ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЗЫЛҒАН ЕҢ АЛҒАШҚЫ ҚҰРАН КІТАБЫ ТАБЫЛДЫ

2311

Қазақстанда жазылған ең алғашқы Құран кітабы Түркістаннан табылды. Бұл туралы аударма жұмыстарымен айналысып жатқан түркістандық дінтанушы-теолог, заңгер консультант Серік Ергебеков мәлімдеді, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі. Кітаптың жазылған жылы мұсылманша хижра жыл санауы бойынша — 124 жылға сәйкес келеді, ал миләди жыл санағы бойынша – 741 жыл.

«Бұл Құран кітабы хижра санағының 2 ғасыры, миләди санағымен 8 ғасырда жазылған.  Әрине, бұл кітап әлі күнге ғылыми не кәсіби зерттелмеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша кітап толық зерттеле жатар. Бұл мәселе төңірегінде өз кезегінде ғалымдар мен мамандар өз пікірлерін білдіреді деп ойлаймын. Дінтанушы, көнежазбаларды зертеуші маман ретінде оқыған жаңалығыммен халықпен бөлісуді жөн санадым. Алайда қолжазбадағы көрсетілген жылнамасымен жазба мәтіндері бойынша есептелгенде осы жоғарғыда көрсетілген көрсеткіш пайда болды. Сол себепті де осындай жақсы жаңалықпен бөлісуді жөн көрдім», — дейді Серік Ергебеков.

 Бұл қолжазба кітап қазақтың исламды жаппай қабылдауына себеп болды деп саналып жүрген Талас-Атлах шайқасынан тура 10 жыл бұрын жазылған.

Тәңіршіл, Шығыс Түрік қағанатының 10-шы қағаны Білге қағанның 2-ші ұлы Білге Құтлұқ қағанның билік құрған заманына тура келеді.   Алайда бұл кітап жазылғанға дейін 27 жыл бұрын 714 жылы Қазақстанның оңтүстігіне Құтайба ибн  Мүслім діни астарлы соғысын жүргізіп, дінді біршама насихаттап кеткен уақыты болатын. Сол себепті де бұл кітапты «Түркінің, Қазақ даласының ең алғаш жазылған Құран кітабы» деп айтуға лайықты. Сондықтан бұл кітаптың Қазақ халқы үшін өте құнды дерек екендігі даусыз. Бұл қожазба Қазақстанға Ислам дінінің таралуына байланысты біраз тарих беттерін қайта жазуға себебін тигізері анық. Ислам дінінің Қазақ даласына таралуы туралы өзге де фактілер мен факторлар бар. Ол мәселелерді дінтанушы алдағы уақытта жариялайтын болады.

Дінтанушы Серік Ергебековтің айтуынша қолжазбада нұсқасында Құран кітабының Түркістанның жанындағы  Қарнақ елінде жазылғандығы мәлім. Қарнақ қаласы не ауылы емес, «Булдани Қарнақ» Қарнақ елінде деп атап жазылған. Тайқазанның да сол Қарнақта жасалғанын ескерсек, 8 ғасырда Қарнақ өркендеп жайнап тұрған үлкен бір іргелі ел болғанын аңғартады.

Құран кітабын көшіріп жазып шыққан адамның есімі – Молда Ешмұхаммед.

Құранның жазылу стилі сол 8 ғасыр жазуына сай келеді және де жазылған уақыты қолжазбада анық жазылған.

Қолжазба Құранды көшіріп жазған адамның сол кітаптың соңғы парақшасына қысқаша жазған дұға тілектерімен өлең шумағымен келтірілген.

Хатымда айып көпдүр

Көп қатемді, өзімді сөк!

Алайда сөкпе атамды.

Садақаллаһуль ғазыйм.

Хатымда айып көпдүр, айып қылма

Оқығанда дұғаменен ұмытпа!

Уа садақа Расулаһу ан-наби.

Әгәрәки болсаңыз дұғада сіздер

Құдайым жарылқар сахыбы итмизлер

Сізді-бізді жаратқан бір Құдайым

Кешке-күндіз болыңыз бірлә хәлім

Оқысаң бұл хатымды әй жарандар

Дұғада болыңыз сахыбы Құрандар

Қалам жондым, хат хаздым рузкар

Өзім өлсем хатым қалған ядыгар

Қалам жондым, хат жаздым, үшбу хатым.

Мұны жазған  — Молда Ешмұхаммед есім атым.

Қазіргі таңда Құран кітабы Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорында сақтаулы тұр.