ХАН ОРДАСЫ ОРНАЛАСҚАН МАГИСТРАЛДЫ КӨШЕ ЗЕРТТЕЛІП ЖАТЫР

989
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Жеті ата» қақпасына дейінгі ортағасырлық магистралды көшені анықтау  және тарихи қалпына келтіру, туристік нысанның біріне айналдыру мақсатында археологиялық қазба жұмыстары жүруде.
  Ортағасырлық бас көшеде қолға алынған жұмысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және «Қазқайтажаңарту» мекемесінің археологиялық тобы жүргізуде.

-«Бас көшенің ұзындығы — 620 метрді, ені — 5 метрді құрайды. Қазіргі таңда 100 метрге жуық жерде археологиялық қазба жұмыстары жүрді. Биылғы жылы 320 метрден аса аумақты зерттеуіміз қажет. Жолдың қос қапталындағы тұрғын үйлермен қоса есептегенде тарихи көшенің ені 25 метрге дейін ұлғаяды. Бұл көшенің бойында  Есім хан негізін қалаған Хан ордасы мен хан мешіті  бар. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған табыстар бұл орынның алтыншы құрылыс қабаты XVII ғасырдың соңы мен XVIIIғасырдың бірінші жартысы арасында қалыптасқандығын, яғни бұл кезеңде Хан ордасын — Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың мекен еткен кезеңіне сәйкес келетінін көрсетеді. 1743-1745 жылдар аралығында Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіт Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс бетінен екінші Хан ордасын қалыптастырады. Әбілмәмбет хан өлген соң (1771ж.) қазба жүргізіліп жатқан Орданы оның ұлы Болат хан 1798 жылға дейін мекен еткен деген тұжырым жасауға болады. 2011жылы қазбадан аршылған бөлмелердің 15-інің қабырғалары саз кесекпен қайта өріліп, сақталуына және маңыздылығына қарай олардың биіктіктері 1,2 м-ден 2 м дейін көтерілді. Бөлмелердегі сыпалар, тандырлар, ташнаулар, сандалдар қайта қалпына келтірілді. Қабырғалары сабан аралас сыбақпен сыбалып ханның тұрған үйінің бір бөлігі сол заманғы көрінісімен жасалған»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.
Археолог Марат Қымызұлының айтуынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Жеті ата» қақпасына дейінгі аралықты жалғайтын Жеті ата көшесі 1950 жылдарға дейін жұмыс істеп тұрған. Аталған аумақтың тарихи орны сауда-саттық пен қолөнершілердің мекені болған. Осы орайда Көшені XVIII ғасырдағы бөлігіне дейін зерттеп, жолдың қос қапталындағы үйлердің де орнын ашып, қайта қалпына келтіру жоспарланған. Нәтижесінде, Түркістан қаласына келген туристер қыш, ағаш, керамикадан жасалған қолөнер бұйымдарын сатып алып, тіпті қолөнершілермен бірге жасап, үйренуге де мүмкіндік алмақ.  Сондай-ақ, ежелгі шаһарға саяхаттап келгендер тарихи орындарды тамашалап қана қоймай, хандар мен билер мінәжат еткен мешітке де бас сұғып, Хан ордасымен де танысатын болады.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи-мәдени мұра саласында өте ауқымды міндеттер жүктегені белгілі. Солардың қатарында, тарихи-мәдени мұраларға археологиялық қазбалар циклын жүргізу, оларды реставрациялау, музеефикациялау және әлемге танымал туристік орталықтарға айналдыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Ірі жобалардың бірі – Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды танымал туристік орталыққа айналдыру үшін реставрациялау және қайта жаңғырту жоспарланған. Кешенді ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстар Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Есім хан кесенесі, Сегіз қырлы кесене, Шілдехана, XIX ғасырдағы Түркістан цитаделінің көшелерінде атқарылып, «Жеті Ата» қақпасынан кесенеге дейінгі орталық магистралды көше қалпына келтіріледі.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі