АҚЫНДАР НЕГЕ ҚАЙЫҢҒА СЫР АЙТАДЫ?

2035
Ол кезде де дәл осындай күз болатын. Ол кезде де Алматы дәл осылай сары жапыраққа көміліп жатқан. Ол мені КазГУ маңындағы баққа алып барды. Аз жүрістен соң бақтың ортасындағы арқалы орындыққа жайғастық.
– Анау қайыңның көзін көріп тұрсыз ба? – деді ол сәл үнсіздіктен соң. Бақ ішіндегі жалғыз ақ қайыңға көзім бірден түсті. Ұзына өскен қайыңның белортасындағы көзі де бірден назар аударатындай екен.
– Иә, адамның көзіне ұқсайды екен, – дедім.
– Рас, – деді ол жымиып. – Ол – менің апам.
– Қалайша?
– Сол. Осылай жиі келіп, онымен сөйлесіп тұрамын, – деді күлімсіреп.
– Қызық екен, – деймін мен де.
«Апам» дегені әжесі еді. Өмірден өткен апасына деген сағынышын мен айтып жеткізе алмаспын. Мен оның осындай алабөтен сағынышын, ерек қиялын қоса ұнатқан шығармын. Бірақ бүгінгі әңгіме ол туралы емес…

Адам мен қайыңның ағзасы ұқсас

Иә, бүгінгі әңгімеміз – ақ қайың туралы. Кәдімгі қайың. Сұлу қайың! Ару қайың! Қайың туралы тек жақсы сөз айтуға болады. Оған біздің осы шағын дүниемізді бастан-аяқ оқып шыққан соң куә боларсыз. Алдымен қайың туралы әуелгі әңгімені білу үшін дендрологқа жолығуды жөн көрдік. Алматыда Құдай бере салған Ботаникалық бақ бар. Ол үлкен бақтың ішінде ағаштың небір, гүлдің алуан түрі бар. Сонымен бірге оның ішінде Ботаника және фитоинтродукция институты бар. Міне, сонда арнайы қызметкерлер өсімдіктерді, ағаштарды, гүлдерді зерттейді. Біз осы жерде 30 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан дендролог Светлана Вячеславқызымен бақ ішінде, қайың түбінде әңгімелестік.

– Қазақ халқының ақылдылығы, даналығы өте мықты болған. Мысалы, бесікті аршаның бұтағынан жасаған. Ал аршаның баланың денсаулығына айтарлықтай пайдасы бар. Ғылымда аршаның фитонцидын 1872 жылы француздар тапқан. Ал қазақтар одан бұрын да аршаны пайдаланып келген, – деп көңілді бастады Света апай әңгімесін. – Қайыңның көне латынша атауы – betula. Мұның мағынасы – ұру. Ерте заманда ұстаз шәкіртке ілім үйретерде қайыңның бұтағын пайдаланған, демек, тәртіп бұзса, сол бұтақпен ұрып отырған ғой. Қайыңның ақ қабығы «битулин» деп аталады. Қайың шыбық кезінде қоңырқай түсті болады. Өсе келе ақ түске өзгереді. Беткі қабығы «береста» деп аталады. Оны Х ғасырда қағаз орнына, яғни хат жазуға қолданған. Бүршіктері денсаулыққа пайдалы, қазіргі медицинада қолданылады. Қайың шырынының да пайдасы көп. Бір қызығы, бұл шырын адамның ағзасы сияқты. Адамның қансыз өмір сүрмейтіні секілді қайыңның шырыны таусылса, ол да құлайды. Оны ішкіңіз келсе де аз-аздан алған дұрыс. Қайыңның тағы бір ерекшелігі – отын ретінде пайдаланған кезде, ағаш жанып болған соң шоғы да үйді жылытып тұрады. Яғни қайың жылуын өзімен бірге әкететін ағаштардың қатарынан емес. Бізде өсетін қайыңдардың бойы аласа. Бұрынғы ғалымдардың айтуы бойынша, адам туған жерінің ағашымен емделуі керек. Себебі ағаш өзі өскен жердің суымен өсті, желімен тербелді. Сіз малшынған жаңбырға ағаш та шомылды. Демек, ағаш пен адам екеуінің ағзасы ұқсас. Мұны халық емшілері дәлелдеген. Сосын адам ауырса ағашты құшақтау арқылы ауруын соған өткізеді деген ырым бар. Белгілі бір дәрежеде оның да шындығы бар. Ағаштар тірі, олардың да балалық шағы, ересек кезі бар. Біздің ағаштар сондай әдемі, оны шығармашылық адамдары байқайды. Қазақстанда орман аз болғанымен ағаштары сұлу. Тағы бір қызық жайт, орманда өсетін ағаштар 150 жылға дейін өмір сүрсе, қолдан өсірген ағаштар 50 жылға жуық жасайды. Қайың суды өте қатты жақсы көреді, егер ол қурай бастаса оған су жетпейді деген сөз. Біздің қайыңдардың биіктігі 17 метрден аспайды. Қайың әсіресе Ресейде көп өседі. Сосын шығыс елдерінде көңінен таралған. Ал біздің Ботаникалық бақта 40-тан астам түрі бар.

Міне, дендрологтың айтқаны осы. Қайың шырыны туралы әңгімені толықтыра кетелік. Көктемде, әсіресе мамыр айында қайыңның қабығын тілсе, шырын ағады. Дұрысы, тамады. Иә, оны тамшылатып қана жинайды. Қазақ мұны «қайың сауу» деп атайды. Әсіресе Орталық Қазақстанда және Алматы облыстарында қайың сауады. Қазіргі ғылым қайыңның шырынын жан-жақты зерттеп, оның құрамын толық ашты. Құрамында қант, фруктоза, сахароза, малтоза, жапырақ және глютамин қышқылы, бірнеше химиялық элемент барын анықтады. Емшілікте шырынды қан аздыққа, сулы ісікке, туберкулез, қышыма, буын мен қуық қабынуына, бүйректегі тасты кетіруге, көз ауруларын емдеуге пайдаланады екен. Суықты шығарып, өкпені тазалауға, қақырықты түсіріп, жөтелді басуға да пайдасы зор. Ашаршылық заманында қайың сауып ішіп, жұттан аман қалған да кезіміз болған деседі.

Дендрологтың «береста» дегені – біздің «қайыңтоз». Қайыңтозды тұрмыс заттарында қолданады.

Ақын қайыңдар, күйші қайыңдар, биші қайыңдар…

Қайыңды жырға қоспаған ақын бар ма екен?! Иә, дәл қайыңды. Еменге немесе қарағайға жыр арнаған жан бар ма?! Жоқ, бәрі қайыңды жырлайды, бәрі қайыңға құмар. Орыстың бүкіл ақыны. Пушкин, Фет, Крылов… Қазақтың бүкіл ақыны. Абай, Бернияз, Мағжан, Жұмекен, Мұқағали… «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын…» өлеңін Абай Крыловтан аударғанын білесіз. Өлеңнің төртінші жолын «Байғұстың кім тыңдайды жылағанын» деп Абай өзінше жырлап жіберуші еді ғой. Орыс поэзиясына қайың қандай әр берсе, қазақ жырына да айнымастай сән береді. Қайың жайлы жазылған өлеңнің бәрі өзіндей сұлу, өзіндей әсем. Әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлының Темірхан Медетбектің қаламгерлігі туралы жазған «Ақындық тағдыр – ақ қайың» атты мақаласы бар-ды. Осы мақалада әлем және қазақ ақындарының жырларындағы қайыңдарға назар аударады, салыстырады. «Фет пен Мағжанның поэзия­сында қайың қайғыны, мұңды сездіреді. Мұқағалида Өмір мен Өлімнің ортасындағы аллегория, Роберт Фрост үшін қызғалдақтай құлпырған дүние, Темірханда жаңа өмірмен тамырласып жат­қан тіршілік», – дейді Кеңшілікұлы. Осы қатарды біз де толықтырып көрсек. Бернияз Күлеевтің «Қайда екен?» деген ұзын-сонар өлеңі бар. Жасында сүйген сұлуды жылдар өткен соң шарқ ұрып іздеп жазған жыры. Балғын жүректер махаббатының куәсі – ақ қайың. Мұнда да ақын қайыңмен тілдеседі, қайыңнан хабар сұрайды. Қасіретті өлең.

«Айтшы қайың,
Менің жаным,
Айтшы, айтшы, қайда екен?», – деп сүлесоқ аяқталады ақын жыры. Жұмекеннің «Көңіл үшін, ақ қайың, бір тіл қатшы…» дегеніндей шерлі жыр. Айтпақшы, Жұмекен «Күй кітабында» Құрманғазының «Қызыл қайыңын» қоса жырлайды. Ал «Қызыл қайың» күйінің шығу тарихы қалай еді?!

Бұл туралы А.Жұбановтың еңбегінде мынадай мәлімет берілген: «Халық аузындағы аңыз бойынша Құрманғазы қуғыншылардан қашып келе жатқан сапарында ен далада жалғыз өскен қызыл қайыңның бұтағын жамылып отырып қуғыншылардан аман қалыпты дейді. Кейін: «Менің елім де, жерім де, бұтам да, ағашым да пана екен. Анадай қойнын ашып, жапырағын жауып паналатқан қызыл қайыңға арнап едім», – деп орындаса керек.

«Қызыл қайың» күйі екі вариантта. Екеуі де лирикаға бөленген шығарма. Сонымен бірге Құрманғазының «Қызыл қайың – серпер» деген де күйі бар. Оның да аңызы қызық:

Құрманғазы Сыр бойындағы күйші, жыршыларды тыңдап көп әсер алады. Бір кездегі Сырым батырдың жүрген жерлерін аралайды. Сырым туралы халық аузындағы әңгімелерді тыңдайды. Сол аңыздың бірінде, Сырым қасында бес жігіті бар Хиуа ханына барыпты. Хан үлкен тойда отыр екен, жігіттерімен үстеріне келген Сырымды хан салқын қабылдайды.

Той қыза келе, ат шабыс, палуан күрес, алтын табақ ату, аударыспақ, көкпар сияқты ойын түрлері басталады. Бұған Сырым бастаған жігіттер де қатысып, барлық бәйгені жеңіп алады. Алғашында менменсіп, жөнді амандаспаған хан Сырымдардың күшін көріп, бір жағынан сескенсе де іштей разы болыпты. Сонда хан:

– Е! Сырым, сенің мынау жаныңа ергендер өзің сияқты өңшең батыр, шетінен қызыл қайың бір серпер, қабырғасы қайысып қанша майысса да сынбайтын серпінді, күшті жігіттер екен, – депті.

Осы аңызды естіген Құрманғазы «Шіркін жігіттің бәрі солардай серпінді мықты болса» деп, «Қызыл қайың – серпер» күйін тартыпты. Бұл күйде атына сай екпінділік, серпінділік, жігерлі қуаттылық бар. Мазмұнына сай музыкалық үнінде оқиғаның желісін әңгімелеп айтып берушіліктің элементі айқын сезіледі, – дейді Қаршыға Ахмедияровтың «Құрманғазы» кітабында. Біз бұл жерден қызыл қайыңның майысса да шарт сынып кетпейтін қайсарлығын байқап отырмыз.

Осы Қаршыға Ахмедияровтың да «Ақ қайың» деген күйі бар. Жас күйші әскерде жүргенде қалың орман ішінен кезіктірген бір шоқ қайыңның туған жерге сағынышын үдеткенде шығарған күйі екен.

Ақындар мен күйшілердің көңіл сазына әсер етіп, сол арқылы өлмес мұраға айналған қайың атаулы тегін ағаш емес екенін байқап отырсыз. «Ақ қайың» деген халық әні де, Шашубайдың, Ілия Жақановтың әндері бар. Ендігі бір қызық, Бурабайда атақты биші қайыңдар орманы бар. Кәдімгі қайыңдар. Жел соқса бірдей билей жөнелетін көрінеді. Бұл көрініс те талайды тамсандырып жүр. Сұлулыққа қашан да көрсеқызарлар дұшпан келген. Осы тамаша орманды да түп-тамырымен жойып, орнына ғимараттар тұрғызамыз дегендер де болыпты. Осыған орай ақын Серік Тұрғынбектің «Тимеңдер, «Биші қайыңға!» деген өлеңі еліміздің бас газетінде жарық көрді кезінде. Сұлулықты құтқару үшін қандай ерлікке барса да болады. Құдайға шүкір, биші қайыңдар сәт сайын биін билеп, табиғаттың әні мен сәнін келтіріп жайқалып тұр бүгінде. Аңыз бойынша, биші қайыңдар бір кездегі биші қыздар екен деседі. Сұлулардың биін жасырын тамашалауға келген ханды танып қойған олар билеген күйі қайыңдарға айналып кетіпті. «Биші қайың» атты Кенжебек Күмісбековтың күйі де бар. Ал ару мүсін – ақ қайыңдар бейнеленген картиналар қаншама! Поэзияда жырланатын, қылқаламда әсемделетін ақ қайыңдар – мәңгі тақырып. Бүгінгі қазақ поэзиясында да ақ қайыңдар жайқалады.

«Алыстан аңсап келгенде,

Сағыныш әнін бастағын.

Жете алмай жүрмін сендерге,

Қайыңдар – қарындастарым», – деп жырлайды Есенғали Раушанов. Әркімнің өз қайыңы бар. Демек, қайыңға айтар әркімнің өз мұңы, өз сыры да бар…

Биылғы жаздың жауынды күні еді, сол баққа барғым келді. Сол қайыңды көргім келді. Бардым. Көрдім. Бақ та, қайың да сол күйі, арада жылдар өтсе де ештеңе өзгермепті. Өзгергені – біз ғана. Қазір оның «немересі» менің жанымда жоқ. Оған не деп айтарымды да білмедім. Бірақ біз бір-бірімізді түсінгендейміз…

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы