ЕЛ БІРЛІГІН САҚТАМАҒАН САТҚЫН АДАМ!

1100
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Пенде шіркіннің пайымсыздығында дауа жоқ. Сол пайымсыздықтарымыздың бірі-көбіне тіліміздің ұшына келген кез келген кеспірлі сөзді ойланбай лақ еткізе салу. «Айтылған сөз-атылған оқ». Оны кері қайтара алмайсыз. Сіздің әзілдедім немесе ойнап айттым деген долбарыңыз кейде нысанадан мүлт кетуі бек мүмкін. Бір сөз бар қате тиеді, бір сөз бар бата тиеді. Бата тиген сөз жан ауыртады, жүйке жұқартады. Ойнап айттым деген оспадарсыз әзіліңіз қасыңыздағы біреудің жазылмай жүрген жарасының ауызын тырнап кетуі мүмкін ғой. Кейбір кеудемсоқтар шындықты айттым деп өз пікірлері кесірінен шырмауыққа оратылып қалғанын сезбей де қалады. Мұның тасасында біреуді ғайбаттау, қаралау, өсектеу, жалған айту, құпия сырды жаю, уәдені бұзу сияқты аярлықтар бұғып жатпасына кім кепіл? Қарап отырсақ, шынында, адам күнәнің көбін тілінен табады. Сондықтан да бабаларымыз «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» деп жалғандықтың, жалбақайлықтың, жансыздықтың, басқа да жаман атаулының алдын алып отырған.
Ісіп-кеуіп жүрмесе бойына ас батпайтын адамдар арамызда толып жатыр. Мақтанқұмарлықтың да мөлшері болады. Бірақ біз мақтанамыз деп отырып, адал адамды қаралап, жүрегін жаралап кетеміз. Бір ағайындар бар, жүрген жерлерінде адамдарды алалап, жік-жікке бөліп отырады. Сөзіне ие бола алмайтын адамдардың күйесі адал адамдардың жазиралы жайлауын жапырып , көңіл аспандарына көлеңке түсіреді.
Мына бір тағылымды тәмсілді бәріміз де білеміз. Сонда да айтпағымызға тұздық болсын деп сол әңгімені қайталап отырмыз. Мұны айтып, тыңдарман мен оқырманды мезі қылып аламыз деп ойламаймыз. Өйткені, бала санасына өшпестей болып жазылсын деп ұстаздар өткен сабақтарын қайталатпаушы ма еді. Сол сияқты бұл әңгімені де жиі-жиі еске түсіріп тұрғанның пайдасы болмаса, зияны жоқ.
Есте жоқ ерте замандарда бір қаһарлы патша ғұмыр кешкен екен. Сол патша ерігіп отырып уәзірін базарға жұмсайды. «Маған ең тәтті тамақ сатып әкел» депті ол қаһарланып. Базарға барған уәзірі ойланбастан тіл сатып әкеліпті. Ертесіне патша «енді ең ащы тамақ әкел» деп уәзірін базарға қайта жұмсайды. Ал, уәзірі бұл жолы да тіл әкеліп тұр. Патшаны тұлан түртіп, долданады.
-Сен тілден басқа тамақ білмейсің бе?- дейді өктем сөйлеп.
-Уа, әміршім,-деп басын иіпті уәзірі,- тілден тәтті дүниеде не бар? Тәтті сөз жаныңды шуаққа бөлеп, нұрландырмаушы ма еді? Жаратушы Иеміздің уахи сөздерін уағыздап, адамдарды иманға ұйытатын да тіл. Ал, екінші жолы тағы да тілді әкелгенім, тілден ащы ештеңе жоқ. Ащы тіл адамдардың арасын ашады, жалған сөз жүректерін жаралайды. Елмен елді жауықтыратын да тіл. Жан жадыратып сауықтыратын да тіл. Сондықтан тілден тәтті, тілден ащы тамақты таба алмадым.
Патша уәзірінің тапқырлығына риза болып, сый-сияпат жасапты деседі. Мұндағы гәп сый-сияпатта емес, ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болу керектігінде. Күні кеше қазақ қоғамында аздаған қолайсыздықтар орын алды. Алматы қаласында жастар рұқсат етілмеген шеруге шықты. Бұны олар өздігінен жасаған жоқ. Жастардың пісіп-жетіле қоймаған санасын улап, оларды жарға итермелеп отырған озбыр топ бар екені жасырын емес. Солардың бір шоғыры шетелдерде жүрген өз азаматтарымыз болуы мүмкін. Өздерінің бас мүдделері үшін жастарды айдап салып, өздері тасада қалғысы келеді. Олардың зауалын Алла тағала береді десек те, тыныштықтың түңілігін түргендер әуелі сөз қоздатқаны белгілі. Сол сөз еселене келе жастарды жолдарынан жаңылыстырды. Олардың алды бүгінде опық жеп отыр. Айтаққа ергеннің жазасы жеңілдемейді.
Осы ретте арамызда жүрген ата сақалы ауыздарына түскен ақсақалдарымыз бен қарасақалдыларымызға да өкпеміз таудай. Олар жастарға «қойыңдар» деудің орынына «сойыңдар!» деп астыртын тапсырма беріп, ақыл-естері жетіле қоймағандардың шабынан түртіп, еліктірген тәрізді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми кірісу рәсімінде атап көрсеткендей: «Халқымыздың татулығы, ынтымағы,бірлігі-біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау- баршамызға ортақ парыз». Осы анықтамаға алып-қосар сөз бар ма? Әрине, жоқ. Алайда, біздің кейбір әсіредемократтар елді дүрліктіруге құмар. Қанша жерден отаншыл, демократ болғаныңызбен, ел тыныштығын ойламаған адам –сатқын адам!
Қасиетті Құранның «Каф» сүресінің 18 аятында: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды алдында аңдушы дайын» делінген екен. Иә, ауыздан шыққан әрбір сөзге түрлі бояу беріп, сан құбылтатындар әр жерде-ақ бар. Сондықтан, тілге көзге сақ болғандай сақ болуымыз керек. Тілінен опық жеп, тағдырын тәлкекке салғандар тарихта толып жатыр.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманда Әбу Бәкір Сыддық деген тақуа адам өтіпті. Ол көп сөзділіктен құтылу үшін үнемі ауызына кішкентай тас салып жүреді екен. Мұның сырын білгісі келгендерге: «Пайдалардың маған келтірген пайдасы» деп жауап қатыпты. Бұдан артық өнеге табылар ма?!
Осы мен де ауызыма тас салып жүруді бастаймын-ау деп ойлап қоям. Періште емеспіз. Пендеміз. Даңғойлықпен, дарақылықпен асып-тасып
сөйлеп қалатынымыз да жасырын емес. Алла кешірсін, пенделікпен басқаның бақшасына тас та лақтырған шығармыз. Иә, Әбу Бәкір Сыддықтың өнегесін бар қазақ ұстанатын болса, әр таңымыз арайланып атары анық. Арайлап атар әр таңда береке бар. Сол берекені берекелі ету үшін көпсөзділіктен тыйылып, көп ізденіп, көп жұмыс істеу керек! Әлемдегі озық елдердің қатарына шығаратын ұшпақ та осы.
Түркістан облысы.