«Бай жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қораға»

897
Дана бабаларымыздың ел тынысының көшін тартатын жерлерге «қиқым-сиқым», жол­­бике жалаңқиялар араласып, ұлттық бол­мысы­мызға тән биіктік пен тазалық «былыға» бастағанда ашынғаннан айтқан ащы шындығы шығар, бұл. Қазақстан Республикасы Журналистер одағының хал-жағдайын көрген­де осы сөз ойға оралмай ма?
Арғы жағын қойғанда, қазақ журналис­тика­сындағы Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов сынды т.б. саң­лақ­тар салған сара жолдың бүгінде көзден ұшқа­ны ма? Олай деп қалай айтасың, елдің көзінде, жұрттың аузында жүретін елдің БАҚ тізгінін ұстап отырып-ақ халықтың маң­дай тер, табан ақысымен жиналған халық қазынасының жарты миллиардтан астам қаржысын сыбайлас жемқорлықпен ту-талақайын шығарып, сотталған төраға С.Матаев жуырда қайтадан «орынтаққа» отырып жатқан соң. Қазір жергілікті атқарушы органның бишікештері ғана емес, ел алдында сөз айта аламын дейтіндердің бәрі шетінен өздерін «данышпанға» балап, қарапайым қалың жұртты «тобырға» есептеуін қояр емес. Көптің көзі–көреген. С.Матаев шығысқа барып пісте, Талдықорғанда қызылша егіп, Астанада шағын кәсіпорындар салмағанын көріп отыр ғой көпшілік. Оның жекеменшік жыл­жымайтын мүліктері алыс-жақын шетел­дерде тіркеліп тұрғанын қалың көп көріп, есітіп-білмей отырған жоқ. Алматыдан бас­талатын сол қомақты дүниелер ел дәуле­тінен жымқырылғанына соттың әділ төрелігі айтыл­ды ғой.
Сыбайлас жемқорлықтың майлы сорпа­сы­ның бетін қалқыған С.Матаев бүкіл ел-жұрттың алдында ұятты болғанын сезінсе, құрылтайшы болып қаржылай үлесін қосқанның өзінде, одақ тізгінін уақытша болса да, өзге әріптесінің қолында тұра тұрсын демес пе еді? Онсыз да қазіргі БАҚ уақыт талабымен үндесетін тірлікті жүйелі жолға қоя алмай, быт-шыты шығып жатқан жоқ па? Әлеуметтік желілердің бетін бермейтін «бәлдір батпақты» оқуға бет шыдамайды. «Әй, дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» болғаннан соң, балақтағы биттің басқа шыққаны шығар әлеуметтік желіде «аузымыздан ақ ит кіріп, қара ит шығып» жатқанына ұялмайтын болдық. Жұмыс істейтін республикалық одағы бар ел рухани азғындаумен осыншама төмендемес еді ғой. Қаншама жыл «төрайымның» жалған атағын жамылған А.Қапбарова ел сүйсінерлік бір тірлік істедім деп айтып бере ала ма?
Шымкентте әділдікті ту еткен, қаламы қарымды қаламгерлер жеткілікті. Әттең, олардың халықтың шын жанашыры болған еңбегінен гөрі, «шымкентшелеудің» шығуына себепкер болатын «жарапазаншыл» жағым­паздардың әспеттеліп жататыны бар да. Бас­иесіздік жайлаған жерде беталдылықтан басқа не болушы еді!?
                                «Қайнаға айтуын айтты-ау, бірақ орыс…»
Ілгеріде шалғайдағы ауылда бір кісі, екі кемпір, бір келіншек қыдырып шыққандарында ауданға колхоздан баратын жалғыз «полу­торка­ны» күтіп күре жолдың бойында тұра­ды. Бір кезде мәшине көрініпті. Оның шофері орыс екен. Соғысқа барып келген ер кісі «есімде қалған орысшам бар, мәшинені мен  тоқтатайын» депті.
Машина жақындағаннан жолдың жиегіне ентелеген әлгі кісі: «Обожди, обожди, …» деп айқайлай бастапты. Шофер машинаның бос қорабына төрт қазақты отыр­­ғызып алуға ерініп, олардың қасынан зу етіп өте шығыпты. Бажылдап қалған кем­пір­лерге келіншек: «Не дейсіздер, қайнаға ай­ту­дай айтты-ау, бірақ орыс орыстығын істеді ғой» деп жұбатса, дәл осы жағдай оңтүстіктің де жур­налис­терінің басынан өткендей болып тұр.
Түркістан облысы әкімі Ж.Түймебаев туған өңіріне басшы болып келген алғашқы айының соңында облыстан шығатын басылымдардың 50-ге жуығының бас редакторымен кездесіп, «Ашық әңгіме» өткізіп еді. Журналистермен ашық-жарқын тілдескен облыс әкімі сонда «Оңтүстік Қазақстан облыстық журналистер одағын құрып алыңдар» деген ойын ашық айтқан болатын. Өңір басшысы Қазақстан Республикасы Журналистер одағының төра­ғасы сотталып жатқан қазіргі мүшкіл күйін ашып айтпағанымен, бір ауыз сөзімен-ақ көп нәрсенің салмағын саралауды аңғартқан еді.
Идеологияның бас жағын жағалап жүрген «данышпан көкелер» өздерінің заң­бұзу­шылықпен жалған «төрайым» еткен «тауары» далада қалатынын білгендіктен, облыстың бірінші басшысының ұсынысын есіт­пегендей түр танытумен жүрді. Бірлі-жарым әріптестердің осы өзекті мәселені көтер­ген үнін облыстың №1 «Ақ үйіндегі» «жал­пақ­шешейлер» де есітпеген болып отыра береді.
БАҚ-қа ешқандай хабарландыру бермей-ақ, Шымкент қаласында С.Матаев бұйрығымен құрылған жаңа филиалдың жиыны да опай-топай өткізілді. Облыстың қарт қаламгері Б.Қоныс­беков филиалдың ашылуына батасын беріп, сонау Алматыдағы С.Матаевтың төбе­сін көкке бір елі жеткізетіндей етіп әспеттеп қойды. Халық үнінің шын жанашыры болса, өзінің тәр­биеле­ген шәкірті А.Қапбароваға: «Оңтүстікте БАҚ төңірегіндегі беталдылық көбейіп кеткенін ел-жұрт көріп-біліп отыр. Өз атыңа да аз әңгіме айтылып жүрген жоқ.
Әріптестерің ұсынғанның өзінде «төрайымдықтан» бас тартып, басқа төраға сайлап, ұйымның жұмысына бір соны серпін әкелуді қарастырайық» десе болмай ма? Болмаса, жиналған әріптестеріне: «Одақты қалқан еткендей сыбайластықпен халық қазынасын талан-тараж етумен бүкіл елді тіксіндірген ұйымнан бойларыңды аулақ ұстап, өздерің жеке қоғамдық бірлестік құрып алуды ойластырсаңдар қалай болады?» деген ағалық ой тастауына болмайтын ба еді? Қазақтың 600 млн. Халық қазынасын тонау түгілі, «итің ұры» дегенге намыстанатынын шымкентіктер ұмытып қалған-ау, әсте.
            А.Қапбарованың сайлауынан кейінгі сорақылықтарға не дерсің?
Шымкенттегі бұл журналистердің алқа­лы жиынында әріптестер арасында жүрек­тен шыққан шынайы жанашырлықтың сөзі түгі­лі, ақжарма көңілдің әңгімесі бүкпесіз айтылды деп айта аламыз ба? А.Қапбарованы төрайым сайлаудан басқа ойды ұмытқан жағым­паздардың ұрандатқан жалаң сөзде­рінен басқа не айтылды мұнда!? Жасанды «спектакльдің» бейнежазбасын еліміздің ол шеті мен бұл шетіндегі бауырларымыз көріп қалса, «мынау шынымен сол Шымкентте болған ба?» деп, сенер-сенбесін білмей таң­дана­тындығына шүбәміз жоқ.
Басқа емес, есімі өңір жұртшылығына танымал болып қалған журналист, жерлесіміз Ерсұлтан Әмірбектің республикалық әлеу­меттік желілерде таратқан «Поздравлениесін» көр­генде не күлеріңді, не жыларыңды біл­мейсің. Ол А.Қапбароваға арнаған құт­тық­­тауында: «Сайлауда 100 пайыз дауыс жин­ай алмаған Елбасы А.Қапбароваға өк­пеле­месін» деп бастапты сөзін. Оның «әлем­ге танымал» Қапбаровасы сайлауда – 100, ал Н.Назарбаев – 95 пайыз ғана дауыс алға­нын «қол шапалақтағандай» жариялапты. Кезінде жылжи-жылжи республикалық «Хабар» телеарнасында жұмыс істеуге қолы жеткен Ерсұлтан бауырымыздың өзінің келеңсіз тірлік­­терімен телеарналарда жұмыс істеуден бір­жолата шеттетілген соң, Елбасын түйреп кетуден бастап, өзінің іштегі «запыранын» шығарып қалуға тырысқан құйтырқылығы ма? Тәжірибесі жетерлік қаламгердің жазбасы деуге тіл бармайды. Ол ғана емес, сөздік қорын тауысып, Қапбароваға теңеу таба алмай, әлеуметтік желінің «қоңырсық иісін» шығарып жатқандар қаншама болды? Шымкенттіктердің бұл жолғы «жарапазаны» бұрын-соңды еліміз­дің еш жерінде айтылмағаны анық-ақ.
Оңтүстіктің ұландарына тән кісілік қайда? Қазақи болмысымызды сақтаған салиқа­лылы­ғы­мыз қайда? Рухани жаңғыруды ғана емес, жағым­­паздықты жаңғыртуға да кіріскеніміз бе?
                                        «Қаламгерге» артылған үміт үлкен
Дәл осы кезде Шымкент қаласында құрыл­ған «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің жиыны өтіп, бірлестік кеңесінің төрағасы болып елімізге танымал ақын, көрнекті қоғам қайрат­кері Қабылбек Төретай сайланса, белгілі жазушы З.Қыстаубай, ғалым, танымал қоғам қайрат­кері Ш.Пірмат, ардагер журналист Е.Бек­құлов, жазушы С.Исақов, белгілі суретші Н.Шилібаев, С.Сахабат пен Ә.Қалмырза сынды руханият әлемінің саңлақтары кеңес құрамына енгізілді. Белгілі тарихшы М.Әбдіәкімұлының бастамшылдығымен құрылған қоғамдық бірлестікке оңтүстіктің патриот перзенттері өздерінің жүрек қалауымен топтасқанына ешкімнің шүбәсі болмаса керек.
Оңтүстікте зиялы қауымға зәрулік анық байқала бастады. Ел-жұрттың үміт күткен зия­лылары мен ардагер ағаларының билік­тің «жарапазаншысына» айналғаны бес жасар балаға дейін белгілі болып қалғанын алақа­нымызбен басып жасыра алмайтын шығар­мыз.
Оңтүстікте есімі ел есінде өшпестей болып қалған Төлепбек Назарбековтей абыздың ізба­сарлығына зар болып, «Қақпанында» шың­ғыртып айтатын Мұхтар Шерімнің шындығын аңсай­тындар көбейді. Өңірде зиялы қауымның еңсесін көтеретін уақыттың келгендігін бір­лес­тікке топтасқан осы азаматтар көрсетіп отыр. Рухани жаңғырудың жалаң насихаты енді шын жанашырлықпен жүргізіліп, оның өмір­шеңдігін тарта алатын «Қаламгер» бола­тын­дығына үлкен үмітпен қарағандар көп. Тіпті, осы қоғамдық бірлестікке Алматы, Астана қалаларынан өз еркімен мүше болып кірген елімізге танымал қаламгерлер мен көрнекті қоғам қайраткерлері де бар.
Ә.МҰРАТБЕКОВ, 
«Қазақстан жолы» газетінен ықшамдалып алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз