Кітапжазғыш президент аш халқына астық емес, мақал жинауды тапсырды

1114
Егін жинауға қанатты сөздің қандай қатысы бар деуіңіз бек мүмкін. Еліндегі аштық пен азық-түлік тапшылығын жұртшылықтан жасыруға ниет етті ме екен, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов тағы бір қадамға барды. Президент елдің атқарушы билігімен кездесу кезінде ауыл шаруашылығын реформалауға қатысты жиын өткізе келіп, жерге қатысты қанатты сөздерді жинауды тапсырды. Енді түрікмендік мамандар астықпен қатар мақал-мәтел де жинайтын болады.
–Бидай мен мақта жинау оңай емес. Бірақ оның барлығын біз ата-бабамыздан келе жатқан тарихи дәстүрге сүйене отырып жасауымыз керек. Әр жердің өз құнары, өз ерекшелігі бар. Мұны атадан қалған бабалар сөзімен үйлестірмесе болмайды. Сондықтан арнайы сөздік жасаған дұрыс. Мұны Түрікменстан ауыл шаруашылығы университетінің мамандары жүзеге асырғаны жөн, –деп тапсырма берді президент Гурбангулы Бердімұхамедов.
Дәл қазір ресми дерек бойынша Түрікменстанда азық-түлік тапшылығы байқалады. Бірақ бұл мәселе билік тарапынан ашық айтылып отырған жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, ұн, қант, өсімдік майы 30 пайызға азайған. Тіпті сырттан сүт өнімдері әкелу — 60 пайызға, шұжық өнімдері 40 пайызға төмендеген.
Бірақ Президенттің өзі аш емес. Жаңа жылда Ашхабадта Орталық Азиядағы ең үлкен шырша орнатылды. Ол немересімен бірге ағылшын, неміс және түрікмен тілінде ән айтып, ел халқын құттықтады. Бірақ…
Жаңа жыл түрікмендерге ауырлығын ала келді. 1 қаңтардан бастап тұрғындар өз ақшасына электр қуаты, су мен газға есептегіш құралдарын орнатуға тапсырма алды. Егер есептегіш құралын орнатпаса, тұрғындар оған қатысты ешқандар қажетті құжаттарды ала алмайды және сусыз, жарықсыз, газсыз қалады. Сонымен қатар, айыппұл төлейді. Сөйтіп 1992 жылдан бері жасалынып келген «түрікмен жұмағының» күні бітті. Қазір халықта ақша жоқ, азық-түлік тапшы, жағдай қиын. Бірақ Түрікменстан президенті ән айтып жүр. Ол елдегі бүкіл қара көлікті аққа боятты. Қаладағы бүкіл ғимараттар ақ түске өзгеріп жатыр. Биліктің қатаң тапсырмасына сәйкес, халықтың мешітке баруына тыйым салынған, дін тақырында әңгіме айтуға болмайды. Жұмыс орнында намаз оқу дұрыс емес. Егер оны биліктегілер біліп қойса, онда жұмыстан айрылады. Жалпы Түрікменстанда жағдай қиын, соңғы тапсырманың өзі күлкілі, түрікмендер астықпен қатар қанатты сөз жинайтын болды. Бұл да түсінікті шығар, өйткені ертең түрікмен халқының мақал-мәтелдері ұлы президент «аркадаг – ел қамқоршысы» Бердімұхамедовтің жинағы болып шыға келеді емес пе?!.
Дереккөз:Qamshy.kz