ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ҚОРДАЛАНҒАН ПРОБЛЕМАЛАР КӨП

1300
Шырайлы Шымкент шаһарындағы ең жас аудан — Қаратау деп аталады. Бұл атауды мұқым қазаққа белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт қойғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандары секілді мұнда да аудан әкімі Исамидин Қантөреев те 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында үш рет есептік кездесу өткізді. Оның баяндамасының тезистері алдын ала баспасөз бетінде жарияланды. Бұл аудандағы 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алабында 147 мың адам жасайды. Соған лайық мұнда да қол жеткен жетістіктерпен қатар кемшілік, кемістіктер де жоқ емес.
Сондай есептік кездесулердің ең алғашқысы Сайрам тұрғын алабында орналасқан № 71 жалпы орта мектебінде болды. Оған қалалық мәслихаттың депутаттары, салалық басқармалардың басшылары, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Сайрам, Шапырашты, Өтеміс, Орманшы, Достық, Қызылсу, Мәртөбе, Исфиджаб тұрғын алаптарының тұрғындары қатысты.
2020 жылы Шымкент Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы атанғалы отыр. Осы орайда бұл ауданда жылу, жарық, ауыз су, жол саласында қордаланған проблемалар да аз еместігі жасырын емес. Мәселен, Сайрам тұрғын алабында туризм бағытын дамыту үшін ең алдымен жол және көлік қатынасы мәселелерін шешу керек. Өзбек драма театрында халыққа қызмет көрсету орталығы қоса-қабат орналасқандықтан, бұл жағдаят әртістердің емін-еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Сайрам, Шапырашты ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуді қажетсінеді. Тұран шағынауданындағы көпқабатты үйлерде газ, жарық, су жоқ. Қалаға Сайрам ауданынан қосылған кейбір елді мекендердің тұрғындары ағынсуға зәру. Бұл үшін 12 каналды сапалы жөндеп, тазаласа ғана диқандардың егіншілікпен етене араласуына мүмкіндік туатын еді. Достық тұрғын алабындағы жекеменшік энерготрансформатор жиі істен шығып қалады. Мұндағы Мәдениет көшесі көптен бері жөндеу көрмеген, сондай-ақ жарықтандыру, жол салу жұмыстары қолға алынбаған. Жастарға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер тапшы. Орманшыда күл- қоқыс тастайтын контейнерлер жетіспейді.
Аудан әкімі Исамидин Қантөреев Сайрам тұрғын алабындағы жарық, кәріз жүйесі, ауызсу, Қызылсу мен Мәртөбе тұрғын алаптарының тұрғындары үшін Шымкентке қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін шешуге, Өтеміс тұрғын алабында мәдениет үйін салуға уәде берді. Сонымен қатар айтылған әрбір арыз-шағымды жеке өзі қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Қаратау ауданы әкімінің кезекті кездесуі қаланың Асар шағынауданындағы № 89 жалпы орта мектебінде өткізілді. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерғали Егемберді, қала әкімінің орынбасары Данат Жумин, қалалық мәслихат депутаттары, салалық басқармалардың басшылары, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Асар, Асар-2, Азат, Таскен, Достық, Қайтпас елді мекендерінің тұрғындары қатысты.
40 мың тұрғыны бар Қайнарбұлақ саяжайында бірде-бір банкомат жұмыс істемейді. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қойылған 16 бейнекамераның тоғызы істен шыққан. Мұндағылар өз жер телімінің құжаттарын әлі күнге дейін қалаға өткізе алмай қиналып отырған жағдайы бар. Тұран шағынауданының тұрғындары қоғамдық көліктің сапасыз қызметі мен кондукторлардың мәдениетсіздігін сөз етті.
Исамидин Қантөреев Бозарық шағынауданының аумағында қосалқы стансаның құрылысы биыл іске қосылып, жарық мәселесі шешімін табатынын айтты. Сонымен қатар бірқатар елді мекендердегі көшелерге шағал төселгенін тілге тиек етті.
Аудан әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінің соңғысы Нұртас шағынауданындағы № 72 жалпы орта мектебінде болды. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың депутаттары, салалық басқармалардың басшылары, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен Нұрсәт, Нұртас, Тұран, Бозарық, Қайнарбұлақ шағынаудандарының тұрғындары қатысты.
Таскен елді мекенінде бірқатар байрақты бәсекелерде атой салып жүрген талай танымал саңлақтар болғанымен, спорт кешені жоқ екен. «Биік» спорт кешенінің маңындағы 500-ге жуық оқушы мектепке жаяу-жалпылай барады. Бұл үшін Қуаныш Төлеметов көшесінен автобус қатынасын жолға қою қажет. Нұрсәт шағынауданында № 142 үйдің маңында спорт алаңшасы жоқ. № 83 жалпы орта мектебінің маңында төрт жасанды көл пайда болған. Үлкен-кіші сол көлдерді айналып жүруге мәжбүр. № 125 жалпы орта мектебіне баратын көше жоқ. Азат шағынауданында жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүйелі жүргізілмей отыр. Мұнда су, газ, жарық мәселесі шешімін таппаған. № 68 жалпы орта мектебінде талайдан бері басшы тағайындалмай келеді. Пахтакор-2 елді мекенінде 70-80 оқушы мектепке жаяу барады. Бұл үшін автобус мәселесін шешу керек. Атбұлақ елді мекеніне ағынсу 13 шақырымнан әрең келеді екен. Достық елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлфарида Дүйсенбаева 12 балақайға арнап балабақша салған. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлері тиісті талапқа сай емес деген сылтаумен оның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырған көрінеді. Жиын барысында сондай-ақ жол инфрақұрылымы, ауызсу, көшелерді жарықтандыру, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі де сөз болды.
Басқосу барысында байқағанымыз, кез келген тұрғынның сөзінде: «Тағы бір мәселе…», — деген тіркес көп айтылды. Аудан әкімі орынтағына отырғанына енді жеті ай болған Исамидин Қантөреев: «Әрбір арыз-шағым өзімнің жеке бақылауымда болады», — деп уәде беруден танбады. Қала әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов: «Разберемсясын», — аузынан тастамады. Айтпақшы, бір миллионнан астам тұрғыны бар мегаполистің тұрғындарына 700-дей-ақ шенеунік қызмет көрсететін көрінеді. Алдағы уақытта қалаға 300 автобус әкелу көзделуде екен. Сөйтіп, қоғамдық көлік мәселесі біршама шешімін таппақ. Ең бастысы — түрлі деңгейдегі әкімдердің сөзі мен ісінде алшақтық болмаса екен дейміз.
Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.
Шымкент қаласы.