«АСТАНА» ТОПТЫҚ БӘСЕКЕДЕН АСА АЛМАДЫ

1094
Футбол: Еуропа лигасы
Футболдан Еуропа лигасының К тобында өнер көрсеткен елордалық «Астана» клубы топтық бәсекеден аса алмады. Соңғы алтыншы турда Францияның Ренн қаласында осы аттас клубпен кездескен олар 0:2 есебімен ұтылып қалды. Ойынның 66 минутында Бахтиер Зайнутдинов өздерінің айып алаңында сенагалдық хавбек Исмаил Саррені шалып жығытудан басқа амал таппайды. Бенжамен Буриго тепкен пенальти қақпа ұстынына тиіп, кейін серпіледі. Оған жұрттан бұрын жетіп келген Исмаил Сарре есеп ашады. Арадан жеті минут өтер-өтпесте тағы да сол Исмаил Сарре доп соғып, есепті еселейді.
Осылайша елордалық клуб Еурокубоктың көктемгі кезеңіне шыға алмай қалды. Әрине, біз бұған бас бапкер Григорий Бабаянды кінәлай алмаймыз. Оның білікті басшылығымен биыл «Астана» бесінші рет қатарынан ел чемпионы атанды. Аса бір жауапты сәтте отбасылық жағдайымен команданы тастап кеткен украиналық маман Григорчуктің не істеп, не қойып жүргені түсініксіз.
Соңғы турда украиналық Киевтің «Динамосы» чехиялық Яблонец-над-Нисоу қаласының «Яблонец» клубын қабылдады. Ештеңе шешпейтін бұл ойында 0:1 есебімен қонақтар жеңіске жетті.
Сонымен Еуропа лигасының К тобынан украиналық Киевтің «Динамосы» мен француздардың Ренн қаласының осы аттас клубы көктемгі кезеңге жолдама алып отыр. Бұл топтың қорытынды кестесі төмендегіше көрініс тапқан:
Командалар Ойын Ұтыс Тең түсу Жеңіліс Доп айырмасы Ұпай саны
                             «Динамо» К. 6 3 2 1 10-7=+3 11
                             «Ренн» 6 3 0 2 7-8=-1 9
                             «Астана» 6 2 2 2 7-7=0 8
                            «Яблонец» 6 1 2 3 6-8=-2 5
Әбдісаттар ӘЛІП.
Шымкент қаласы.