«Бір аудан — бір кітап»

105
«ҚАЙТА МЕНІ ТІРІЛТЕДІ ӨЛЕҢІМ…»
Қалың жұртшылықты кітап оқуға белсене тарту мақсатында Америка Құрама Штаттарының Чикаго қаласынан бастау алған бұл игі бастама Қазақстанға да жеткені қандай ғанибет. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен еліміздің кітапханашылар қауымдастығының игі бастамасымен «Бір ел – бір кітап» акциясы өмірге келді. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық мәдениет басқармасы мен «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйытқы болуымен «Бір өлке – бір кітап» акциясы жүзеге асты. Уақыт өте келе бұл «Бір облыс – бір кітап», «Бір қала – бір кітап». «Бір университет – бір кітап» секілді сериялық акцияларға ұласқан болатын. Ал енді бұған қоса-қабат «Бір аудан – бір кітап» акциясы өмірге келіп отыр.
Аталмыш акция аясында Келес ауданында биылғы жыл майдангер ақын Тоқаш Бердияровтың кітаптарын оқуға арналғаны көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Аудандық мәдениет бөліміне қарасты орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жерлес қаламгердің шығармашылығын дәріптеуге орайластырылған «Қайта мені тірілтеді өлеңім…» атты әдеби-сазды кеш өтті. Басқосуға қатысушылар алдымен арнайы әзірленген кітап көрмесін ынтыға тамашалады. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Тұрдалина кеш қонақтарымен таныстырып шықты.
Аталмыш кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Тұрдалина көпшілікті кеш қонақтарымен таныстырып шықты. Іс-шараны ашқан жазушы, Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет, мәдениет, өнер бірлестігінің жетекшісі Бердалы Рысбеков майдангер ақын жайлы өз ойын ортаға салды. Сарыағаш ауданынан осы кешке арнайы келген ақын Тілләбек Жаңабаев, сондай-ақ келестік ақындар – Қыздаркүл Омарова, Жүсіп Әшімов, Нәрікбай Нақыпбеков, Жұмахан Тайтәлиев сөз сөйлеп, өздерінің арнау өлеңдерін оқыды. Өзбекәлі Жолдасбеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары — Нұризат Сайлауқызы, Жәния Рахманбекова Тоқаш Бердияровтың өлеңдерін жарыса оқып, тыңдармандарын тәнті етті. Шымкенттік ақын Сабырбек Тұрлыбектің сөзіне жазылған сазгер Ілесбек Амановтың «Дүниеге Тоқашты жаратты өлең» әнін қазығұрттық жезтаңдай әнші Гүлжан Сұлтанқызы Керімқұлова орындады. Меруерт Жұмәлиева, Әділет Әзімқұлова, Бақыт Ілесов, Әбдімәлік Тастеміров әуелетіп ән салып, әдеби-сазды кештің шырайын аша түсті.
Аудандық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ғалия Манахова қорытынды сөз сөйлеп, әдеби-сазды кешке белсене қатысқандарға Алғыс хат табыс етті. Осылайша бұл ізгілікті де игілікті іс-шара қаламгерлер өмірден қайтқанымен, олардың шығармашылық мұрасы мәңгі жасай беретінін айғақтайтындай ізгі әсер қалдырды.
Құттыбай ҚАЛЫБАЕВ,
ақын Тоқаш Бердияровтың туысқан інісі.
Түркістан облысы,
Келес ауданы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз