ТҮРКІСТАН: КЕЗЕКТІ «СЕРВИСТІК ӘКІМДІК» КЕЛЕС АУДАНЫНДА АШЫЛДЫ

930

Бүгін Түркістан облысына қарасты Келес ауданында мемлекеттік қызметтің сапасы мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және  сыбайлас жемқорлықтың туындауын болдырмауға бағытталған кезекті «сервистік әкімдік» ашылды. 

Ашылу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Мирас Қарғабай мен Келес  ауданының әкімі Ақментай Есбаев қатысып, жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ашылған «сервистік әкімдіктің» мүмкіншілігімен танысты.
   
«Бүгінгі күні Агенттіктің бастамасымен  ел аумағында  мемлекеттік органдардың жұмысы «Open space»  форматына көшірілуде. Бұл   халыққа барынша қолайлы жағдай туғызып, ашықтық пен жариялылықты, сондай-ақ  жұмыс сапасының артуы мен тұтынушылардың кедергісіз қызмет алу мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Бүгінгі кезекті Келес ауданында ашылған «сервистік әкімдікте» тиімді қызмет көрсетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға тікелей ықпал ететін болады»,- деп атап өтті Мирас Қарғабай.
     
Айта кетсек, бұдан былай тұрғындар ауданның әр бұрышында орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмайды.  «Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландырып қана қоймай,  азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және тұтынушылардың кедергісіз қызмет алуларына мүмкіндік бермек.   

Алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты қала/аудандарда жергілікті тұрғындарға тиімді қызмет көрсетуге бағытталған «сервистік әкімдіктердің»  қатары көбейіп, атқарушы билік өкілдері  халықпен бетпе-бет отырып қызмет көрсететін болады.