ЖҮНІСБАЙ БАТЫР

2314
Тарихта қазақ-қалмақ арасындағы соғыс арадағы біраз үзілістерді есептемегенде екі жүз жылдан аса уақытқа созылған деген ақиқат дерек бар. Бұл соғыс 1520 жылдардан басталып, 1756 жылға (1771 жылғы «Шаңды жорықты» айтпағанда) дейін созылған. Осынау екі ғасырдан астам уақытқа жалғасқан осынау соғыстың жаңғырығы осы күнгі ұрпақтардың да санасынан кетпей, бүгінгі көпшіліктің ой-түйсігіне ілкі кезеңдерде қазаққа қалмақтан басқа жау болмағандай ұғым мен сенім қалыптастырған. Әлбетте, қазаққа қалмақтан басқа да жау аз болмаған. Бірақ көп зерттелді деген сол қазақ-қалмақ соғысының өзі әлі күнге дейін бүге-шігесіне дейін толық зерттелген жоқ. Және оған қатысқан көп батырлардың есімдері мен көрсеткен ерліктері де қазіргі ұрпаққа жете таныстырылмаған, соның кесірінен олардың аттары мен ел үшін атқарған қызметтері бүгінгі жұрттың есінен ұмытыла бастаған, Күні кешеге дейін ел арасындағы қариялардың аузында көп айтылатын, ал бүгінде зерттеушісі жоқтықтан көпшіліктің жадынан шығып бара жатқан сондай қаһармандардың бірі – Жүнісбай батыр. Бүгінгі мақаламызда ел аузынан жиып-терген біраз мәлімет-деректеріміздің негізінде сол Жүнісбай батыр туралы біраз келелі ой айтсақ па дейміз.
Алдымен қалмақ аталған хандықтың қандай ел болғаны жайында аз-кем мағлұмат бере кетейік. Қазақша – қалмақ, ал монғолдар «үөлет» деп атаған бұ халықтың негізгі аты – ойрат. Ойраттар – монғол тектес жұрттың бірі, Шыңғыс хан тұсында бар тарапқа белгілі болған халық. Шыңғыстың кенже ұлы Төле ханның тұсында Алтайдың түстігі мен Қара Ертіс, Ханғай өңіріне – ежелгі керей, найман қоныстарына берік орнығып, монғол ұлысының сол қанатын құрайды. Сол қанатты құраған қауымды немесе әскерді монғолдар зұңғар (сол қол деген мағынада) деп атаған. Қазақша «жоңғар» атауы – осы «зұңғар» сөзінен шыққан. 1420 жылы өз іштерінен көсем боп танылған Тоған хан зұңғар атанған ойраттың басын біріктіріп, қуатты елге айналдырады.
Қалмақ хандығы белі бекіп, ел болғаннан бөтеннің жері мен байлығын олжалауды мақсат тұтқан қалмақтың басына тәңір мамыражай кезең, жайсаң ғұмырдан гөрі зобалаң шақтармен шектелген күндерді көбірек сыйлапты. Қалмақ хандығы өзінің үш ғасырлық ғұмырында барлық күндерін ылғи соғыспен өткізген және барлық уақытта да, басты жауы – қазақтар болған.
1698 жылы Қалданның орнына қонтайшы тағын иеленген Сыбан-Раптан бауырластарын қайта рухтандырып, халқының болашағы үшін жаңа күреске дайындалады. Сыбан-Раптан күш жиып алған соң жан-жағын аңдаса, ойратқа келешекте жайлы мекенге, бақуат тұрмысқа лайықты қоныс боларлық тұрақ қазақ иелігінен басқа жерде жоқ екенін сезеді әрі оны жаулап алуға толық күшім жетеді деген қиялға ереді. Осындай қиялмен бұрынғы қонтайшылар қазақ жеріне мал мен көп олжа табу үшін ғана аттанса, Сыбан-Раптан басып алған өлкелерде мәңгілік орнығуды көксейді.
Осы мақсатпен ол, 1798 және 1710 жылдары екі рет жойқын шабуыл жасайды. 1718 жылы күллі Оңтүстікті ойрандап кетеді. Оның ең зұлматты шабуылы 1723 жылы болады. Бұл жылғы шабуылының зұлматты болғаны сондай, шығыс және оңтүстік тараптағы қазақтардың басына Ақтабан шұбырынды орнап, бар Алаш баласы туған жерлерінен безіп, босқындыққа түседі.
Жазған қазақ содан 1726 жылы ғана ес жиып, қалмақтарды тойтару мақсатында Ордабасыда үлкен жиын өткізеді. Артынша, Алдымен Бұлантыда, одан кейін Балқаш көлінің түстік тарапында айтулы жеңістерге жетеді.
1723 жылдан кейін қалмақтар негізінен Жетісу жері, Оңтүстік және Ташкент өңірін мекендеген. Олар Ташкент қаласын алғаш рет 1729 жылы басып алған. Бірақ қалада тұрақтамай, мұнда өз өкілдерін қойып, негізі күші Қазығұрт маңы мен Сайрамға шоғырланған. Тап сол жылы үйсін, арғын, қоңыраттардан алты мыңға таяу қол жинаған Төле би мен Жолбарыс хан Ташкентті қалмақтардан тартып алады. Содан біраз уақыт екі тарап тыныштықта тұрады. 1735 жылы Сыбан Раптанның оңтүстіктегі тайшысы Сары Мәнжі Ташкентке қайта шабуыл жасап, шаһарды иеленеді. 1739 жылы қазақтар қаланы қайтадан өздеріне қаратады. Алайда бір жылға жетпей Сары Мәнжі онға жуық зеңбірегі, үш мыңға таяу мылтығы бар он мыңдық әскермен Ташкентті үшінші рет жаулайды.
Міне, осы кезеңнің тарихы, яғни қазақтардың Ташкент пен оның өңірі үшін жанталаса шайқасқаны, сол соғысқа қандай қолбасылар мен батырлардың қатысқаны, олардың көрсеткен ерлігі мен бастарынан кешкен қиямет күндері, басата айтқанымыздай, бүгінгі ұрпаққа әлі толыққанды түрде таныстырылған жоқ әрі жете зерттеулер нысандарынан сырт қалып келеді. Міне, осы кезеңде оңтүстік өңірін жайлайтын рулар арасынан қаншама батырлар шығып, басқыншы қалмақтарды Ташкент пен Шымкент айналасынан біржолата қуып шығуға ерен үлес қосты. Жүнісбай батыр да дәл осы кезеңде жауға шауып, ел үшін қан төккен.
Жүнісбай батыр – Ұлы жүз дулат тайпасының жаныс рулар бірлестігіне жататын Оймауыт руынан шыққан. Шежіре бойынша, Жаныстың төртінші әйелінен Оймауыт, Бөгежілі, Бөдік атты үш ру. ХІХ ғасырда өмір сүрген Қасымбек болыстың шежіресіндегі мәліметке сүйенсек, Оймауыттан – Манатай. Манатайдан – Қара, Сары, Бек. Қарадан – Есенжар, Тәуке. Тәукеден – Сыбанай, Бердәулет. Бердәулеттен – Қареке, Болат, Құрақ. Қарекеден – Түлкібай, Жүнісбай, Бұқар, Мұқан. Қазақ-қалмақ соғысы кезінде Оймауыт руынан атағы шыққан батыр Жүнісбай – осы.
Ел аузында қалған көне тәмсілге сенсек, Жүнісбай ес білгеннен тағдыр-талайына қалмақ тарапынан аса ауыртпалық орнаған ел-жұртының қиналысқа толы зұлматты күндерін көріп өсіпті. Тумысынан намысшыл ол, содан кеудесіне ата жауға деген өшпенділікті қатайтып ержетеді. Сөйтіп, он сегіз жасқа толмай жатып-ақ атқа қонып, «ендігі ғұмырым қалмақпен алыспен өтсін» деп өз-өзіне серт беріп, қазақ жасақтарынаң сапынан табылады.
Аты күллі қазаққа мәшһүр, телегей теңіз ойлы, жарасты сұңғақ бойлы Төле би кезінде «Оймауытпын дегенше – Жүнісбаймын десейші, Жүнісбаймын дегенше – Жеңісбаймын десейші» деп айтқан екен. Әз Төле Жүнісбайды «Жеңісбай» деген ныспыға бекер теңемеген. Өйткені Жүнісбай өзі түскен жекпе-жек шайқастардың барлығын жеңіспен аяқтайды екен. Расында, ел аузында қалған естеліктер бойынша, Қарекеұлы Жүнісбай жекпе-шайқастың нағыз майталманы болыпты.
Қазақтар қалмақтарды оңтүстік жерінен түре қуа бастаған 1746 жылы Төле би бастаған төрт мың қолдық Ұлы жұз жасағы Бағаналы тауының етегіндегі Сырлы жазығында (қазіргі Қазығұрт ауданындағы Еңбекші ауылының батысындағы алап) саны өздерінен екі еседей көп қалмақ әскерімен кездеседі. Ол кездегі қалыптасқан соғыс дағдысы бойынша, екі жақ үлкен ұрыс алдында өз батырларын жекпе-жекке шығаратын болған ғой. Ұрыс басталар кезде қалмақтар жағынан ұзындығы есік пен төрдей, тұрқы дәу атқа мінген зор денелі бір дәу батыр саптың алдына шығып: «Уа, қазақтар! Тап қазір маған қарсы тұратын қайсың бар?! Осы күнге дейін батырсынған он бес қазақтың басын кестім. Он алтыншы болып кесілетін басы бар батырларың болса, шықсын, қазір ортаға!» деп айқайлайды.
Жазық ортасында дәу атын ойқастатып, күндей күркіреген алпамса денелі қалмаққа қарсы жекпе-жекке шығуға қазақтар жағынан әп дегенде ешкім табыла қоймайды. Барлығы ананың түрінен шошынғандай, демдерін іштеріне тартып, тынып тұрады.
Қазақ арасындағы батырлардың ешқайсысы ұрысқа ерік білдірмегенін аңдаған Жүнісбай атына қамшы басып, найзасын оңтайлай ұстап, қалмаққа қарай шаба жөнеледі. Мұны көрген Төле би: «Қап, мына қызталақ тағы да қызбалығын көрсетті-ау! Жазым болып жүрмесе игі еді» деп өкініш білдіреді.
Жүнісбай болса, сол шапқаннан арындап барып, атын ойқастатып тұрған әлгі қалмаққа найзасын бір сілтеп өтеді. Найзасы дәлдеген жеріне тимей, ат ерінің қасына қадалады. Жүнісбай ерге қадалған найзасын суырып алмаған күйі ары шауып өткенде, найзамен бірге қалмақтың аты да айналып кетеді де, үстіндегі батыр бір жағына жантайып барып, әрең құламай қалады. Осы кезде қазақтар: «Шоқпармен ұр, басына, шоқпармен ұр!» деп шу етіседі. Бірақ Жүнісбай қалмақ батырын ұрмай, оның ет үстіне қайта түзеліп отырғанын күтеді. «Ай, мына бала жантайған жауын бір ұрып құлатпай, қателік жасады-ау. Енді өзі опық жеп қалмаса де» деп Төле би де өкініш білдіреді.
Қалмақ батыр ерге түзеліп отырған соң Жүнісбайға ақыра ұмтылады. Оның сілтеген найзасын Жүнісбай найзасымен қағып жібергенде екеуі де ұзын көк сүңгілерін жерге түсіріп алады. Найзаларынан айырылған қос батыр енді сойылдасуға кіріседі. Қатты кәтіреңке ағашынан жасалған сойылдар бір-біріне тигенде қатты соққыға шыдас бермей, сынып түседі. Сынған сойылдарын лақтырып тастаған батырлар, келесі кезекте қылыштарына жармасады. Қос баһадүр бес алты рет қылыштасқанда болат қарулардың жүздері майырылып кетіп, олар да ұрысқа жарамай қалады. Содан бар қаруларынан айырылған екі батыр ат үстінде ұстаса кетіп, бір-бір ат үстінен аударып тастауға кіріседі. Алайда екеуі де бір-біріне берілмей, әлекке түседі.
Жүнісбайдың өзінен қалыспайтын мықты екенін ұққан қалмақ батыры беліндегі қанжарын алып, мұның арқа тұсына сілтеп кеп жібереді. Абырой болғанда, Жүнісбай аса шапшаңдықпен атының басын кейін тартып, шалқайып үлгереді. Бірақ, бәрібір, сілтенген қанжар санына қадалады. Санының ауырғанына қарамаған Жүнісбай сәл кейін шегініп барып, ерінің қасында ілулі жатқан тұзақ-арқанды лақтырып жіберіп, өзіне тағы ұмтыла берген қалмақтың мойнына дәл түсіреді. Қарсылас батыр арқанды мойнынан сыпырам дегенше, бұл атын тебініп қалып, шаба жөнеледі. Амалы қалмаған қалмақ керілген арқанмен бірге ат үстінен сыпырылып түседі. Жүнісбай оны сүйреткен бойда біраз жер шапқылап барып, артына қараса, қазақтар да, қалмақтар да аңтарылып қалыпты. Арқан ұшындағы батыр қимылсыз қалыпты.
Аздан соң өз батырыларының мерт болғанына көздері жеткен қалмақтар атой сап, қазақтарға лап қояды. Сандарының аздығына қарамай, қазақтар да қарсы шабады. Сөйтіп, кескілескен ұрыс кешке дейін жалғасып, екі жақ бір-бірін жеңе алмай тарасады.
Жүнісбай содан кейін де көптеген жекпе-жекке шығып, бәрін жеңіспен аяқтапты. Жекпе-жек кезінде оның әдісі мынадай екен: қарсыласына қарай шауып барып, найзасын оның ерінің қасына қадайды екен. Сөйтіп, ерге қадалған найзамен бірге қарсыласының атын айналдырып жіберіп, үстіндегі батырды сойылмен бір ұрып жайратады екен. Осы әдіспен тоғыз жекпе-жекте мерейі үстем болыпты.
Өкінішке орай, бір кездері Жүнісбай туралы айтылатын көне әңгіме көп болғанымен, мына біздің, яғни кейінгі ұрпақтың ескі тәмсілдерге деген немқұрайлығымыздан ал жайындағы көп естеліктер келмеске кетті. Жоғарыдағы жазылған әңгімелер бір кездері құлағымыз шалып қалған естеліктердің еміс-еміс жаңғырығы ғана. Сол жаңғырық естелік бойынша, Жүнісбай жиырма бес жасында қаза тапқан әрі арнынан ұрпақ та қалмаған. Оның қалай қайтыс балғаны жайында да екі түрлі әңгіме бар. Бірінші нұсқада – «Жүнісбай қалмақтармен қатар қырғыз басқыншылары-мен де соғысқан. Түлкібас жақтағы қалмақтармен болған бір соғыстан қайтып келе жатқанда жанындағы сарбаздарын таратып жіберіп, жалғыз серігімен Ташкентке беттепті. Келестің орта шеніне келгенде серігі екеуін қалың қырғыз қолы қоршап алыпты да, алдымен аттарын, одан соң екеуін садақпен атып өлтіріпті» делінеді. Екінші нұсқада – «Ташкенттен шыққанда сол жерді тұратын сарттар мен қырғыздар үзеңгісіне білдірмей у жағып жіберіпті. Шаһардан шығып, Келес ортасына жеткенде (бүгінгі Қазығұрт кентінің маңы) сол удан өліпті» делінген.
Қалай дегенде де, бұл әңгіменің астарында шындық бар. Өйткені қазақ пен қырғыз 1740 жылдардан бастап 1825 жылға дейін қатты жауласқан. Тіпті екі елдің арасындағы жауластық 1847 жылы Кенесары хан өлтірілгенге дейін де жалғасқан. Осы жаулықта Сәмен, Жауғашты, найман көкжал Барақ, Бердіқожа, Тойшыбек, Ақпан, Оратан сияқты қазақтың талай дарабоз батырлары қырғыз шапқыншыларының қолынан қаза тапқан. Бұл жауластықтың көп себебі бар әрі оны талдау бүгінгі мақаламыздың міндеті емес. Сондықтан да оған тоқталмаймыз. Бірақ қазақ-қарғыз қақтығысының тарихта нақты орын алғанын ескерсек, Жүнісбайдың қырғыз шапқыншыларының қолынан өлді деген ескі әңгіменің ақиқаттығына сенгеніміз абзал.
Жүндібай он сегіз жасынан батыр атанып, 1744-1750 жылдар арасында Ташкент, Шымқала, Сайрам өңірін, Шу-Талас, Үшалматы бойын қалмақтардан азат ету күрестеріне қатысқан. Ол шамамен 1725 жылы қазіргі Қазығұрт ауданындағы Майбұлақ елді мекенінің үстіндегі Шоқалақ деген жерде 1725 жылы туылып, 1750 жылы Келес өзенінің бойында тосыннан шапқан жау қолынан қазақ тапқан. Арпалысты заманда атойлап жүріп, артынан ұрпақ та қалдырмапты.
Иә, баста айтқанымыздай, қазіргі бейбіт заманның адамдары – мына біз, бүгінде өткен ғасырлардағы батыр бабаларымыздың көбісінің есімдерін ұмыттық, болмаса ілкі тарихқа зер салып, уақыт шаңына көмілген көмбені ашуға құлықсыз болып кеткен сияқтымыз. Ал бұл тұрғыда көмбе дегеніміз – қазіргі ұрпақтың жадынан шығып бара жатқан атақты бабаларымыздың тарихы ғой. Олай болса, біз бүгін осы мақаламызбен Жүнісбай батырдың атын қайта тірілтіп, сондай бір көмбенің шетін аштық деген ойдамыз.
Сонымен, Жүндібай батыр туралы қағаз беттіне түсірген осы аз ғана мәліметтеріміздің өзі – өткен замандарға тура көзбен қарай алатын саналы азаматтарға біраз ой тастар деп сенеміз. Оған қоса, ол жайындағы мәліметтерді білетін кісілер табылса, біздің қолымызда бар деректерге үстеме мәлімет қосар деген үмітіміз тағы бар. Өйткені, «әруақ сыйлаған – азбас» деген қазақы қағидаға сүйенген жан, қастерлі ата-бабалардың есімін үнемі жоғары көтеруге құштар боп, аттарын шығаруға жан-тәнімен кірісері сөзсіз.
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы.