Каспи банктің миллиардер қожайындары мен «Миллион» борышкері

1211

Forbes журналы миллиардерлердің жаңа тізімін жариялаған сайын әлем жұртшылығының назары өз еліндегі бай мен кедейдің табыс айырмасына (Джини индексіне) түсері анық. Алпауыт байлар шоғырланған АҚШ пен Қытайда ол көрсеткіш 0,4-тен асса (жоғары), бізде – 0,26. Бір одақтан шыққан Украина, Беларусь, Қырғызстанның көрсеткішінен биік, 80 миллионнан асатын халқы бар алып Германиямен (0,27) қарайлас. Негізі, жан санымыздың аз, жерасты, жерүсті байлығымыздың мол екенін қаперге алсақ, Норвегия, Дания қатарлы Солтүстік Еуропа елдеріндей (0,2) болуы керек еді.

Қазақтың қазба байлығын жекешелендіріп алған Еуразия үштігінің (Машкевич, Шодиев, Ибрагимов – соңғысы марқұм) біреуі Израиль, екеуі Бельгия азаматтығын алып, қазақтан іргесін аулақ салғаннан кейін қазақ байларының көшін өзіміздің «местный кореец» Владимир Ким (4,6$) бастайтын болыпты. Forte банктің иесі Болат Өтемұратовтың (3,4$), Халық банктің иесі Тимур Құлыбаевтың (2,8$) қатaрына биыл кәдімгі сіз бен біз кредит алып, лақтырып кететін Каспи банктің негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Ким (3,3$) мен 2007 жылы қазанда атқарушы директор болып келген Михаил Ломтадзе (2,3$) қосылыпты. «Фридом финанстың» иегері Тимур Турлов та бар (2,2$). Көріп отырғанымыздай, Қазақстан қаржы саласының миллиардерлер басып шығаратын «инкуваторға» айналған.

 Қоғам белсенділері мен депутаттардың еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарының (жалпы халық санының 55 пайызы) жартысына жуығының (27 пайыз) банктерге берешек екенін айтып келе жатқанына бірталай уақыт өтті. Бұл жайт Қазақстан банктерінің шетелдік қор нарығындағы имиджіне еш әсер етпейтін сияқты. Лондон қор биржасында Каспи банк акцияларының құны еуропалық әріптестерімен иық теңестіріп, алдыңғы төрттікке енген. Былтыр 42 500 теңгенің жыры басталғанда экономистер өкіметтің халықтан гөрі қаржы нарығын сауықтыруға көп қаржы бөлетінін тілге тиек еткен. Қазақстанның сыртқы қарызының басым бөлігі де соларға тиесілі. Шетелдің биржа саудагерлері Қазақстан банктерінің артында кім тұрғанын, акцияларының «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» сиқыры бар екенін бізден жақсы біліп отырған сияқты.

Биыл тізімге енген жаңа миллиардердің 40 пайызы Қытайдан шыққан екен. Миллиардтар елінде биржа саудасымен кәсіби айналысатын 180 миллион кәсіпкер бар екен. Оның дені 80-жылдан кейін туғандар. Елу миллионы 90-жылдан кейін туған, әлі орда бұзар жасқа жетпегендер. Міне, экономикалық жетістік, ұлттық мақтаныш деп осыны айт. Қытай экономикасының көмескі қуаты осыдан көрінеді. Сол белсенді топ Нью-Йорк, Лондон, Токио, Гонконг, Сингапур, Шанхайдағы биржа саудасын сәт сайын бақылап отыр. Әлемдік бәсекенің қайнаған ортасында жүр. Ал біздің жастар олимп ұтысына ақша тігуді місе тұтуда, зейнеткерлер бинго лотерияларын сататын дүңгіршектерді жағалап жүр. Қараша халық банктерден қарыз алып, тұрмыстық қажеттерін шешіп, жыртығын жамауда. Үкіметтің «Қазақтелеком» сияқты мемлекеттік холдингтердің акцияларын қолжетімді етіп, халыққа да мемлекет байлығының қызығын көруге жол ашатынын айтып емексіткеніне де бірталай болды. Жалған  қаржылық пирамидаларға, жұлдыздар жарнамасын асырған ұтыс ойындарға алданған халық қарасының көбеюі елде қор нарығының емес, көлеңкелі бизнестің қызып тұрғанын көрсетсе керек.

Өткен жылы Дүниежүзілік банк біздің елде кедейлердің көбейетінін ескерткен еді. Қазір болжамдарының айдай келгенін, импорт тауарлар ғана емес, өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің шарықтап кеткеніне куә болып отырмыз. АҚШ орталық банкі доллардың ставкасын көтереді деген сыбыс шыққалы бері көршіміздің рублі құнсыздана бастады. Славян көршімізге тіліміз ғана емес, теңгеміз де байлаулы. Америка президенті Байден мырза пандемиядан соққы алған әлем экономикасын көтеру үшін барлық мемлекеттерді ірі холдингтерге салықты көбейтуге шақыруда. Әлемнің бірінші байы Джефф Безос оның ұсынысын қос қолдап қолдайтынын білдірді. Біздікілер оған үн қоса ма, жоқ, тағы да популизмге балай ма, оны кезі келгенде көреміз.