Батыс елдері пандемияны құрықтауға неге шамасыз?

747
Адам құқығы көбірек сақталатын Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-та вирустан адам өлімі күрт өсіп келеді. Ал демократиялық құндылықтары аз Азия елдерінде керісінше. Неге?
Өздеріңізге белгілі, Италия мен Испания коронавирус пандемиясының кейінгі эпицентріне айналды. Германия, Франция, Ұлыбритания мен Швейцария кейстер саны бойынша ондықта тұр. Ал он күнде эпицентр АҚШ-қа жылжитыны анық. Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайван, Гонконг және Жапония сынды Азия барыстары Батыс елдеріне қарағанда Қытайға салыстырмалы түрде жақын орналасқан. Сосын аталған Азиядағы елдері Қытаймен экономикалық тұрғыдан тығыз байланыста және халқының өзара байланысы да жоғары. Мысалы, Гонконг пен Тайванға Қытайдан күн сайын мыңдаған адам қатынайды. Нақтырақ айтсақ, Қытайдан Гонконгқа күн сайын 300 мың адам өтеді екен. Ал Жапонияға Қытайдан жылына 1 миллион турист келеді екен. Бұл вирустың осы елдерде кеңінен таралуына негіз болуы тиіс еді. Бірақ Азия барыстарында анықталған коронавирус кейстері санына қарасаңыз, олай емес. Неге? Азия барыстары пандемияны қалай құрықтай алды? Батыс елдері неден қателесті?
Бұл сұрақтарға жауап беруден бұрын бүгінгі статистикаға үңілсек.
Азия:
Сингапур (жұқтырғаны анықталғандар – 1049, өлім саны – 4),
Тайван (жұқтырғаны анықталғандар – 300, өлім саны — 3),
Жапония (жұқтырғаны анықталғандар – 3,482 [700-і Diamond Princess кемесінен], өлім саны – 19),
Оңтүстік Корея (жұқтырғаны анықталғандар – 9976, өлім саны — 169),
Гонконг Корея (жұқтырғаны анықталғандар – 802, өлім саны — 4),
Еуропа:
Италия (жұқтырғаны анықталғандар – 110 574, өлім саны -13 155),
Испания (жұқтырғаны анықталғандар – 110 238, өлім саны -10 003),
АҚШ (жұқтырғаны анықталғандар –216 722, өлім саны — 5140)
Коронавирус таралуы пандемия деп жарияланбай тұрып, Батыс елдері Қытайдың адам құқықтарын шектейтін қатаң саясатын (Draconian measures) сынға алып жатты. Қазір өкінішке орай, Италия, Испания және АҚШ үкіметі кейбір аймақтарындағы халқына сыртқа шықпауды бекіткен. Себепсіз шыққандарға айыппұл салынып жатыр. Ал Азия барыстары мұндай қатаң жүрістерсіз вирустың таралуын төмендете алды.
Оңтүстік Корея билігі ел территориясында карантин жариялаған да жоқ. Олар бар болғаны барынша көп тест ұйымдастыра алды, яғни коронавирусқа тест тапсырғысы келген кез келген адамға оны жасау қолжетімді болды. Осылай вирусы анықталғандар бірден изоляцияға кетті. Мысалы, АҚШ-та қазірдің өзінде қалаған адам тест тапсырғысы келсе, тапсыра алмайды. Тапсыру үшін сенде вирус симптомдары айқын байқалуы тиіс.
Ал Жапония пандемияны медициналық маскамен жеңді. Жапон билігі кез келген адамның маска тағуын талап етті және ол өз нәтижесін берді. Мысалы, вирус жұқтырғанын өзі әлі білмейтін адам маскамен жүрсе, жөтелген кездегі вирустың таралуы төмен. Сосын жұқтырмаған адамдар да маска тағу арқылы қорғана алады. Жапондардың пандемияға үлкен мәселе ретінде бірден қарауына тағы бір себеп бар. 1918 жылы бүкіл әлемге испан тұмауы деген атпен тараған пандемиядан 500 мың жапон қайтыс болған. Бұл Хиросима және Нагасакиге түскен атом бомбасынан қайтыс болғандар санынан 2,5 есе көп. Содан бері, Жапонияда «маска мәдениеті» қалыптасқан. Мысалы, жапондар жылына 4,3 миллиард масқа қолданады екен. Сонда елдің бір азаматына жылына 43 масқадан келіп тұр. Бұл сан пандемия кезінде бірнеше есеге өскені анық.
Ал АҚШ-та бәріне масқа тағу маңызы туралы енді айтылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, америкалықтар ештен кеш жақсы деп отыр.
Ең алғашқы коронавирус кейсі Тайванда 21 қаңтарда, ал Гонконг пен Сингапурда 23 қаңтарда анықталды. Сол күннен бастап бұл елдердің үкіметі мынадай әрекеттерге жүгінді:
Travel restrictions (Кейбір бағыттардан келетін рейстерді шектеу)
Massive screening (жаппай келушілердің температурасын тексеру)
Self-isolation (шетелден жақында келген азаматтарын өзін өзі изоляция жасауға шақыру)
Social distancing (қашықтықты сақтап жүру)
Heightened hygiene (тазалық)
Қытай үкіметі коронавирустың қаупі жайлы бүкіл әлемге дабыл қаққаннан үш күннен кейін Сингапур Ухан қаласынан келетін рейстерді тоқтатты және адамдар көп жиналатын орындарды жабуды бастады. Сосын адамдарды топ болып жиналмауға шақыра бастады. Сол сияқты үш күннен кейін Гонконг әкімшілігі Қытайдан келетін азаматтардың температурасын жаппай тексеруді қолға алды. Ол оны жылуды көрсететін камералардың (thermal imager) көмегімен жасады. Сондай-ақ, Қытайдың коронавирус кең тараған аймақтарында жақында болған адамдарды 14 күн изоляцияға жіберіп отырған. Идеологиялық тұрғыдан гонконгтықтар вирусқа қатысты шараларды қатаң орындады. Себебі Гонконг та 2008, 2009, 2018 және 2019 жылдары тұмау кең тараған. Сол кезде қашықтықты сақтап жүру, мектептерді онлайн тәртіпке ауыстыру, маска тағу сынды шаралар жасалған екен. Бір сөзбен айтқанда, Гонконг пандемияға қарсы шараларды өз тәжірибесінен бұрын өткерген болып отыр.
Тайван капиталистік Қытай территориясы болғанымен, Қытаймен өте тығыз байланыста. Себебі Тайвандағы өндірістік орталықтарда істейтін азаматтардың 90 пайызын ішкі Қытайдан келіп істейтіндер құрайды. Тайван үкіметі Ухан қаласынан келетін рейстерді шектемеді. Есесіне, ұшып келетіндерді мұқият тексеруге алды. Вирус болуы мүмкін дейтін азаматтарды шектеп, 14 күнге қоғамнан аластатты.
Бұл үш елдің пандемияны құрықтай алуының тағы екі себебі бар. Біріншісі 2002-3 жылдары SARS пандемиясын басынан өткеруі болса, екіншісі үш ел (Гонконг – Қытай құрамындағы арнайы административті аймақ) халқының басым бөлігі қытай текті болуы. Демек, оларды пандемия бұрын болған және оған қарсы қандай шараларды жасау керек екенін біледі. Сосын халқы да оны бірден дұрыс қабылдап, шараларды орындайды. Одан қалса, елдер арасында тілдік барьер жоқ. Олар ішкі Қытайда не болып жатқанын Батыс Еуропа елдерінен бұрын біліп отырды және дер кезінде шаралар қолданды.
Ал Батыс Еуропа мен АҚШ неге қауқарсыз?
Біріншіден олар пандемияны бұрын соңды көрмеген. Испан тұмауын естерінен шығарып үлгерген, меніңше. Сондықтан оның салдары мыңдаған адамның өліміне алып келу мүмкіндігін ойлаған жоқ. Екіншіден, рейстерді шектеу немесе ұшып келетіндерді мұқият қадағалау, қашықтықты сақтап жүру немесе өзін-өзі оқшаулау сынды әрекеттерді бірден енгізбеді. Содан кейінгі басты себептерінің бірі қарапайым халықтың пандемияны қауіпті деп қабылдамауы және шараларды жасамауы болып отыр.
Мысалы, Италияның солтүстік бөлігі толықтай карантинге жабылған кезде, Венеция мен Милан әкімдіктері Италия премьер-министрінің туристердің келуін шектеп жатқанын айтып сынады. Ал АҚШ-та түрлі той-думан мен жиындар жалғаса берді. Үкіметтің өзі маска тапшылығы болмасын деп, бәрін маска тағуға шақырмады. Керісінше, маска көмектеспейді деген мәлімет таратты.
Бүгіннің өзінде АҚШ-тың кейбір бөліктерінде пандемияның қаупі мен салдарын ойламай, бұрынғыдай өмір сүріп жатқандар бар. Оны The New York Times басылымының кезекті дата анализінен көре аласыздар:
Өкінішке орай, енді Батыс Еуропа елдері мен АҚШ халқы бұл пандемияның ең ауыр соққысына қалып отыр. Енді өлім санының күрт өсуін тоқтату мүмкін емес. Бірақ сол күрт өсудің шамалы азаюына барынша күш сала алады. Бір сөзбен айтқанда ештен кеш жақсы деп отыр.
Аман болыңыздар! Қолдарыңызды жиі жуып, беттеріңізге маска тағып жүріңіздер! Сыртқа шыққанда нені ұстап, нені қойғандарыңызда қадағалаңыздар! Вирус кез келген жерде болуы мүмкін және айтып келмейді!
Жолдас Өрісбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz