Бауыржан Байбек жер телімдерін иеленіп алды деген айыптау турасында: «Мамай жалаң өтірік айтты»

1022

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кең көлемді сұхбаты жарияланды

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа берген кең көлемді сұхбатында белсенді Жанболат Мамайдың өз атына айтқан айыптауларына қатысты жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Сұхбат барысында Тәңірберген Бердоңғаров Бауыржан Байбекке жер мәселесіне қатысты сауал қойды. Блогер Жанболат Мамайдың Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезде (2015-2019 ж.ж.) «Қазақфильм» киностудиясындағы, Атакенттегі, Көкжайлаудағы, сондай-ақ, қазіргі уақытта Esentai city тұрғын үй кешені орналасқан аумақтағы жер телімдері жекенің меншігіне өтіп кетті деген айыптауларына пікір білдіруді сұрады. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әрбір айыптау бойынша дәлел-дәйектер келтіріп өтті.  

«Қазақфильмге» қатысты Бауыржан Байбек киностудия аумағының, шамамен 17 гектар жердің қашанда мемлекетке тиесілі болғанын жеткізді.    

«Қазақфильм» – 100% мемлекеттік мекеме. Тікелей «Қазақфильм» басшылығынан «біз контейнерлер қоймақпыз, бірақ олар мықты емес, сапасыз болғандықтан тез бүлінеді, сол үшін қала билігі қаржы бөліп, этно-ауыл салып берсе» деген өтініш түсті. Ол тікелей «Қазақфильм» басшылығының идеясы болды. Осыдан кейін біз жобамен айналысып, «Қазақфильмнен» 5,5 гектар жер бөліп, саралау туралы шешім қабылданды. Ол қалаға тиесілі жер болатын. Содан кейін 5,5 гектар жерде қала бюджеті қаржыландыратын жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, бәрі мәдениет басқармасының балансына өткізілді», — деді Бауыржан Байбек.   

Жоба бойынша 5,5 гектар жерде қазақ халқының тұрмысын бейнелейтін мыңжылдық тарихы бар Ethnoland салу жоспарланған.   

«Ол жерге келген адам қазақтардың тұрмыстық өмірін көзбен көріп, сезіне білуі тиіс. Мәселен, садақтан оқ атып, қазы қайнатып, сақтардың киімін киіп көре алады дедік. «Қазақфильмге» де, қалаға да, туризм саласына да пайда әкелері түсінікті жоба болды.   

Туризм, этно-туризм – өз алдына үлкен әңгіме. Қала әкімі болып жұмыс істеген 4 жыл ішінде туристер саны жыл сайын 10%-ға артты. 2018 жылы тек шетелдік туристер саны миллионнан асып жығылып, 35%-ға көбейді. Яғни, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ең бастысы, миллиондық межені бағындыру. Бүгінде елімізге келетін әрбір екінші турист Алматыға ат басын тіреп жатады», — деді ол. 

Көкжайлау шатқалындағы заңсыз құрылысқа қатысты айыптаулар турасында пікір білдіріп өткен Бауыржан Байбек ол жобаның 2013 жылы басталып кеткенін, ал өзінің тек 2015 жылы ғана әкім болып келгенін мәлімдеді. Универсиадаға дайындық жүріп жатқандықтан және қоғам пікірі ескерілгендіктен, ол жоба тоқтап қалған, ал 2018 жылы жаңартылған нұсқасы ұсынылған.   

«Жер телімдерін алып алды немесе жеке құрылыс нысандарын жүргізіп жатыр деп кінә таққандар бар. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын жалған айыптау. Біріншіден, тұжырымдамаға сәйкес, ағаштарды кесу 17 есеге қысқартылды. Жоба бойынша 22 000 ағаштан 1280-ге дейін кесілуі мүмкін еді. Құрылыс алаңын да көп есе қысқартуға тура келді. Онда салынатын қонақүйлер саны да өте көп болды. Бірақ жобаның құны 4 есеге қысқартылды. Сол қысқартулардың нәтижесінде біз Іле-Алатау паркіне қаладан 102 гектар жерді қайтарып бердік.    

Бұдан өзге, егер қателеспесем, 2017, әлде 2018 жылы біз сол жерлерге тексеріс жүргізе бастадық. Ол жерлер бұрын Алматы облысына тиесілі болған еді. Сол Алматы облысына тиесілі болған кезде, 5 гектары жекеменшік үлесінде қалған. Біз сол 5 гектардың жайын анықтап, қала меншігіне қайтардық. Біз жекеменшіктен – беделді адамдардан сол жерлерді алып алдық, әлбетте, олардың оған қуана қоймағаны белгілі. Ақпараттық шабуылдар, біраз әрекеттер жасалды. Ешқандай да жеке құрылыстар, ешқандай да ағаштарды отау жұмыстары болған жоқ. Бұл Мамай мырзаның әлдебір күмәнді телеграм-арнадан оқып алған, шындыққа мүлдем жанаспайтын пайымдауы», — деп түсіндірді Бауыржан Байбек.   

Ол сондай-ақ, қазіргі уақытта Esentai City тұрғын үй кешені салынған алма бағының аумағындағы жерге құрылыс салуға рұқсат етті деген ақпаратқа да тоқталып өтті.   

«Жанболат Мамай – жалған сөйлеп, жалаң өтірік айтып жүрген адам. Немесе өзгелерді әдейі адастырып отыр. Ол жерлер түгелдей «Қазкоммерцбанкке» тиесілі. Оны ашық дереккөздерден де көруге болады. Ол жерлер ешқашан мемлекетке тиесілі болмаған және онда ешқандай алма бағы да болмаған. Ол жеке құрылыс жүргізуші алып, құрылыс жұмыстарын жүргізген банктің жері. Ол құрылыс жұмыстарына қала билігі қызу қолдау білдірген. Неге дейсіз ғой? Елбасының тапсырмасымен мәслихат, яғни қаланың өкілдік органы әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай тек қана үшқабатты ғимараттар салуға рұқсат етіледі деген шешім қабылдаған болатын.

Esentai City – коммерциялық тұрғыдан тартымды болған алғашқы үшқабатты құрылыс жобасы. Құрылыс салу деген не? Ол дегеніңіз – жұмыс орындары, түсетін салық, ол дегеніңіз – құрылыс саласын ынталандыру, тұрғын үйдің қосымша шаршы метрлері, сондықтан әлбетте, біз ол жобаға қолдау білдірдік. Бірақ бұл жерде мені алма бағын отап, мемлекет жерін саудаға салып, соның өтемі ретінде сән-салтанаты келіскен пәтер алды деп кінәліп отыр ғой. Ал мұның бәрі көрінеу өтірік, жалған сөз, оны оп-оңай тексеруге болады», — деп Бауыржан Байбек өзіне тағылған айыптарды теріске шығарды.   

Атакент мәселесі де жерді иеленіп алды деген кезекті айыптаудың бірі ғана. Бауыржан Байбек басқарушы компанияның өз міндеттерін орындамағанын жеткізді.   

«Мен өзім де Атакент маңында тұрдым, балалық шағым сол аумақта өтті. Ол жерде фонтандар болатын, жұртшылық серуендеп, қыдырып жүретін, яғни Атакент аумағымен өте жақсы таныспын. Алматы әкімі болып келген кезімде ол жерден еш жүйесіз, ретсіз салынған құрылыс нысандарын көрдім. Біріншіден, Атакент аумағында көліктер ағылып жүрді. 90-шы жылдары ол аумақ сенімді басқару қолына өтіп кетіпті. Жеке кәсіпкер ол аумақтағы жасыл желекті суғарып, күзетіп, көріктендіруі тиіс деген шарт болған. Алайда ол оның бәріне көз жұма қараған. Аумағы тым үлкен автотұрақ болды, қалай болса солай салынған шағын дүкендер қаптап тұрды. 25 жыл ішінде ол аумақтан сотықтап жер алып алғандар бар екен, тіпті жартысы жекенің меншігіне өтіп кетіпті.    

Сондықтан 27 га жерді қала меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, меншік иесіне аумақты көріктендіріп, инвестиция құюды міндеттедік. Тағы бір айта кетерлігі, ол жер халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі болған еді. Алайда кейіннен соның жұрнағы да қалмаған, көңіліңді түсіріп жіберетін күйге енген. Айналаның бәрі босап, жұтаң тартып кетіпті. Сондықтан біз ірі көрме орталығын салып, Алматының сол аумағын Франкфурт үлгісінде көркейтетін жобаны ойға алған едік. Бірақ не себеп болғанын білмеймін, оны да жалғастыра алмадық. 

Мамай мырза өз видеосында мені Атакентте автотұрақ салуға рұқсат берді деп айыптайды. Ал шындығында, керісінше, барлық тұрақты жауып, қоғамдық кеңістік құра білдік», — деп сөзін қорытындылады Байбек.