Америкалық дипломы бар түлек еліміздегі жұмыс берушілердің талаптарына наразы: Қазақстандық жастар жаппай мамандықтарын ауыстыруға мәжбүр

724

Шетелде оқыған студент Қазақстанға келе сала жалақысы мол жұмыс тауып алады деген түсінік қалыптасқан. Бірқатар «Болашақ» түлегімен сөйлескеннен кейін бұл түсініктің мүлде теріс екенін аңғардық. Мейлі сыртта, мейлі өзімізде оқыған студенттің болсын айтары – Қазақстанда жұмыс табудың қиямет-қайым екені. Бұған дейінгі тағы бір түйткіл – жұмыс берушілердің жауапсыздығы. Осы орайда Stan.kz тілшісімен сұхбаттасқан жастар отандық жұмыс берушілердің қателіктерін атады. 

Айжамал Әлдибекова(сұхбат берушінің өтінішімен аты-жөні өзгертіліп алынды)әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің бакалавр және магистр деңгейлерін қызыл дипломмен тәмамдаған. Одан соң білімін АҚШ-та жалғастырды. Былай айтқанда, медианың қоғаммен байланыс саласында жұмыс істеп кетуге даяр тұрған маман. Алайда Қазақстанға келгелі ешбір жұмыс орны білікті маманға жылы шырай танытпапты. 

«Мен оқуға БАҚ қызметкері ретінде кеттім. Алайда мен істеген жұмыс орны қазір жабылып қалған. Көп жағдайда «Болашақ» түлектері оқуға кеткенге дейін істеген жұмыс орындарына қайтып келеді. «Болашақ» менің жағдайымдағы студенттерді жұмысқа орналастыруға міндетті емес. Дегенмен вакансиялар жіберіп, әлеуметтік желі арқылы хабарландыру айтып көмектесіп тұрады», — дейді ол. 

Айжамал жұмыс берушілерге түйіндеме жіберіп, көрсетілген контактілерге белсенді түрде хабарласқан. Соның барысында көрген-түйгенін ол былай жеткізеді. 

«Қазақстанға мамыр айында келдім. Соңғы бір ай көлемінде белсенді түрде жұмыс іздедім. Сонда түсінгендерім мынау: 

Мен хат жазған компаниялардың ешқайсысы «иә» немесе «жоқ» деген жауап жазып, хатқа жауап бермеді. Бастапқы 4-5 хаттан кейін, хаттың соңына «қандай жауап болса да, бір хабарын беруіңізді өтінемін» деп қосатын болдым. Нәтиже жоқ. Email мәдениеті қалыптаспаған. 

Бірнеше компания әлеуметтік желіде белсенді немесе белсенді емес екенімді білгісі келді. «Өзім үшін ғана жүргіземін» деген жауап оларға ұнамады. Демек, оларға маманнан бөлек, блогер керек. Екі оқпен бір қоян.

Бір үлкен ұйыммен әңгімеміз жарасып, HR маманмен жалақы мәселесі, жұмысқа күнделікті жету мәселесі, тіпті сол компанияға қандай үлес қоса алатыныма дейін тәптіштеп сөйлесіп болған үш күннен кейін қоңырау шалғанымда: «Сіз мүлдем есіме түспей тұрсыз, түйіндемеңіз есімде жоқ» деген жауап алдым. Дейін де, кейін де сөйлескенім бір адам.

Hh.kz сайтына бір компаниялар күн сайын бір бос орынды жарнамалайды, резюме жібересің, оны қарамайды. Жеке хат жазасың, оқымайды. Сонда олар тек қана ауаға жазып, көзбояушылық жасап, кейін өз адамдарын жұмысқа алады деген ойға келдім.

Барлық жерде «Бесаспап» іздейтін сияқты. 

«Тағы бір ірі ұйымнан хабарласып, резюмеңізді көрдім, сізге тапсырма жібереміз, соны дұрыс орындасаңыз, біздің адамсыз деді. Енді резюмені қарағасын, не мамандық оқыған, қандай жұмыстар жасаған деген сыңайлы нәрселерді көрді ғой деп ойладым. Ұсынған позиция басқа болатын, тапсырма орындап, жіберген соң, жауап жоқ. Бірнеше күннен кейін хабарлассам, тапсырма дұрыс орындалмаған, бізге сарапшы (аналитик) керек дейді. Резюмемде «аналитика» деген сөз жоқ еді ғой деп, қалып кеттім» дейді жас түлек. 

Оның АҚШ-та алған дипломыммен шетелде де, Қазақстанда да жұмыс істей алады. Әрі ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген. Бакалавр бітіргелі бері де әркез жұмыс өтілі жүріп отырған. 

«Бізге ешқандай айрықша артықшылық берілмеген. Әркім өзі жұмыс тауып, орналасуы керек. Әрине, жұмысында жақсы көрсеткішке жетсе, сауатты жұмыс істесе қызметтік сатыда өсе алады. Бұл енді кез-келген сала мен кез-келген адамға қатысты жағдай. Және менің басымдағы жағдай барлық шетелден білім алған студенттерге қатысты деп те айтуға келмейді. Мен елге оралғанда ковид болып жатты, компанияларда дағдарыс, қысқарту жүріп жатыр. Бұл да маған әсер етті. Десе де осыншалықты ұзақ уақыт жұмыс іздеп жүріп қаламын деп ойламадым», — деді Айжамал.

жұмыссыз

Нұржан Әбдіразақов – Ұлыбритания Surrey Университетінің Халықаралық Туризм Менеджменті мамандығы бойынша ғылым магистрі. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген соң бұрынғы оқу орнына қайта оралған, яғни, еш қиналыссыз жұмысқа орналасқан. Бірақ жұмыс берушілердің қарамағындағы қызметкерге лайықты мән бермеуі, жағдайын жасамауы жұмысқа деген құлшынысымды құлдыратты6 дейді. 

«Шетелде білім алып келгеннен кейін өзім оқыған университетке қайтып келдім. Алайда ол оқу орнында мүлде жағдай жасалмаған. 0,25 пайыздық штатпен жұмыс істедім, соның өзінде бітпейтін қағазбастылық көп болды. Мұғалімдерге мүлде жағдай жасалмаған. Бәріміз топырлап аядай ғана бір кабинетте отырамыз. Мен көбірек сағат алып, ұстаздық етуді қаладым. Қанша дегенмен шетелде көп білім жидым. Өзімнің ынта-ықыласым да жоғары болды. Сондықтан білгенімді студенттерге мейлінше көбірек ұсыну керек деп ойладым. Алайда ол ойым жүзеге аспады», — дейді кейіпкеріміз. 

Нұржан ол жерде сабақ беруден бөлек шығармашылық жұмыстарға да мүлде көңіл бөле алмаған. Яғни, бір тақырыпты алып, оны бүге-шігесіне дейін терең зерттеп, ғылыми бағытқа қарай ойысудың да еш мүмкіндігі болмады дейді. Десе де бір жыл солай көндігіп, жұмыс істеуіне тура келген. Кейін талап өзгеріп, соның арқасында қазіргі жұмысына орналасқан. 

«Одан соң «Болашақпен» бітіріп келген түлектердің бес жыл бойы бір жерде табан аудармай жұмыс істеуі керек деген ереже алынып тасталып, мен UIB халықаралық бизнес университетіне ауыстым. Ал мұндағы мұғалімдерге, білімге, студенттерге жасалған жағдай тіпті бөлек. Алдыңғы жұмыс орныма антоним десе де болғандай. Қазір мені мұнда білім жайы да, шығармашылық та, жалақы да толығымен қанағаттандырады. Сабақ беремін, бірнеше халықаралық журналдарға ғылыми мақалаларым жарияланды. Қазір де бірнеше зерттеу жобаларымен айналысып жатырмын. Мұнда еркіндік бар. Ешқандай бюрократиялық қағидалар аяқтан шалмайды. Осы қарқынмен еліміздің туризм саласына қатысты батыл зерттеулер мен жұмыстар жасасам деймін», — деді Нұржан Әбдіразақов. 

Әйгерім Сатаева, электронды есептеуіш машина операторы мамандығын меңгерген. Мамандық бойынша жұмыс табу қиынға соққан жоқ. Алайда жұмыс берушілердің бәрі дерлік кемі 2-3 жылдық жұмыс өтілін талап етеді. Сол кедергі болды дейді жас маман. 

«Оқуды енді бітірген адамда қандай еңбек өтілі болмақ. Сондықтан біз сияқты жас маманға сеніп, жұмысқа қабылдайтын орын іздедік. Бұл жағынан қиналдық. Осындай кедергі тудырып отырған жұмыс берушілерге көңілім толмайды. Оқуды енді бітірген жас мамандардың бәрі де осы проблемамен бетпе-бет келеді. Сондықтан еңбек нарығында орын алып отырған осы қиындықты жойып, еңбек жүйесін реттеу керек сияқты. Жастардың жұмыс таппай жүріп қалуы қоғамда үлкен қиындықтар тудырады. Жалпы, Қазақстанда дипломды ала салысымен жұмыс істеп кету күн санап қиялға айналып бара жатқаны жасырын емес. Барлық жерде коррупция бар, таныс-тамырлық жайлаған. Шынайы білімі бар, бірақ не ақшасы, не танысы жоқ жастардың шетқақпай көріп жүргені анық», — деді Әйгерім. 

Ол алғаш рет кафеге дизайнер болып жұмысқа кірген. Оған кіру үшін екі күндік тағылымдамадан өтіпті. Ал одан кейін оператор болып жұмыс істеу үшін екі апта бойы өзін дәлелдеуге тура келген. 

«Дәл сол кезде қиын сияқты болғанымен, екі күн, екі апта дегеніңіз әлдеқайда аз уақыт. Қаншама қатарластарым екі ай бойы тағылымдамада жүріп жұмысқа кіре алмай, басқа салаларға кетіп жатты», — дейді кейіпкеріміз. 

Күнделікті тіршілікте сөйлесе келе жастардың шетелде кеткісі келетінін, сол жақтан нәпақа табуды қалайтынын анық аңғарамыз. Қазақстанда олар жұмыс таппай қиналып жүр. Тапқан күннің өзінде – азық-түлік пен киім-кешек қымбат, теңге құнсыз. Finprom.kz дерегінше, қазір отандық еңбек нарығында 8,7 миллион адам жұмыс істеп жүр. Бірақ жастар арасындағы жұмыссыздық күн санап өршуде. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 15-28 жас аралығында жұмыс таппай сенделген жастар саны 80 мыңнан асқан. 

Дайындаған Абай Аймағамбет