Дәріханаларда медициналық бетперде қоры таусылып жатыр

1009
Еліміздің дәріханаларындағы бөлшек сауда желісінде ақпанның басындағы 9 миллион дана медициналық бетпердеден қазір 1 миллионы ғана қалды.
Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев айтты.
Ақпанның басында дәріханалардың бөлшек сауда желісінде 9 миллион данадан астам бетперде болды. Ол азаматтарды қорғаныш құралдарымен ай сайын қамтамасыз ету мен респиратор ауруларды болдырмау үшін жеткілікті еді. Бірақ коронавирус инфекциясы төңірегіндегі ажиотажға байланысты азаматтардың кейбірі бөлшек сауда желісінен бұл қорғаныш құралдарының барлық қорын сатып алды. Бүгінде дәріхана желілерінде 1 миллион дана бетперде қалды. Ал ажиотажға байланысты сұраныс 30 миллион данаға дейін өсті, – деді Арнұр Нұртаев.
Оның айтуынша, Қазақстан кәсіпорындары тәулігіне 180-200 мың дана бетперде өндіреді. Олар ең әуелі медицина мекемелеріне жеткізіледі.
Бүгінде медицина ұйымдары үшін 7,5 миллион данадан астам бетперде сатып алынды. Ол бетперделер тұмау жұқтырған, суық тигізген пациенттері бар ошақтарда – қабылдау бөлімдерінде жұмыс істейтін медицина жұмысшыларын сақтандыру үшін барлық медицина ұйымына берілді, – деді Арнұр Нұртаев.
Қазіргі кезде бетперде тапшылығына байланысты оларды Қазақстаннан шығаруға тыйым салынды. Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларға бір тұтынушыға 10 данадан артық бетперде сатпауға кеңес беріп отыр. Ал интернетте бетпердені жаппай сату туралы хабарландырулар бар. Саудагерлер 10 мың данадан 10 миллион данаға дейін бір-ақ сатуға дайын. 3 миллион теңгеден асатын ақшаға бірден 33 мың бетперде сатып алуға болады, олардың әрқайсы 95 теңге тұрады. Қарапайым азаматтар болса, дәріханалардан бетперде таппай жатыр.