Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілі Ордабасы жұртшылығымен кездесті

1246
Бүгін Түркістан облысы Ордабасы ауданының мәдениет үйінде ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың Түркістан облысы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов пен үміткердің сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесті. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Білім, спорт салаларының өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала өкілдері бас қосқан алқалы кездесуге 250 сайлаушы қатысты. Насихат шарасында үміткердің Түркістан облыстық және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының жетекшісі, сенімді өкілі Берік Бекжанов алдағы сайлаудың саяси маңыздылығына тоқталып, көпшілікке кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
Қатысушылар кандидат тұғырнамасының бүгінгідей нарықтық экономика дамыған дәуірде өзекті екенін екшеп, еңбек адамдарының құқы мен мүддесін қорғау тұрғысындағы мәселелерге орай ойларын ортаға салды. Штаб өкілдеріне көпшілік тарапынан түрлі сауалдар да жолданды. Аудандық мәслихат депутаты Замира Маханова облыс атауының өзгеруіне орай мұғалімдерді тестілеуден өткізуге қатысты сауал жолдады. Сұраққа салалық кәсіподақ басшысы Бақыт Еркінбек еңбек қатынастарын реттейтін заңнамаларға сүйене отырып жауап берді.
Басқосуға арнайы келген азаматтар Қазақстан кәсіподағының қызметін жандандыру жолындағы тың мүмкіндіктермен танысып, қолдау білдірді. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен ұжымдық шарттың әлеуметтік маңыздылығына ерекше ден қойды. Кәсіподақтардың ұстанып отырған көзқарастары мен нақты қадамдары сайлаушылар тарапынан қолдау табуына ниет білдірді.