Келесте Қызыл кітапқа енген балықты аулаған браконьерлер сотталды

1164
Келес ауданында заңсыз балық ұстаған браконьерлер заң алдында жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурыз айында Келес ауданында заңсыз балық ұстаушыларды анықтауға арналған «Бірлескен табиғатты қорғау» жедел алдын алу іс шарасы өткен болатын. Оны «Охотзоопром» ӨБ республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Келес аудандық полицейлері бірлесіп өткізген болатын. Оның барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
«Келес ауданына қарасты Шардара су қоймасының айдынынан заңсыз балық аулаған азаматтар ұсталды. Іс-шараға тыңғылықты әзірлікпен шыққан сақшылар 2 браконьердің заңсыз әрекетінің үстінен түсті. Арнайы тексеру кезінде белгілі болғандай, олардың жанында резеңке қайық пен балық аулауға арналған заттар болған. Ал, қайықтың ішін тексеру барысында сым жалғанған арнайы электр сүзгіш, арнайы жарық бергіш құралы мен Қызыл кітапқа енген бірқатар балық түрлері анықталып,тәркіленді» делінген хабарламада.
null
Заңсыз балық аулағаны үшін ұсталған екі азаматтың жұмыссыз, жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Аталмыш жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Нәтижесінде, браконьерлердің алдын ала сөз байласу арқылы арам пиғылын іске асырғаны анықталып, іс сотқа жолданған.

Келес аудандық сотының шешімімен заңды белшесінен басқан балықшылар 2 жылға балық аулау құқығынан айырылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.