«Ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды»: Тоқаев Жамбылдағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

837
Қордайдағы қақтығыс соңы үйлерге оқ атып, от қоюға ұласқан.
Күні кеше Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Масаншы ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген еді. Дәл осы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жағаұстатарлық оқиғаның салдарынан қаза тапқан адамдардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып қана қоймай, қоғамдық тәртіп бұзғандардың қатаң жазаға тартылатынын ескертті.
«Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін!
Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды. Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым. Оған Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді.
Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды. Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады.
Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді», — делінген Тоқаевтың ресми мәлімдемесінде.
Ескее сала кетсек, кеше «Қордай ауданында тұратын дүңген ұлтының өкілдері 80 жастағы қазақ қария мен оның екі баласын арматура және балғамен ұрып жаралаған» дегендей қауесет желдей есті. Сол үшін жергілікті қазақтар әр аудан, ауылдан жиналып, кек алуға шыққан. Бұл қақтығыстың соңы бүгін түнде ауыл үйлеріне оқ атып, от қоюға ұласты.