Қазақстанды әлемге таныту үшін 40 жыл тынбай жұмыс істедім — Нұрсұлтан Назарбаев

953
Бүгін Алматы облысы Шамалғанда ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жерлестерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өз сөзінде Тұңғыш Президент туған жеріне құрметін жеткізе келе ел басқарған кездегі естеліктерімен бөлісті.
«Мен де сіздер сияқты осы жерден өсіп, әлемнің 170 елін араладым. 200-ден астам президентпен кездестім. Соның барлығы елдің қамы үшін болатын. 1979 жылы Орталық Комитет хатшысы болып келгеннен бері қарай 40 жыл ел басқару істерінде жұмыс істедім. Қолымнан келгенше күндіз-түні жұмыс жасап, қазақ елін әлемге танытуға тырыстым. Соның арқасында ешкім білмейтін Қазақстан дүниежүзіне белгілі болды. Қазақстандықтардың бармайтын жері, демалмайтын курорты жоқ. Балалары әлемдік ЖОО-да білім алып жатыр, денсаулығын түзеймін десе де шетелдік емханаларға баруда. Соның барлығы елдің өркендеуі, мемлекет дәрежесінің көтерілуі арқасында», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның басқалармен салыстырғанда үлкен ел емес екенін, бірақ барлық елдермен тереземіз тең екенін атап өтті.
«Біздің ел Қытай мен Ресей сияқты алып мемлекеттермен шектеседі. Оңтүстігімізде Ислам мемлекеттері. Олардың арасында 18 млн халықпен, жеріміз кең болса да үлкен деп айта алмаймыз. Дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында барлық мемлекеттер Қазақстанды сыйлайтын болды. Араағайындық татулық мәселесіне кірістік. Арқа төсінде жаңа елордамызды салдық. Елордамыз әлемдік жиындар өтетін, танымал орталыққа айналды.  Қазақстанның орталығы қандай болса, елі де сондай деп түсінеді», — деді Н. Назарбаев.
Еске салсақ, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған жері Шамалғанға келді.