Алматыда 1 млн теңгенің шұлықтары өртелді

1608
Алматы қалалық Әділет департаментінің қызметкерлері заңсыз айналымда жүрген контрафактілік өнімдерді жоюға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін арнайы жабдықталған пеште «LIMAX» маркалі шұлықтардың 448 орамы өртелді. «Контрафакт заттар арнайы пеште өртелді.
Бұл пеш атмосфераға зиянды зат бөлмейді. Осылайша қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Бұл шара арнайы комиссияның қатысуымен жүзеге асты. Сот шешімімен тәркіленген шұлықтар өртеуден басқа мақсатта пайдалануға жарамсыз саналған. Контрафакт дерегінің жолы кесілгелі бері қоғамдық пікір назардан тыс қалған жоқ. Мұқтаж адамдарға тарату туралы да пікір болды. Алайда қайда қалай шығарылғаны белгісіз затты адамдардың денсаулығына нұқсан келтірмес үшін сот бұл заттарды өртеп жіберу туралы шешім шықты», — деді Әділет  департаментінің ресми өкілі Әсемгүл Бақтыгереева.
Қазақстан нарығында «LIMAX» брендінің шұлықтары кең тараған. Сондықтан аталған брендтің шұлықтары қолдан жасалады. Бұл тауар белгісінің Қазақстан бойынша құқықтық иесі «Тайбағарова» ЖК болып табылады.
Жеке кәсіпкерлік Қазақстан нарығындағы қолдан жасалған «LIMAX»  өнімдерін тексеруді өтінген болатын.
«Тексеру барысында «LIMAX» тауар белгісінің қолдан жасалған өнімдерінің заңсыз айналымы бар екендігі анықталды. Заңсыз айналымнан сомасы 1 031 550 теңге болатын 448 орам шұлық тәркіленді. Айыпты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Сонымен қатар, сапасыз синтетикалық мата түрлі тері ауруларына әкелетінін айтқымыз келеді. Тауар сатып алар кезде өндірушінің сипаттамасына міндетті түрде назар аудару керек», — деді қалалық Әділет Департаментінің зияткерлік меншік бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Ардақ Айдархан.
Гүлмира Ғосманәли