Басты Қазақстан Қазақтар Америкалық еврейлерден нені үйрене алады?

Қазақтар Америкалық еврейлерден нені үйрене алады?

1505
АҚШ-қа сапары барысында Нью-Йорктегі ортодоксалды еврейлер қоғамынан арнайы репортаж жасады.
АҚШ-та 5,3 миллион немесе әлемдегі бар еврейдің 40 пайызы тұрады. Соның 2 миллионы Нью-Йорк штатында, ал оның ішіндегі 1,3 миллионы (қала халқының 13 пайызы) Нью-Йорк қаласында шоғырланған.
Еврейлер өзге ұлт өкілдерімен Америка құрлығындағы АҚШ территориясында бірге өмір сүрсе де, өз діні мен тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне берік. Жойылуға аз қалған иврит тілін қайта тірілте алды. Оларға сұраныстағы ағылшын тілі де кедергі бола алған жоқ. Қазақтардың олардан үйренері көп.
Алып шаһарда тұратын еврейлер туралы арнайы репортаж жасауға бірнеше нақты себеп бар. Олардың бірі әрі негізгісі – еврейлердің барлығы ең бірінші кезекте өз ұлтының жанашыры.
Еврейлер ауданында серуендеп жүріп, олардың діні мен дәстүріне беріктігін бірден байқайсыз. Нақтырақ айтсақ, Нью-Йорк қаласының Бруклин округіндегі Боро парк деп аталатын ауданына барсаңыз, ақ көйлек пен қара костюм, ал басына бірдей қара классикалық бас киім киген адамдардың үнемі бір жерге асығып бара жатқанын көресіз. Олардың құлағының алдыңғы жағынан өскен ұзын шашы айрықша көзге түседі.
Еврейлер АҚШ-та қайдан жүр?
Бүгінгі Америкадағы еврейлердің басым бөлігі өз тегін Германия мен Шығыс Еуропадан көшкен Ашкенази субэтникалық еврейлер тобымен байланыстырады. Бірақ, Америка құрлығына аттап басқан алғашқы еврейлер қазіргі Испания мен Португалия территориясынан көшкен Сефард субэтникалық тобынан шыққан. Олар Америка Құрама Штаттары құрылмай тұрып жаңа құрлыққа қоныс аударады.
Сефард еврейлері жаңа құрлыққа XVIII-XIX ғасырларда көшсе, Ашкенази еврейлері XIX ғасырдың соңы мен XX орта шені аралығында қоныстана бастаған. Шығыс Еуропа елдеріндегі еврейлер екінші дүниежүзілік соғысының алғашқы күндерінен бастап бүгінге дейін Америка құрлығына жетуге тырысып келеді. Себебі, еврейлер өздерін Израиль мен АҚШ-та ғана толыққанды еркін сезіне алады. Ал экономикалық тұрғыдан АҚШ-та өмір сүру тиімдірек. Сондықтан, көптің таңдауы – азат елдің инфрақұрылымы болып отыр.

Боро паркте тұратын зейнеттегі еврей текті америкалық

Еврейлердің Америкадағы өмірі жайлы informburo.kz тілшісіне поляк текті америкалық еврейлердің азат елде туған екінші буыны, жеке кәсіпкер Ленни айтып берді.
– Бізді еш жерде құшақ жая қарсы алған емес. Тіпті Америкада да бізді ұнатпайтындар бар. Бірақ, бұл елде жеке адамның қауіпсіздігі мен оның таңдауы, сөз еркіндігі заңмен қорғалған. Содан кейін, америкалық еврейлердің қаржылық жағдайы жақсы. Сол себепті біз Америка құрлығында өзімізді қауіпсіз әрі еркін сезіне аламыз, – дейді Ленни.
Олар үшін еркіндік пен қауіпсіздік бәрінен жоғары
Леннидің айтуынша, америкалық еврейлер басқа елдердегі мүдделестеріне қарағанда еркін өмір сүреді. Бірақ, оларды антисемиттік насихат қалдықтарының әлі күнге дейін сақталуы алаңдатады. Мысалы, Нью-Йорк қаласындағы барлық синагогтардың кіре берісінде таңнан кешке дейін кем дегенде бір полиция қызметкері күзетте тұрады.
Одан бөлек, еврей тарихы мен Холокост қасіретін сипаттайтын музейлер мен қоғамдық ұйымдардың ғимараттары да үнемі полиция қызметкерлерінің назарында. Өткен жылдың қазан айында Питтсбург қаласындағы синагогта болған қырғын еврейлерді одан әрі алаңдата түсті.
– Тарихқа үңілсеңіз, еврейлерге қатысты әртүрлі қастандық жиі болған. Оған еврейлердің алғырлығы мен бизнеске икемді болуы себепші. Қазір де Нью-Йоркте белгілі бір компанияда жұмыс істейтін еврейлерге қарағанда өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар әлдеқайда көбірек, – дейді Ленни.

Ленни әкесінен қалған тігін цехін 30 жылдан бері басқарып келеді

Сұқбаттасымыз еврейлер Холокосты ешқашан ұмытпайтындарын айтады. Олар миллиондаған еврейлерді ажал құштырған қасіретті кезеңді ұмытпай, әрі қарай дәріптеу арқылы кейінгі ұрпақтың өз ұлтына сүйіспеншілігі мен құрметін нығайтады.
Дәл еврейлердің қасіретіне ұқсас қырғын қазақтың басында да болды. Бірақ, қазақтың ұрпағы еврей балалары білетіндей сол қасіретті тани ма? Ол жағын ашып айту қиын, әрине. Бірақ, Манхэттен округіндегі Холокост музейлерінің негізгі қонақтарының мектеп жасындағы америкалық еврейлер екендігін ескерсек, бұл сауалдың жауабы да айқындала түсетіні анық.
Олар өлі тілін тірілте алды
Қазақ үшін тіл мәселесі үнемі маңызды. Бірақ, ширек ғасырда Қазақстандағы қазақ тілінің мәртебесі ойлағанымыздай көтерілмеді. Әлі де орыс тілі басым. Еврейлер АҚШ-та тұрып, халықаралық деңгейде мәртебесі бар ағылшын тілінің сұраныста болғанына қарамастан, иврит тілінде оқытатын мектептерді көбейте алған. Қазіргі таңда бір Нью-Йорк қаласында еврей тілінде оқытатын 353 жеке мектеп бар.
Боро паркте серуендеп жүріп, көшеде әңгімелесіп тұрған еврейлердің сөзіне құлақ түрсеңіз, олардың ағылшынша сөйлесіп тұрмағанын естисіз. Өз тілін білмейтін еврейді кездестіру қиын. Тек посткеңестік елдерден көшкен еврейлер білмеуі мүмкін. Бірақ, олардың балалары да бүгінде екі жыл иврит тілінде білім алып, сосын америкалық орта мектептерге ауысады екен.

Ортодоксалды еврейлер орташа есеппен 18-20 жасында отбасын құрады

Тіл мәселесіне орай, informburo.kz тілшісі ортодоксалды еврейлер көп шоғырланған бруклиндегі Боро парк аймағында тұратынамерикалық еврей Шломоның пікірін білді. Шломо есін біле бастағаннан бері кітап оқығанды өз хоббиіне айналдырыпты. Ол раббай (раввин, иудаизмдегі ғылыми атақ – ред.) атағын иемдену үшін жылдар бойы тер төгіп жүр.
– Тілді қайта жандандыруға адамдардың талабымен қатар қомақты қаржы да қажет. Өз ұрпағымыздың дәстүріміз бен мәдениетіміздің жалғастырушысына айналуы үшін оларға алдымен иврит тілін үйретуіміз қажет. Ол үшін көптеген кітаптарды да иврит тілінде жазып, басып шығару керек. Көп уақыт мен қаржыны талап етеді. Сондықтан жекеменшік мектептерді салуға еврейлер қоғамынан және өзінің шығу тегіне бейжай қарамайтын миллиардер меценаттардан қаржы жинадық. Одан бөлек, АҚШ-та ағылшын тілі сынды халықаралық тілге сабақтастыра екінші бір тілді дамыту қиынның қиыны. Десе де, оны біз жасай алдық, – дейді ол.
Шломо еврейлердің білім беру институттары Иешивада дәріс оқиды. Ол балаларға ағылшынша сөздерді барынша араластырмай, иврит тілінде дәріс оқитынын айтады.
Ортодоксалды еврейлер кімдер?
Заманауи иудаизмнің дәстүрлі бағытын ұстанатын еврейлерді ортодоксалды деп атайды. Олар дін мен өз ұлтының мәдениеті және дәстүріне өте берік.
Ортодоксалды еврейлерге сыртқы әлемнің инновациясы мен ойын–сауығы қызық емес. Барлығы бірдей стильде киініп, қыздары тұрмысқа шыққаннан кейін бірдей шаш үлгісіне ауысады. Еврей қыздары тұрмысқа шыққаннан кейін шашын толық алып тастап, орнына жасанды шаш киіп жүретіні жайлы да алып қашпа сөздер көп. Біз тақырыптан ауытқымай, қазақтардың еврейлерден нені үйрене алатынын анықтауды жалғастырайық

Боро парктегі діни оқыту орталықтарының бірі

Қазақ жастарының Батыс өркениетіне еліктеп, дәстүрі мен мәдениетін ұмытуы бүгінгі үлкен буынды алаңдатады. Бұл орайда да еврейлер айтарлықтай жетістікке жете алған. Дәстүрлі еврей отбасында туған бала жастайынан әке-шешесінің тәрбиесін алады. Оларды сыртқы дүние аз қызықтырады. Себебі еврейлер қоғамында балаларына жастайын білім беру, олардың ұлт жанашыры ретінде қалыптасуына демеу болу – басты принцип.
Сонымен қатар, олар жастайынан смартфон немесе планшет қолданбайды. Одан бөлек, олар тек мұқият тексеруден өткен азық-түлік пен тағамдарды тұтынады. Оны олар кошер деп атайды. Кошер – мұсылмандардың халал сөзіне синоним бола алады.
Мысалы, батысқа еліктеген бала ортодоксалды еврей шаш үлгісін жасатқысы келмеуі мүмкін. Бірақ, олар мұның діни тұрғыдан оң шешім екенін байыбымен түсіндіреді. Соңғы бір жылдан бері еврей ресторанында даяшы болып еңбек етіп жүрген Дарын есімді отандасымыз еврейлердің бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлетінін айтады.
– Мен Бруклинның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі King Solomon ресторанында жұмыс істеймін. Ол жерде көбіне америкалық еврейлер өздерінің қуанышын тойлайды. Әр той соңында отбасы дастарханы жайылып, әйелдер мен еркектер бөлек отырады. Балалар үлкендерге қарама-қарсы бетте отырады, үлкендердің өсиетін тыңдайды. Жиын аяқталуға жақын қалғанда үлкендер кештегі жастардан соңғы бір аптада жасаған жақсылықтары жайлы айтуды сұрайды. Жас еврейлер орнынан тұрып, кімге қалай көмектескені жайлы айтады. Меніңше, бұл –өте тамаша дәстүр. Біз де ұрпақты солай тәрбиелесек, ұтылмаспыз, – дейді Дарын informburo.kz тілшісіне.

Иврит тілінде оқытатын жекеменшік мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобусы

Дарын ағылшын тілін үйрену мақсатында Нью-Йоркқа келген. Ол бос уақытында даяшы болып қосымша жұмыс істейді.
АҚШ-тың туу көрсеткіші ең жоғары аймақтарда еврейлер тұрады
Ортодоксалды еврейлер мүшеқапты мүлде қолданбайды. Олардың сеніміне орай, кейінгі пайғамбардың дүниеге келуіне жақын қалды. Сол үшін де иудаизм өкілдері еврейлерге мүшеқап қолданбауды міндеттейді екен. Бұл – еврей отбасыларында балалардың көп болуына да бір себеп.
Одан бөлек, еврей ұлтының жанашырлары Холокост қасіретінен қырылған еврейлердің санын қайта толтыру үшін арнайы үгіт-насихатын жүргізеді.
– Холокост кезінде 10 миллионнан астам туысымды қасақана өлтірді. Антисемиттік күштің бір күні келіп жойылатынына сендік. Бірақ, қырылған еврейлердің орнын толтыру – бізге үлкен мәселе болды. Сол үшін де көпбалалы еврей отбасыларының көбеюіне ықпал жасауға тырысып келеміз. Сосын ажырасу көрсеткішін де мүмкіндігінше азайтуға жағдай жасап жатырмыз. Оған діни принциптеріміздің бекемдігі ықпал етіп келеді, – дейді Шломо informburo.kz тілшісіне.
Еврейлер бизнеске икемді
Еврей ұлтына қатысты деректерді Google браузері арқылы іздесеңіз олардың өзге адамдарға қарағанды ақылды және икемді екендігі жайлы бірқатар мәлімет шығады. Тіпті қарапайым халық арасында да еврейлердің табиғатынан алғыр болатыны жайлы әңгіме көп. Осыған орай, Нью-Йоркте біршама уақыттан бері тұратын отандастарымыз арқылы дерек жинауға тырысып көрдік.
Қайрат есімді қазақ жігіті АҚШ-қа грин картамен келген. Ол Нью-Йоркта 5 жыл өмір сүріп, бірқатар жұмыс орнын ауыстырып үлгерсе де, жұмыс берушілер тек еврей ұлтынан болыпты.
– Бруклин және Куинс округтерінде әртүрлі жұмыс істедім. Ресторан, құрылыс компаниясы, мувинг немесе кейтеринг болсын, барлығында бизнес иесі – еврей болып шыға береді. Кейде бүкіл Нью-Йорк қаласындағы бизнес еврейлерге тиесілі ме деп ойланып кетемін. Біз жалданып жұмыс істеуге көбірек әрекет етсек, олар жеке кәсібін ашуға көбірек мән беретінін түсіндім. Соны білдім, – дейді Қайрат.
Кезекті зерттеу мақаламызды дайындау барысында Боро парк тұрғыны Дэвид деген еврей текті американдықпен сұқбаттасу мүмкіндігі туды. Ол әкесінен қалған бизнесті басқарып отыр екен.

Еврей отбасында әйелдер әдетте жұмыс істемейді. Олар тек бала тәрбиесімен айналысады

– Мен әке-шешемнің тұңғышымын. Сондықтан әкемнің бизнесі маған қалды. Іні-қарындастарыма өздерінің бизнесін ашуға көмектестім. Еврей қоғамында жеке кәсіппен айналысуға бастапқы қаржы беретін коммерциялық емес қорлар мен қаржы институттары бар. Оларды Уолл стриттегі алып қаржыгерлер қолдайды. Мысалы, 7 балаңыз болса, сізге жеке бизнес бастауға немесе үй сатып алуға 200-300 000 АҚШ доллары көлемінде субсидия беріледі. Сол үшін де еврей отбасылары арасында туу көрсеткіші жоғары, – дейді Дэвид.
Оның Hebrew атты екі кітап дүкені бар. Дэвид 1 жастағы баладан бастап зейнеттегі кісіге дейін қажет кітап түрлерін сатады. Олардың 50 пайызынан астамы иврит тілінде.
Дереккөз:informburo.kz