АҚШ-тағы қазақ полицейі жұмысындағы ерекшеліктермен бөлісті

1206
Жерлесіміз Нью-Йорктың үздік полицейі.
АҚШ-тың 25 штатында марихуана саудасы заңдастырылған. Ал Колорадо, Невада, Аляска, Калифорния секілді оннан астам аймақта бұл есірткіні емдік мақсатта қолдануға рұқсат берілген. Салдарынан улы затпен күресу жергілікті тәртіп сақшыларына оңайға түспей жатыр. Бруклин – Нью-Йорк қаласының қауіпті аймақтарының бірі. Мұнда қылмыстық оқиғалар жиі болады. Біздің отандасымыз, белгілі боксшы әрі полиция қызметкері Димаш Ниязов алып шаһардың дәл осы ауданында жұмыс істейді, деп жазады 24.kz.
Екі жыл бұрын ол есірткі бизнесінің басшысын ұстаған. Бұл ерлігі үшін жерлесіміз Нью-Йорктың үздік полицейі атанды.
Димаш Ниязов, Нью-Йорк полицейі: Біз қазір өз ауданымыздағы қылмысты 90 пайызға дейін қысқарттық. Менің учаскем бұл көрсеткіш бойынша бәрінің алдында. Өткен аптада әріптесіммен бірге тапаншалары бар екі адамды ұстадық. Мұндай оқиғалар жиі болып тұрады.
Заңдастырылған есірткі саудасы полицейлердің жұмысын қиындатты. Енді марихуана шеккені үшін мұндағы азаматтар жауапкершілікке тартылмайды. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Калифорнияда кендір шөпті емдік мақсатта қолданып, ләззат алуды заңдастыру туралы заң шықты. Тіпті ел астанасы Вашингтонның өзінде жасы 21-ден асқан адамдар салмағы 28 грамға дейін нашаны өзімен бірге алып жүруге және шағын көлемде каннабисті үйде өсіруге рұқсат етілген.
Димаш Ниязов, Нью-Йорк полицейі: Көкейімізді мазалап жүрген басты проблема марихуана емес. Бізді алаңдатып жүрген – К-2 химиялық заты. Нью-Йоркте оны қолдану көрсеткіші былтыр 80 процентке артты. Оның қауіпі жоғары. Бұл есірткіден адам бақилық болады. Сондықтан біз арнайы медициналық сыныптарда осы нашадан адамдарды аман алып қалу сабақтарын өткізіп жүрміз.
Бүгінде марихуана шегу Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Лас Вегас қалаларында да рұқсат етілген.
«Бұл заңдастыру есірткінің басқа түрлерінің пайда болуына әкелді», – дейді жергілікті полицейлер.