БАЛАЛАРҒА ШАТТЫҚ КӨҢІЛ СЫЙЛАДЫ

1398
     Қазақстан Республикасы Президенті атынан аудан әкімінің «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра туған жер!» атты жаңа жылдық шырша мерекесі «Заңғар» салтанат сарайында өтті.
    Оған аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасы балалары арасынан оқу озаттары, дарынды шәкірттер, шығармашылық ұжым арасынан үздік мектеп оқушылары және аудандық, облыстық, республикалық байқауларының жеңімпаздары қатысты. Алдымен лед экранда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев барша Қазақстан балаларына арналған жаңа жылдық құттықтауы көрсетілді. Содан соң аудан әкімі мен ел ағалары ортаға шақырылып, балалар хормен «Бір, екі, үш, шырша шамы жарқырай түс!» дегенде зал ортасындағы биіктігі 3 метр келетін мерекелік шыршаның шамдары жағылды.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев мерекелік шыршаға қатысушыларды құттықтап, балалардың үздік оқып, жетістіктерге жете берулеріне, ауданның атын шығарып, тек жақсы жағынан көрінулеріне тілек білдірді.
Кеште жас өрендерге үлкен тәтті торт тарту етілді. Шырша мерекесіне қатысқан 115 оқушының барлығына да сый-сияпаттар жасалды. Аудан әкімі Т.Телғараев аудандық мәслихат хатшысының міндетін уақытша атқарушы С.Сеңгірбаев, білім бөлімінің басшысы А.Үйсімбаев және тағы басқа да қонақтар, балалармен шыршаны айнала бірге биледі. Аяз ата мен Ақшақар келіп, үлкен думанға айналды. Балдырғандар ән салып, би билеп, көңіл көтеріп, қуана шаттана бір серпіліп, жадырап қалды.
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ, Қазығұрт ауданы.