Қала әкімі кәсіпкерлерді жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясын дамытуға шақырды

1382
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша жиын өтті. Шымқаланың кәсіпкерлерімен болған отырыста үшінші мегаполистің мэрі барша шағын және орта бизнес өкілдерін жеңіл және жиһаз өнеркәсібін, құрылыс индустриясын дамытуға шақырды.
Өнім өндіру индустриясының көрігін қыздырып отырған кәсіпкерлер бүгінде ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, экспортқа жөнелтуге де өкірте үлес қосуда. Кәсіпкерліктің арқасында жалпы өңірлік өнімдегі үлес 25 пайызды құрап отыр. Бұл алып қаламыз үшін әрине, аз. Ол үшін күнделікті тұтынылатын заттарды өндіріп, сатылымын жоғарылату арқылы бизнестің біраз биігін бағындыруға болады.
Бүгінде қаламызда жеңіл және жиһаз өнеркәсібінің, құрылыс материалдарының жол картасы әзірленген. Жол картасының шеңберінде 76 гектар жер телімінде «Жұлдыз» индустриалды аймағының құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын 200 гектардан 500 гектарға дейін кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар, шаһар басшысы қаламызда сапалы линелеум шығаратын зауыт жоқ екенін де тілге тиек етті.
Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Шымкентте сапалы коммерциялық линелеум жетіспейді. Қаламызда жыл сайын 10 мектеп салынып жатыр. Сапасы жоғары болса, білім бесіктеріне төсейтін едік. Одан кейін сапалы кеспетас (брусчатка) жоқ. Бір жылдан кейін үгітіліп кетеді. Көптеген тротуарларды жөндейміз. Жаңадан соғамыз. Жақсы брусчатка керек. Зауыт салу қымбатқа түспейтін сияқты, ертеңгі күні табысы да жақсы болады… Кәсіпкерлерді таза жұмыс істеуге шақырамын. Салықты жасырмай нақты төлеп, жұмыскерлердің жалақысын көтеріп, таза жұмыс істесеңіздер, ертеңгі күні табысы өскен азаматтардан сол ақшаларыңыз қайтып келеді. Яғни, жалақысы жоғары азаматтар мейрамханаға барады, сіз өндірген тауарды сатып алады. Осылайша кәсіпкерлердің табысын өсіруге септігін тигізеді».
Дереккөз:otyrar.kz