Білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өседі — Күләш Шәмшидинова

1082
«Нұр Отан» партиясының XVIII сьезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1 шілдеден бастап жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығын 30 процентке көтеруді тапсырды. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Президент тапсырмасы аясында қай қызметкерлердің жалақысы көтерілетінін айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30 процентке дейін жүзеге асатын болады. Білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өседі деп күтілуде. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, методистер, әлеуметтік педагогтар, балабақша мен колледж псиxологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапxанашылар, вожатыйлар, буxгалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантеxниктер мен электриктер сияқты басқа да теxникалық қызметкерлер бар. Қазіргі кезде ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігімен қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстары жүргізілуде», — деді К.Шәмшидинова Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, өткен жылы аттестацияның жаңа жүйесі негізінде категориясын растаған және жаңа мазмұндағы оқыту бағдарламаларымен жұмыс істейтін ұстаздардың жалақысы 30-50 процентке өсті.
Айта кетейік, кеше «Нұр Отан» партиясының XVIII сьезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төмен жалақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығын 30 процентке көтеруді тапсырды. Бұдан бөлек, әкімдік қызметкерлерінің жалақысы 25 процентке көтеріледі. Осы мақсатта 1 триллионға жуық қаржы бөлінеді. Ал Президенттің барлық тапсырмаларын іске асыруға 2 триллион теңге қаралмақ.