Қабдеш Жұмаділов: «Кітаптағы кейіпкерім өлгенде өзім де жыладым»

8768

Қабдеш Жұмаділов 2017 жылдың маусым айында Массагет сайтының «Айна» жобасында қонақта болды. Қос Империяның да дәмін татып, 200 мыңнан астам қазақты ата қонысына бастап келген тұлғаның көкірегі тұнған қазына. Әдетте бағдарлама түсірілімі 30 минутта аяқталатын. Ал қазыналы қарт жазушымен болған сұхбатымыз 1 сағаттан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде қаламгердің сырлы сұхбаты бағдарламамыздың екі бірдей санына арқау болған еді. Назарыңызға халық жазушысының сол бағдарламада айтқан тұщымды ойларын ұсынамыз.

Мен екі империяның – Қытай империясы және Кеңес одағының да дәмін таттым. Сондағы түйгенім – халық азат болмай ұлт, жеке адам бақытты болмайды.

♦ Мен көңілі бос, халық үшін алаңдайтын адаммын. Кейде өз шығармамдағы кейіпкерім өлгенде жылаған кездерім болған. Дарабоз романындағы сүйікті кейіпкерім, 2 кітап бойы майданда қасында жүрген, дәмдес болған Қабанбай батыр Қубас аттан ұшып түсіп, ажал құшады. Сонда ауылдас туысы Шағалақ келіп жоқтау айтқанда мен де шыдай алмай жыладым. Тағдыр романында Демежанды дарға асайын деп жатқан кезде тағы да көзімнен жас шықты.

Өмірде ештеңеге күйінбейтін, жаны ашымайтын адамдар қауіпті. Құдай солардан сақтасын. Ондай адамдардың өз басы, өз миллиондары, миллиардтары аман болса болды. Олардың ешкімге жаны ашымайды.

♦ Көркем әдебиеттің бір міндеті өмірді тоқтату. Ағып тұрған өмір тоқтамайды, бірақ жақсы шығармалар бетінде өмір тоқтайды екен. ХІХ ғасырдың қазақтары, Арқаның қазақтары «Абай жолында» тұр ғой. Оқысаң сол Әйгерімдер, сол Абайлар қайтадан елестейді.

Проза жазуға ақындықтың түк кедергісі жоқ. Менің романдарымда өлең көп кездеседі. Мысалы Демежанның ауылына Әсет келеді. Сол кезде оның алдына көк қасқа тайды әкеліп бата сұрайды. Мен сол батаны өлеңмен бердім. Оған бата жазып бер деп ешқандай ақынға айтқаным жоқ. Өзім жаздым. Менің прозам жай проза емес ақынның прозасы. Ақындықтың пайдасы прозаңа қан жүгіртеді, жылылық таратады.

♦ Мен өмірде жазамын-ау деген шығарманың бәрін жаздым. Бақыттымын. Өмірі тапсырыспен шығарма жазған емеспін. Көкейімдегі кейіпкерлер әбден ширады, жазбасқа болмайтын кезде қолыма қалам аламын.

♦ Өзім қатарлы, өзім сыйлайтын, өте сауатты, прозаның өте биік деңгейіне көтерілген жазушылар бар. Олар: Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік. Солардың шығармаларын сүйсініп оқимын. Кейінгі уақытта Жазушылар одағына топ-топпен өтетін болыпты. Қайбір жылы Нұрлан Оразалин бір жыл ішінде 42 адамға «Алаш» сыйлығын берді. Қарап отырсам көбін танымайды екем. Тіпті кейбірі шығарма жазбаған. Қазіргі әдебиеттің саны көбейгенімен, сапасы жоқ.

♦ Бақыт дегенді әркім арқалай түсінеді. Мысалы шопан 100 қойдан 150 қозы алып «Еңбек ардагері» деген атақты иеленсе соны бақыт дейді. Бақыт дегенді қысқаша түсіндіру қиын. Оны жалпы, мақсатты орындалу десек дұрыс болар. Өзімді де бақытты адамдар қатарына қосамын.

Біз алдымен экономика, сосын руханият дедік. Осынымыз қате болды. Қазір рухианиятты жаңғыртамыз деп жатырмыз. Оны алдымен өзіміз бүлдіріп алдық. Енді қайта түзеу оңай емес. Мысалы құлдыраған экономиканы жақсы экономистің арқасында 5-10 жылда түзей аласыз. Ал құлдыраған сананы аз уақытта түзей алмайсыз. Оған кемінде жарты ғасыр керек.

♦ Өлімді түсіну үшін сана керек. «Туу парыз, өлу сүннет» дейді шариғат. «Өлместі Құдай жаратпайды, тозбасты ұста соқпайды» деп қазақы философия баяғыда айтып кеткен. Бір-бірін солай жұбатқан. 63 жастан асқасын, Құдай берген жасыңды олжа деп санау керек. Жазушыға ұзақ өмір сүрген керек. Мен де 60-тан асқасын біраз дүниелер жаздым. Бір күні Алла «тоқта» деген кезде тоқтаймыз.

♦ Мен қазақтың жазушысымын. Біреулер өзін адамзаттың жазушысы санайды. Жоқ, мен оған ұмтылмаймын. Адамзатқа ақыл айтатын әр ұлттың өз жазушысы болу керек. Француздар, немістер, қытайлар менің ақылыма зәру боп отырған жоқ.