайтып тұратын тікбақай біреулер құмырсқадай өріп жүр.
—Оның рас. Ауыздықсыздар. Асыл дінімізді алатайдай бөліп болды емес пе, түге!
—Өзің былай діни сауатқа қалай едің?
—Біздікі бос әурешілік қой. Құранды да жөнді оқи алмаймын. Жас келген соң қиын екен.
—Ниет түзу болсын де. Менікі де сен шамалас.
Екі қабатты зәулім үйге мықымдары мен ашық-шашық кеуделері жарқ-жұрқ еткен, кірпіктері найзадай, тырнақтары қайшыдай, еріндері шиедей, қастары қара күйедей, шаштары ода-дода, үстеріне кигендері заманауи соңғы мода, назданған, сызданған, тәкаппарсынған қыз-келіншектер топырлап жинала бастады. Үстеріндегі неше түрлі қымбат киімдерінің өзі «мені көрдің бе?» деп бедірейіп тұрғандай. Киімінің өзі кіржиіп тұрған соң, иесіне дауа бар ма? Байларынан таяқ жеп келгендей көздері көгергендері де бар араларында. Бұлар Катя- Қарлығаштың үйіне айттап келген «подругалар».
Әлден соң қыздар қонақтаған қонысқа сал-серілер келе бастады. Шөп-шөп сүйіс көбейді. Күбір-сыбыр жиіледі.
Асхана жақта жұқа алжарқышпен жүрген қылықты келіншекті қонақтың бірі қапсыра құшақтады.
—Қойшы, жаным! Андағылардан ұят-ты.
—Олардың өз қызықтары өзінде. Бізді қайтсің?
Келіншек қолындағы шөмішін шылп еткізіп тастай салып, жігіттің мойынына асыла кетті. Жігіт оны тікесінен тік көтеріп алып, оңаша бөлмеге қарай сып етті. Артынша мауыққан мысықтың дауысы естілді.
—Әй, мына Катя, тамақ бере ме өзі?
—Қойсаңшы! Келгенін жаңа ғой.
—Немене ішіңді ит тырнап жатыр ма?
—Ораза кезінде қауыша алмай жүрген еді, шырықтарын бұзбайық.
—Шіркін, айт күндері керемет қой!
Бұл сөзге екі-үш жігіт кәдімгідей ырбаңдап, ыржалақтап қалды…
***
Қораштау үйдің көлеңкесінде Қалдыбек қою-күрең шай ішіп, терлеп-тепшіп отыр. Бір кезде оның қасына Жұман мен Айтбек келді.
—Айт құтты болсын!
—Айтсын! Үйге кіріңдер! Айт намазынан келгелі есік алдында отырмын. Япырай, бір адам айттап келсеші. Бүгінгінің адамдары айттауды да білмейді. Олардың әке-шешелері, бабалары өлмеген бе? Тірілерден Құран дәметпейді ме?
—Айтады екенсің. Қазіргінің балаларының әке-шешелері қызметке алған бастықтары мен қойындарындағы қатындары ғой. Соларға бағынады. Соларға табынады. Әке-шешені қайтсің?
—Соны айтамын-ау.
—Қой, бос сөзді қайтесің? Құран оқып жібер.
Жұман аттап-бұттап Құран оқыды. Бет сыйпасып,дастархандағы дәмге қол созылды.
—Тие берсін!
—Ниет қабыл болсын!
—Әруақтар бір аунап түскен шығар!
Үш замандас шай ішіп бірқыдыру уақыт отырды. Замана ауанының қалай қарай ауып бара жатқанын сөз етісті. Таңдайлар тақылдады. Үш шал бірін-бірі мақұлдады.Ет асымдай уақыт өткенде олар үйден шықты.
—Күнде келе бермейтін қадірменді құрдастар едіңдер. Қайда асығасыңдар? Қой сояйын, қуырдақ жеп кетіңдер,-деді Қалдыбек.
—Енді жетпіс күннен соң Құрбан айт. Қойыңды сол күнге сақта. Қуырдақты сол күні жейік.
—Әр күннің өз несібесі бар. Құрбан айтқа да бір қошқар табылар.
—Алла риза болсын! Ниетіңе рахмет!
Екеуі былай шыға күңкілдесті:
-Әй, жау қуғандай қайда асықтық? Бәрібір айттап кіретін үй де жоқ. Қалдыбек мал соймаса да ет астыртатын еді. Бекер болды,бекер…
ІІ
Ауыл. Сиырларын сауып, бұзауларын арқандап, сүт пісіріп, нан көміп болып қолдары босаған күйелеш-күйелеш келіншектер жуынып, аршыған жұмыртқадай жұтынып шыға келді. Әр үйдің ауласынан көлбеңдей ұшқан қою түтін көңілділік сыйлайды. Әдетте көп шығарыла бермейтін самаурындарға да «жан» бітіпті. Салқынбектің көкжөтел сиырындай селк-
селк етеді. Айтпен бірге бұл ауылға қуаныш та келіп жеткен. Адамдар көңілді, бір-бірлеріне аса ықыласты. Үлкендерге жастар қос қолдарын ала ұмтылады.
—Ақсақал, айт құтты болсын!
—Айтсын! Бірге болсын!
—Кем-кетігі сендермен толсын!
Ауылда қараборбай балалар асыр салып ойнап жүр. Қораларда қозы-лақ маңырайды. Алыстан жылқының кісінегені талып естіледі. Тоқшылықтың тепкісі тегеурінді тәрізді. Ауыл адамдары аяқтарын талтаң-талтаң басады.
Бірақ, көп ішінде жүрсе де адасып қалғандай Зүбәйраның жүзі сынық. Айдай әлем қуанып жатқан айт оған азап секілді. Бар айтқаны:
—Кешегі кеңес үкіметі көкем екен, әкем екен ғой. Жарылқайды деген бүгінгі үкімет қайда қарап отар?
Зүбәйраның үйіне екі еркек келді.
—Айт құтты болсын!
—Бұл айт құт болмай тұр ғой.
Екеуі тіксініп қалды.
—Әй,немене, заман тыныш, ел тоқтықта қара басыңа не күн туды? Әлде осы үйге ақырып ақырзаман келді ме?
—Бүйткенше, ақырзаманның келгені жақсы еді, ойбай!
—Ойбайлама. Зарлап қалған адамды Құдай да сүймейді. Зарлатып қояды. Қой! Тыйыл! Одан да бізге не болып қалды, соны айт.
—Ертең айт деген соң қалаға базаршылап бара қалмаймын ба. Үйге өздеріңіздей өнегелі, көшелі кісілер келетін болған соң, ұят болмасын дегенім де. Содан базарға барсам, азық-түліктің барлығы қымбаттап кетіпті. Удай! Заһар! Бұл базардағылар ма, базардағылар, оңбайды! Кеңес үкіметі кезінде әр бесжылдық сайын азық-түлік бағасы екі-үш тиынға болса да арзандап тұрушы еді. Бағаға ырық берген соң базаршылар мойындарына құрық салдырар ма? Ит екеш иттің өзі жемейтін іркіттің бағасын көріп үркіп кетесіз. Сөйтіп, анаған бір, мынаған бір қарағыштап, далбасалап жүргенде ышпаналар қалтамнан зейнетақымды зым-зия сыпырып кетіпті. Кездейсоқ кездескен бір қаймана қазаққа зарымды айтып жүріп, жолкіре сұрап алып, ауылға құр сүлдерім сүйретіліп зорға келдім! Уф!
-Әй,Зүбәйра-ай! Қалаға шапқыламай-ақ, осы ауылдағы дүкендерден кәмпит-сәмпит әкеліп дастарханыныңа төксең болмас па еді?
—Бүгінде ауылдағылардың да ауыздары аспанда. Оның үстіне қалада жеміс-жидектің түр-түрін табылады емессіз бе? Ауыл ақсақалдары мен әжелер көкөністен молырақ ауыз тисін деп ойламадым ба?
—Жазған-ай! Ойлапсың! Ойлапсың да сорлапсың.
—Қой,енді қалғанына береке берсін!
—Ендігі зейнетақыға дейін маймақ аюдай бармағымды сорып жатамын ба, қайтемін?
—Ел іші, аштан өлмессің.
—Бұдан да өле қалғаным жақсы еді.
—Тәйт әрі! Өліп кімді мұқатпақсың?
—Қазір үкіметті өліп қорқыту мүмкін емес.
—Иә деймін-ау. Бүгінгі үкіметке адам керек емес. Күні кеше бір адам сырқаттанса, сұрауы қатты болушы еді. Қазір аштан өлмек тұрмақ, омырам қатсаң да бірінің басы ауырмайды. Жығылсаң, басыңды сүйейтін адам таппайсың. Ауруханаға жатамын деп әуре болмай-ақ қой.
—Үйде емделіп те опа таппайсың. Дәрі-дәрмек көзден бұл-бұл ұшып тұр ғой.
—Осы үкіметтің не ойлағаны бар? Зейнетақыға екі-үш теңге қосылса, базар бағасы он-он бес есеге өсіп шыға келеді. Үкімет басындағылар осыны неге қадағаламайды? Адамды қыра ма, түге!
—Әлгі ышпаналардың «крышасы» дей ме,төбелерінен күн түсірмей қолшатырмен қорғап жүретін көкелері болады дейді ғой…
—Е, ұры-қарының заманы болып тұр емес пе?
—Бүгінде кімнің «көкесі», кімнің «жәкесі» бар,солардың дәуірі!
—Қоғам қоламтасы мен қойыртпағын сапыра бергеннен май шықпайды. Одан да айт дастарханынан дәм татып, әруақтарға Құран бағыштайық.
—Барымен базар! Сен Зүбәйра,ұялма. Заманың осындай болса, несіне ұяласың? Бұған сен кінәлі емессің. Баста, үйіңе…
ІІІ
Күн ұясына қонақтай бастағанда ауданға жалғайтын айдау жолмен шұбырып пілдей-пілдей, зілдей-зілдей автокөліктер ауылға ағылды.
Ауылдың орта шеніндегі ақ боз, еңселі үйдің маңайына адамдар топтанып жинала бастады. Таңертеңнен айттық жеп тойынған ауыл адамдарының жүздері жадыраңқы емес, қабарыңқы. Бір сұмдық жәйтті бір-біріне естіртуге қорқатындай елеңдеседі.
Негізінен бұл үйде бүгін бүкіл ауыл тұрғындарына арналып үлкен дастархан жайылмақ еді. Мұны біреу естіген, біреу естімеген. Жұрт өртке жиналғандай жиналып жатқан соң «бұл үйде не болып жатыр екен?» деп келе салған екі келіншек бірін-бірі құттықтап жатты.
—Айт құтты болсын!
—Жақсылығы бірге болсын!
Келістіріп салған көрікті үйдің жазғы асханасында от жылтылдайды. Осы жерде басы құралып қалған үш-төрт адам сыбырласып сөйлесіп тұр. Бірдеңені естіген-ау,шамасы, бастарын шайқасады.
—Есіл ер-ай,қор болған екен!
Жаманатты хабар бірден бірге жайылып, зәулім үйдің маңайындағы адамдарға түгел жетті.
—Бекмұхаметтің баласы ұсталыпты!
—Не дейді, ойбай!
—Ойбайлама! Үй артында кісі бар.
-Қашан ұсталыпты?
-Бүгін-ау,шамасы.
—Алда, бишара-ай!
—Бишарасы несі? Астананың аспанын жерге түсірмей тұрғандар мен деген мықтылардың бірі еді ғой.
—Сол мықтылығынан көріп отыр ғой көресіні.
—Өзі де бір, түйені түгімен, жылқыны жүгімен жұта беретін жебір деуші еді. Жегендері желкесінен шыққан екен дә…
—Енді онсыз да сорлап жатқан адамды табаламайық та.
—«Айтпаса сөздің атасы өледі». Мен табалағаным жоқ, сөздің сіралғысы да.
—Сонда да абайласаңшы. Айналаң толы аңдушылар.
— Бекең өзіміздің бір туған ағайын емес пе?
—Иә деймін-ау.
—Дүние деген осы,ағайын, бірде барсың, бірде жоқсың, бірде ашсың, бірде тоқсың,—деді ортада отырған бір қария.
—Қай жылы екені нақты есімде жоқ, ит өлген бір жыл еді. Басыма бір іс түсіп, ағайын ғой деп осы ағамның алдына бара қалмаймын ба. Сонда ғой осы кісі: «Бауырым, адал адам адаспайды.Адал бол! Қызметте өз еңбегіңмен өс! Біреуге қиянат жасама! Ол өз басыңа келеді. Мен ел ауызындағы адаммын. Мынауыңды біреу-міреу естісе мені «ағайыныңа көмектесіп жүр» деп оңдырмайды. Мені түсін! Кешір, көмектесе алмаймын,-деп өлердегі сөзін айтып, шетелдік қымбат араққа бөктіріп шығарып салған еді. Не болды енді? Командасымен бірге «қораға» кіріпті,-деп Тұңғыш тұлданды.
—Әй, әке-шешесі онсыз да тірідей өліп отыр. Құдай қарғағанды адам табаламас болар. Өшір үңінді!-деп Нұртай Тұңғышқа тап берді.
—Мен де алдына барғанмын. Қайыры болмады,-деді Зайыр.
—Кісікиік біреу еді ғой,-деді Төлеген.
—Шетелде оқып шоқынып келген дей ме, қалай өзі?-деп Шералы шегір көзін бағжаңдатты.
Ет желінді. Бас мүжілді. Қымыз сапырылды. Қарындары қампиған қарттардың бір тобы аула ішіндегі сәкіге жайғасып, карта ойнауға кірісті.
—Қорыққанның арты қуаныш болсын! Балаңыз осал емес еді ғой. Әлі-ақ ақталып шығар,-деп басу айтқан қариялар құтпан намазын сылтауратып үйден сытылып шықты.
Жұрттың барлығы жапатармағай жиналған үйге «мына топыр бекер емес-ау» деп көпшілікпен ілесіп айттап барғандар да тарап жатты. Жамағайынның жиналып, қасиетті күні істі болып құрықталған баланың отбасына көрсеткен құрметі мен айтқан басуы, жұбатуы осымен шектелді…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз