Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымындағы мақсатын жария етті

1025
Бүгін Түркістан облысы активімен өтіп жатқан жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымындағы мақсатын жария  етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиын барысында Қазақстан Президенті ең алдымен барша жұртшылықтың Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтады.
«Биылғы 19 наурызда, көктемнің шуақты күнінде бәріміз еліміздегі тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз маңызды шешім қабылдады. Осындай сындарлы кезеңде Елбасыны және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды білдіремін. Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда жүзеге асырамыз. Мұндай жағдай дүниежүзі тарихында бұрын болмаған. Бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығын, кеңдігін, сондай-ақ халқымыздың даналығын білдіреді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді танытып, үлгі көрсеттік. Осылайша халқымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік»,  — деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл болашақ ұрпақ үшін де үлкен үлгі-өнеге екендігін баса айтты.
«Менің негізгі мақсатым  — Елбасының  стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету. Мен осы істі жалғастыра беремін. Елбасы бізге табысты мемлекет құрып берді. Ол Қазақстанды әлемдегі озық елдердің қатарына қоса білді. Елбасы реформалары мемлекеттік орнықты даму жолына шығарды», — деді ҚР Президенті.
Қ.Тоқаев бүгінде бүгінде әлемде бәсекелестік пен қатар жаңа сын-қатерлер ушығып тұрғанын, жалпы бүкіл дүниежүзі дағдарысқа ұшырағандығын атап өтті. Әлемнің болашағы бұлыңғыр екендігіне назар аудартты.
«Сондықтан тоқтап қалуға мүлдем болмайды. Халқымыздың бірлігі, ұлтаралық келісім, күшті экономика әрі қарай алға басуымыздың негізі әрі кепілі», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымындағы мақсатын жария етті