Елордада көше саудасына және үйге қонаққа шақыруға тыйым салынды

741
Елордада карантин аяқталғанға дейін серуендеу кемесінің жұмысына, көше саудасының кез келген түріне, отбасылық еске алу, әдет-ғұрып және өзге де іс-шаралар өткізуге, кейтеринг және мерекелерді ұйымдастыру қызметін көрсетуге тыйым салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәиеваның қаулысында көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаулыда айтылғандай, жобамен 50 адам отыратын орны бар дәмхана мен мейрамханалардың жұмысына рұқсат етілген, бірақ ұжымдық іс-шаралар өткізуге және банкет пен салтанатты залдардың жұмысына тыйым салынады.
«Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен карантиндік режимді сақтай отырып, білім беру орталықтарының, әртүрлі сала мамандарын даярлау курстарының, семинар сабақтарының, ересектерге арналған үйірмелердің қызметіне рұқсат етілсін. Тек жеке сабақтар болуы керек немесе топтағы адам саны бесеуден аспауы шарт» делінген құжатта.
Сондай-ақ, серуендеу кемесінің жұмыс істеуіне, көше саудасының кез келген түріне тыйым салынған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Нұр-Cұлтан қаласындағы департаменті қалада коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі қосымша шара қабылдады.