Ауруханада жоспарлы емделуге жолдаманы қалай алуға болады?

1177
Ауруханаға жатып емделудің шұғыл және жоспарлы түрде деп аталатын екі түрі бар.
Өміріне қауіп төнген жағдайда ауруханаға шұғыл жеткізілген азаматтардың тегін емделетіні түсінікті. Ол мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде қаржыландырылады. Ал жоспарлы түрде емделу дегеніміз не? Жолдаманы қалай алуға болады? Baribar.kz тілшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Бұл жерде жергілікті емханалар маңызды роль атқарады. Жоспарлы ем қабылдау үшін азаматтар тіркелген емханасына баруы тиіс. Медициналық көмектің бұл түрі созылмалы аурулармен ауыратын пациенттерге көрсетіледі. Учаскелік дәрігер сізді қарап, анализ тапсыруға жолдама береді. Бұл пациентті ауруханаға жатқызу қажеттігін растау үшін керек. Тексеруден өткеннен кейін дәрігеріңіз сізге жолдама жазып береді, – дейді “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ басқарушы директоры Зәбира Оразалиева.
Оның айтуынша, жатып емделетін аурухананы да учаскелік маманның көмегімен таңдауға болады. Одан кейін жолдама “Ауруханаға жатқызу бюросына” тіркеледі. Бюро пациенттің ауруханаға қай күні жатқызылатынын көбіне лезде анықтайды. Ал онкологиялық, психиатриялық, наркологиялық диспансерлер, тері-венерологиялық және жұқпалы аурулар ауруханасы сияқты мамандандырылған клиникаларға жату үшін стационар қызметкерінің көмегі қажет.
Әрі қарай не істеу керек?
Пациенттің қолына талон беріледі. Талондағы бірегей кодты енгізіп, кезекті Bg.eisz.kz сайты арқылы бақылап отыруға болады. Кезек келгенге дейін дәрігердің берген нұсқауларын орындап, мұқият дайындалу қажет. Стационарда емделуге кедергі келтіретін жағдайлар туындап жатса, ол туралы емдеуші дәрігерге ертерек хабарлаған дұрыс. Ауруханаға жатарда жеке куәлігіңізді, ауруханаға жатқызу талонын, жолдама мен диагностикалық зерттеулердің қорытындысын өзіңізбен бірге ала баруды ұмытпаңыз. Егер басқа қаладағы стационарға барып емделетін болсаңыз, билетті ертерек қамдап қойған дұрыс. Өйткені Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жолға кететін шығындарды төлемейді.

Ауруханаға жатқызу

Қандай жағдайда жүйе жолдама беруден бас тартуы мүмкін?
  • Пациент қажетті тексерулерден өтпеген болса. Егер ертерек ескертілсе, стационар пациентті бір тәулікке дейін күте алады. Осы уақыт ішінде тиісті анализдерден өтіп үлгеруге тырысыңыз. Әйтпесе, өтінім күшін жояды.
  • Ауруханаға жататын тұста жұқпалы аурумен ауырып қалса. Мысалы, өткір респираторлық вирустық инфекция жұқтырып алған пациенттер қабылданбайды. Мұндайда айыққаннан кейін қайта хабарласу қажет.
  • Стационарда жатып емделуге қажет белгілер анықталмаса.
Егер құжаттарды рәсімдеу барысында жүйе жоспарлы емге жатқызудан бас тартса, қордың халықпен жұмыс жөніндегі департаментінің көмегіне жүгінуге болады. Телефон нөмірлері: 8 (7172) 647 023, 8 (7172) 647 066.
Сонымен бірге vopros@fms.kz поштасына немесе қордың сайтындағы “Халықтық бақылау” бөліміне хат жазуға болады.