Бүгін – Амал мерекесі. Көрісу күні туралы не білеміз?

2635
Еліміздің батыс аймағында тойланатын Көрісу күні — жыл сайын жергілікті халық сағына күтетін мереке. Бұл салттың мәні неде және қалай тойланады?
Көрісу – Қазақстанның батыс өңірінде ғана сақталған ежелгі дәстүр. Аймақ тұрғындары 14 наурызды Көрісу күні немесе Амал мерекесі деп атайды.
Бұл ғұрыптың шығу тарихы туралы бүгінге дейін ғылыми тұжырымдалған нақты мәлімет жоқ. Бірақ әртүрлі болжам бар. Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясының мәліметінше, еліміздің батыс аймақтары мен Ресейдің Саратов, Астрахань облыстарының қазақтары арасында сақталып отырған мереке Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша тойланады.
Этнограф ғалым Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұл – қазір 22 наурызда тойланып жүрген мерекенің көне нұсқасы, жылдың нағыз басы.
1918 жылы Григорий күнтізбесіне өткенде қазақтың ай есебі шатасып кеткен. Қазақтың ай, күн есебі Ай күнтізбесімен жүреді. “Ай жаңасы”, “Ай толған” деп есептеуді үлкен кісілер әлі біледі. Енді мынаны түсініп алайық, 22 наурызда тойлайтын Наурызымыз Күн күнтізбесімен есептелген отырықшы халықтардың мейрамы болса, Көрісу күні – қазақтың атам заманнан келе жатқан Ай күнтізбесімен есептегендегі көшпелі халықтардың нағыз Наурызы. Сондықтан бұл – өзіміздің ежелгі төл мерекеміз, – дейді ғалым Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында.
Амал мерекесінде ауыл тұрғындары ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне “Жасың құтты болсын!”, “Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!” деп тілек айтады. Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамының үйіне барып, көріседі.
Бұл күні әр адам кемінде үш үйдің есігін ашуы керек, түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үй-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттіден салып алады. Бұл жоралғы “Жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін” деген ниеттен туған.
Бұл мереке – күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күндерінің бірі. Бала кезімізден 14 наурыз – Көрісу күні біз үшін ерекше мерекелердің бірі болды. Сол кезде біз бұл күнді бүкіл еліміз тойлайтын шығар деп ойлайтынбыз. Оны тек батысқазақстандықтар ғана атап өтетінін кейін білдік. Бүгінде Маңғыстау өңірінде бұл күн ерекше аталып өтеді. Әр отбасының үлкендері балаларына, ағайын-туысқа батасын беріп, бір-бірінің үйлеріне кіріп шығады. Біз үшін бұл – айрықша мейрам, – дейді Маңғыстау облысының тұрғыны Мақпал Күзенбаева.
Соңғы кездері Амал мерекесінің жақсы насихатталуының арқасында оның аясы кеңейіп келеді. Мәселен, былтыр Көрісу күніҚызылорда облысында тұңғыш рет тойланды.
Дереккөз:baribar.kz