Қазақстандық боксшылар Мажарстандағы турнирде үш алтын алды

872
Мажарстанның Дебрецен қаласында халықаралық Иштван Бочкай турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, жарыс қорытындысында қазақстандық үш боксшы чемпион атанды.
Сабырхан Махмуд 52 келіге дейінгі салмақта финалда үндістандық Лалитха Прасада Полипаллиді тізе бүктірді.
Айбек Оралбай 91 келіге дейінгі салмақта тағы бір үндістандық Гаурава Чауханды ұтты.
Әйелдер арасында Римма Волосенко ресейлік Екатерина Дынникті жеңді.
Ал Талғат Шәйкен 69 келіге дейінгі салмақта соңғы бәсекеде франциялық Вахид Хамблиге жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Бұған дейін Айдос Арапов (57 кг), Нұрбек Оралбай (81 кг), Дамир Тойбай (+91 кг) және Марина Вольнова (69 кг) қола жүлдегер атанған болатын.
Осылайша Қазақстан құрамасы Мажарстандағы турнирде сегіз жүлдеге ие болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мажарстандағы турнирде қазақстандық төрт боксшының финалға шыққанын жазған болатынбыз.