АЙТЫҢЫЗДАРШЫ, «АСТАНА» — ҚАЙ ЕЛДІҢ КОМАНДАСЫ?!

946
Тәуелсіз де егемен еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанның спорттық намысын қорғап жүрген «Астана» деп аталатын кәсіби футбол клубын жұрттың бәрі жақсы біледі. 2009 жылы құрылған бұл команда бес рет ел чемпионы атанып, үш рет Кубок пен төрт рет Суперкубокты жеңіп алған. Кәрі құрлықтағы байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсетіп жүр. Чемпиондар лигасының топтық бәсекесінде өнер көрсетумен қоса-қабат Еуропа лигасының 1/16 финалында ойнаған. Биыл да әне-міне дегенше Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алайын деп тұр. Тіл-көзіміз тасқа дегенімізбен, мына бір жағымсыз жағдаят еріксіз жағамызды ұстатады.
Клубтың жылдық бюджеті 32-35 миллион АҚШ долларын құрайды. Сол қыруар қаржы-қаражаттың басым бөлігі шетелдіктердің есепшотына түсіп отырғаны да жасырын емес. Өкінішке орай, «Астананың» аты солай болғанымен, заты басқа болып тұр. Былай дейтініміз, осы команданың президенті Пол Эшуорт (Ұлыбритания) пен бас бапкері Роман Григорчук (Украина) мырзалардан бастап, оған мүше 18 ойыншының тең жартысы — жатжұртттықтар.
Санамалап көретін болсақ, қорғаушылар — Антонио Рукавина (№2) – Сербия, Жарко Томашевич (№6) – Босния және Черногория, жартылай қорғаушылар — Дорин Ротариу (№9) – Румыния, Рунар Мар Сигурьонссон (№10) – Исландия, Марин Томасов (№14) пен Лука Шимунович (№24) – Хорватия, Иван Маевский (№18) – Беларусь, шабуылшылар — Фирмин Мубеле (№19) – Конго Демократиялық Республикасы, Рангело Янга (№32) – Кюрасао елдерінің азаматы. Тағы екеуіне, дәлірегі сербиялық қақпашы Ненад Эрич (№1) пен ресейлік қорғаушы Евгений Постниковқа (№44) – Қазақстан азаматтығы берілген. Бұған Түркияның Конья қаласындағы «Коньяспор» клубына таяуда ғана ауысқан Босния және Черногорияның өкілі Марин Аничичті қосыңыздар.
Қалған жетеуі ғана таза қазақстандық, соның ішінде екеуі ғана нағыз қазақ болып табылады. Олар – қақпашы Александр Мокин (№35), қорғаушылар — Юрий Логвиненко (№27), Дмитрий Шомко (№77), жартылай қорғаушылар – Серікжан Рүстемұлы Мұжықов (№7), Юрий Перцук (№28), шабуылшылар – Абзал Талғатұлы Бейсебеков (№15), Роман Муртазаев (№45). Кейде сол қос қандасымызды да жасыл алаңға шығармай қояды. Бірауық бізге елордалық клубтың ойыншылары: «Барлық елдердің легионерлері, бірігіңдер!» — деп ұрандайтындай сыңайлы көрінеді. Айналайын, ағайын, әділдігін айтыңыздаршы, сонда «Астана» — қай елдің командасы болғаны?!
Кезінде Қазақстан Футбол Федерациясы Шымкенттің «Ордабасы» кәсіби футбол клубына көрсетілген лимиттен артық легинерлер алып қойғаны үшін қомақты көлемде қаржылай айыппұл салумен қоса-қабат Еурокубок бәсекелерінен шеттеткені естеріңізде шығар. Дәл сондай тәртіптік жазалау шаралары «Астанаға» келгенде неліктен жүзеге аспай қалатыны түсініксіз. Сіздер бұған не дейсіздер, жанкүйер қауым?!
Әбдісаттар ӘЛІП,
Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.
Шымкент қаласы.