БАҚ-ТЫҢ БАСЫ БАЙЛАУЛЫ МА?

358
Жоқ. Біздің елімізде сөз бостандығының еркіндігіне сөз айта алмасың анық-ақ. Қайта кейбір басылым беттері мен әлеуметтік желілерде қалың оқырман көңілінен шығарлық сын болғанның өзінде ойлы сөзбен айтылған жазбадан гөрі, «бәлдір-батпақ» қаралау, есекке теріс мінгізіп «итше тепкілеп» тастау кәдуілгі өмір көрінісіндей болып барады. Еліміздің заңнамалары мен саяси ұстанымдарында да БАҚ-ты ауыздықтау емес, қайта ноқта-жүгенсіз жіберу бел алып кеткендіктен, руханият темірқазығын босатып алдық. БАҚ-ты өркениет көшіне сай өркендетудің орнына, өзіміздің «жабайы нарығымыз» бен «жалаңпұт» демократия – сымағымызбен былғап, мемлекетіміздің сарабдал саясатын өміршеңдігіне шынайы жанашырлықпен қызмет етуге басымдық бере алмай, жалаң даңғазалықтың жалауын көтеруге бейімделдік.
Жаһандану жалыны әлемді шарпып, адамзатты рухани азғындыққа жетелеп жатқанда қаламгер қауымы оны көре тұра арашашы бола алмай отыр. БАҚ-қа сенім артқан мемлекетіміз қолдау көрсетуде орасан істер атқарып отыр. Рухани жаңғыруды баянды етудің жауапты жүгі де БАҚ-қа артылған. Елімізде БАҚ-ты қолдау мен рухани жаңғыруды пәрменді етіп жүргізуге мемлекеттік бюджеттен бөлінген сан миллиардтаған қаржының ізі көрінбейтіндігіне ішің удай ашиды. Болмаса, саладағы қаншама жандардың тынымсыз да, тиянақты тірліктерінің нәтижесінде өңірде отбасылардың ажырасуы азайды, мектептің оқушы қыздарының екіқабат болуы, бала туып қоюы тоқтады, жасөспірімдердің қылмысқа қатысуы сирексіді, үй тонау мен мал ұрлығы азайды деп айта аламыз ба? Мемлекет өмірдің өзекті саласын қолдаудай-ақ қолдап жатыр. Ал, соны өміршең ететін жергілікті атқарушы органдардың басшыларының бұл мәселеге немқұрайдылықпен қарайтыны өкінішті-ақ.
Айтпағымыз, біз сөз арқауы етіп отырған салаға басшылық ететін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Д.Жүнісов пен Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Ж.Бектаеваның ендігі жерде соны серпін, тың құлшыныспен жаңаша жұмыс істейтін уақыты келді. Екі басқармаға да жаңадан басшы болып келген идеология саласының ысылған, жеткілікті тәжірибе жинақтаған, іскерліктерімен де көріне білген кадрлары енді «алдыңғы арбаның ізінен шыға алмай» жүрмесе болғаны.
«Оңтүстік – ұлттың ұйытқысы» деген жоғары бағаға ие болған өңірдің қаламгерлері өз замандастарынан алғыр ойлылығымен де, кәсіби шеберліктерінің үстемдігімен де ерекшеленеді. Елімізде қазақ тілді басылымды дамытып, оның үлгі-өнегелі жолын салуға мүмкіндігі мол қаламгерлердің өз қолымызбен «тұншықтырылғанына» не дерсің?
Елімізге танымал идеологтар Д.Мыңбай мен Әли Бектаев, солардың ізіне ерген Ұ.Сәдібеков пен Б.Жалмырзаевтар бұл салаға басшылық еткен уақыт – оңтүстік қаламгерлерінің айы оңынан туған кез екен. Ол кезде жаңадан қалам ұстаған жас талапкерден бастап ардагер журналистке дейін назарда ұсталып, олар өздерінің өрісі бір үлкен қауым екенін сезінумен жүретін. Ал, соңғы жылдарда «Капитал» қоғамының «игроктарының» ықпалымен БАҚ-ты быт-шыт етіп, бас-басына би болған «өңкей қиқым- данышпандар» шығарылды. Олар «Элитный», «Ударный», «Третий сорт» болып бөлінуге кетті. «Элитный» топқа республикалық басылымдармен, телеарналармен байланысы барлар бірікті. Майлы жіліктің басын осылар ұстайды. Жергілікті биліктің шенеуніктерін бөденеше жорғалатады. Олардың басылымдарына жаздыру «проблема» емес. Топтағыларға мемлекеттік тапсырыс әперу де еш қиындықсыз жүреді. «Главарға» 35-50 млн. теңге аралығында тиетін болса, енді біреуі 26 млн. теңге, екіншісі 23,4 млн.теңге, қанағаты бары – 14,3 млн. теңгеге тоқтап, «команда» 150 млн. теңгеге жуық бюджет қаржысын жамбастарына басады. Ал, «Ударный»
топтағылар қорқытып, үркітіп жүріп 10-15 млн. теңге көлемінде «үлес» алса, шүкіршілік етеді. Бұндағы «божбантай» үшінші сорттағылар бір Құдайдан ғана сұрайды. 30 жылға жуық қалам ұстап, бүгінде газет шығаратын кәсіби журналистер 890 мың теңгеге тапсырыс ала алса, соның өзіне «қалпағын аспанға атады». Өйткені, өзінің Шымкентте тұратынын біледі.
Енді мемлекеттік тапсырыс беру тендерін өткізуден ауыр нәрсе жоқ, басқармалар басылымның сапасын талдап, саралауда, жазылымның таралымын анықтауда қиналады демеңіз. Алтынай айтпақшы, «Шымкентте болмайды деген нәрсе «болмайды» дегендей бәрін де жасауға болады. Сол құрғыр, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» тендер өткізу оңай болып тұрған жоқ. Басқарманы да басқаратын басшы бар. Сілтеген кетпенің саусағыңды шауып алатынын тағы ойлайсың.
Облыстан шығатын басы-лымдардың жәй-күйін жатқа білсең мақұл ғой. Ондайды білетін кадр басқармаға бітіп пе? Бұрындары болғанын білеміз. Ал, қазіргі орынтағында «как бог, как царь» болып жүргендер халық үнінің жанашыры ретінде сындарлы пікір, орнықты ой, жанды ұсыныс ұсыныс айтады дей аламыз ба?
Осындай күйбең тірліктің кесірінен жыл басында өтуге тиісті тендерлер күздің қара суығына дейін созылып жатады. Осыдан кейін қалың жұртшылыққа рухани азық боларлық құнды дүние береміз деп айта аламыз ба?
Соңғы уақытта адамдар газет оқымайды дегенді шығардық. Көңілге қонымсыз әңгіме. Егер мазмұны терең, рухани азық боларлық басылым болса, оқырман іздеп жүріп оқиды.
Келеңсіз факті жоқ емес, бар. Түркістан қалалық білім бөлімі басшысы өзін сынап екі рет материал шығарған газетке жазылуды 980 данаға жеткізуді міндеттеп, мектептеріне «разнарядка» береді. Бәйдібек ауданының білім бөлімі басшысы да өзі «қорқатын» он шақты тәуелсіз басылымға мектептерден 15-20 данадан кем етпей жазылым жүргізуді міндеттеген «разнарядкасын» жолдайды.
Қазір аудандардағы әкім-нің идеология ісі жөніндегі орынбасарларының кейбіреулері «аш құлақтан тыныш құлақты» ойлап, журналистерді «саунада сыйлаудың» әдемі әдісіне көше бастаған сияқты. Олар мына күн қысқарған заманның рухани азғындық лебінен ел-жұртымызды сақтандырайық дегеннен гөрі, басылым беттеріне сын жарияланып, әлеуметтік желіде атым аталып қалмасын дегенге жан ұшыра жанталасады.
Ортақ мақсаттың игілігіне деген өзекті мәселені азын-аулақ сөз ете отырып, аталған екі басқарманың басшысы оңтүстіктің намысын, қызметтерінің абыройлы болуының шынайы жанашырлығын түсінеді деген ойдамыз.
Ә.МҰРАТБЕКОВ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз