Әйтеновтің «А» сценарийі

1090

«Сары аймақа» енген Шымкентте сауық-сайран тыйылмай тұр

«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген сөз рас екен, байқасаңыздар, бір кездері Әзірейілдей көрінген коронавируспен де тіл табысып, өмір сүруді үйрене бастаған сияқтымыз. Осыдан бір жыл бұрын Шымкентте ең алғашқы ковид тіркелген кез еске түседі. Науқас Наурыз мерекесінің алдында елордадан оралған екен.   Жайсыз жаңалықты естіген кезде шымкенттіктер елдің шетін жау шауып кеткендей үрейге берілген еді. Науқас тұратын Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы шағынаудан 14 күнге карантинге жабылып, әкімдіктегілер у-шу болған-ды. Өткен аптаның жұмасында мегаполисте бір тәулікте тіркелген науқастардың саны 100-ге жуықтады. Алайда дерт күшейді деп, қорқып жатқан ешкім жоқ сияқты. Керісінше, бүгінде «сары аймаққа» өткен Шымкентте сауық-сайран тыйылар емес, қайта көбейіп бара жатқан сыңайлы.

Шымкентте эпидемиологиялық жағдайдың күрделене бастағанын шаһар басшылары да мойындап отыр. «Қазір «А» сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. «B» және «С» сценарийлері бойынша 5000 төсек-орын дайындалады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 117 мобильді топ жұмыс істеуде. Өткен жылы коронавирусқа қолданылатын дәрілерге деп 180 миллион теңге бөлінді. 15 мың адамға жеткілікті дәрі бар. Биыл тағы 659 миллион теңге көлеміндегі тұрақтандыру қорына қаржы бөлінбек. Осы жұмыстардың нәтижесінде дәріханалардағы дәрі бағасы 15-30 пайызға төмендеді. 21  компьютерлік томография, 32 рентген аппараты, 615 өкпені жасанды желдету аппараты бар.  615 реанимациялық орынға өкпені желдету аппараттары жеткілікті. Өздеріңізге белгілі, былтыр оттегі газын толтыру станциясын іске қостық. Ол арқылы Шымкентті ғана қамтып қоймай, Түркістан облысына да көмектесе аламыз», –  деді қала әкімі Мұрат Әйтенов  жергілікті телеарнаға берген сұхбатында.

Әкімнің айтуынша, карантин кезінде медицина кадрларына деген тапшылық болмауы тиіс. Қаладағы медициналық колледждердің студенттері де резервке алынған. «Соңғы екі тәулікте шаһарда індет жұқтырған 147 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш күн сайын артып отыр. Сондықтан Шымкент қаласы коронавирустың таралуы бойынша «сары аймаққа» енді. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – коронавирусқа қарсы вакцина қабылдау. Сондықтан сала мамандары халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек», – деді әкім.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позиловтың хабарлауынша, бүгінде Шымкент қаласында жалпы коронавирусқа қарсы екпенің 1-ші компоненті 7400 адамға, ал екінші компоненті 3385 адамға егілген. Вакцинациялау шаралары  26 емдеу мекемесінде жүргізіліп жатыр. Олар демалыс күндері де жұмыс істейді. Жалпы, қалада жыл басынан бері COVID-19 дертімен науқастанудың 1440 жағдайы тіркелген. Алдын ала дайындалған 1380 төсек-орынның 1067-сі бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 313 науқас ем қабылдауда. Ауруханадағы төсек-орындар толымдылығы 22 пайызды құрайды.

Алайда эпидемиологиялық ахуалдың күрделенгенін қарапайым жұртшылық әлі сезінбеген сияқты. Мегаполисте той-томалақ, сауық-сайран тоқтамай тұр. Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері карантин режимін бұзған тойхана, мейрамхана иелерін күн сайын дерлік анықтап жатыр. Мәселен, тәртіп сақшылары қаладағы «Хасан ата» тойханасы әкімшілігінің 70 адамға мерекелік іс-шара ұйымдастырғанын анықтады. Осы факті бойынша хабарламаны жергілікті тұрғын Шымкент қалалық полиция департаментінің Whatsapp желісіндегі «Жедел әрекет ету» чатына жіберген. Әкімшілік іс-құжаттар жинақталып, Абай ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

Тәртіп сақшылары Төреқұлов көшесіндегі «Арбуз» кафесінде өтіп жатқан бесіктойдың да «шырқын бұзды».  Музыканың қатты шуы мен машиналар санының көбейгенін байқаған тұрғындардың бірі «102» нөмірі арқылы полицейлерге хабар берген екен. Қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовтің айтуынша, соңғы уақытта жеке өзіне шығып, той өткізуге рұқсат сұраған азаматтардың қатары көбейген. Олардың ішінде шенеуніктер де бар көрінеді. «Мен олардан «туған-туыстарыңның, жақындарыңның өмірінің түк құны жоқ па» деп сұрадым. Індеттің ушыққан шағында бұлай жасау деген нағыз қастандық қой. Жаназаға барып, бір аптадан кейін өзінің жаназасы шығарылған қаншама адам туралы естідік», – деді мегаполистің бас полицейі ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Ал полицияға хабарланбай, тексерушілердің назарына түспеген той-томалақтар қаншама?! Кейінгі кездері Шымкент пен Түркістан облысында  тығылып той жасау, құда күту «сәнге» айналып келеді. Шымкенттіктер тойды көбіне қалада емес, ауылдағы тойханаларда өткізеді. Себебі ауылда өткен той сырт көзге байқала бермейді (соңғы жиырма шақты күнде 200-300 адамдық  осындай 2-3 тойға өзіміз де куә болған соң айтып отырмыз). Тойға тыйым салынғанына бір жылдан асып кетті. Қатаң карантин кезіндегі жағдай осындай. Ертең ахуал оңалып, шектеулер жұмсаратын болса,  оңтүстікте тойдың тығыны ағытылады дей беріңіз.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ