ЕЛБАСЫ ДОСТАРЫ ОТЫРАР МЕН ТҮРКІСТАНДЫ АРАЛАДЫ

1132
Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мектеп қабырғасында және Днепродзержинскіде бірге оқыған сыныптас, курстас достары Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, ұлылар мекенінің тарихымен танысты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»   бағдарламалық мақаласы аясында «Елбасы жолымен» тақырыбында ұйымдастырылған интерактивті-танымдық сапар барысында келесі жылы туғанына 1150 жыл толатын энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен Мысыр елін 18 жыл билеген даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың Дамаскідегі зираттарынан алынып топырақтары салынған кешен-тақта  орнына да тағзым етті.
Елбасы достарын Отырар ауданының басшысы Ерлан Қуанышұлы күтіп алып,  бабалар басына зиярат етуге келген М.Сапарбаев атындағы университеттің студенттерімен де таныстырды. Қонақтар мен жастар Елбасының рухани жаңғырудың мән-мағынасын ашқан мақаласы аясында пікір алмасты.

Сондай-ақ,  Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміздің  Қазақ мемлекеттін қалыптастыруда еткен ерен еңбектері, бала кездегі алғырлығы мен озат, намысқойлығы, студент жылдарындағы үлгісі жөнінде де кеңінен айтылды.
Қазыналы қариялар сапары Түркістан қаласында жалғасып, Түркі халықтарының астанасы болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына құран бағыштады. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегі тарихи жәдігерлер мен тұлғалар жайлы мәліметтермен танысып, жуырда ғана қайта іске қосылған ортағасырлық құдық суынан ауыз тиді.