ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕБІ ӨТТІ

1186
Ауданда әлеуметтік көмек алған 2249 отбасы өз кәсібін ашқан
Бұл туралы аудан әкімі Ғ.Мәуленқұлов халық алдындағы қорытынды есебінде айтып өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік көмек алған 760 отбасы тігін цехын ашса, 550-і кондитерлік өнім шығаруда, ал 743 отбасы мал шаруашылығымен айналысып, 128-і сұлулық салоны, 68 отбасы ағаш өңдейтін цех пен егін шаруашылығымен айналысуда.
Жастар ресурстық орталығында өткен есептік жиынға қала әкімі Е.Айтаханов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Б.Батаев, Шымкент қалалық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары және аудан тұрғындары қатысты.
2019 жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндаған аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов үй басқарушыларымен өтетін ай сайынғы жиын жəне аптаның əр күні таңғы сағат 9:00-10:00 аралығында тұрғындарды қабылдау жүйеге қойылғанын айтты. Өткен жылғы жоспар аясында аудан аумағындағы бірқатар жұмыс толық орындалса, үйлердің ауласына ойын алаңшалары мен спорттық сауықтыру элементтерін орнату жоспары орындалған.
Қазір Әл-Фараби ауданында 218 865 тұрғын, 14 елдімекен бар. Қала орталығында орналасқандықтан, мұнда халыққа күнделікті қажет инфрақұрылым мәселесі шешілген деуге болады. Дегенмен, кездесуге келген тұрғындар аудан әкіміне қала ішіндегі көлік қозғалысы, ретсіз сауда, ойын алаңшаларының жоғы, автотұрақтардың талаптарға сай емес екенін айтып өтті.
Айта кетейік, биыл қаладағы әр ауданға 1 миллиард теңгеден бөлінген болатын. Өзекті мәселелер енді кезең-кезеңімен өз деңгейінде атқарылады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі