Қоғамның ашуын туғызған оқушылар әрекеті: Әлімжеттік жасағандар анықталды

1038
Әлеуметтік желіде қоғамның ашуын туғызған видеодағы қатарластарына әлімжеттік жасаған оқушылар анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, 21 қаңтар күні әлеуметтік желіге тараған видео материалда бір топ жоғары сынып оқушыларының өздерінен жасы кіші 2 оқушыға әлімжеттік жасап, соққының астына алғандығы бейнеленген.
«Ішкі істер министрлігі видеоақпаратқа «дереу назар аударып, таратылған мәліметтерді анықтау шараларын қабылдады. Видеожазбадағы оқиға 18 қаңтар күні Түркістан қаласында болған. Бұзақылық әрекетке қатысушылардың барлығы анықталды.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 293-бабы 2- тармағында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,- деді Алмас Садубаев. Департамент басшысының сөзіне қарағанда, Ішкі істер министрлігі жасөспірімдердің зардап шекендігін ескере отырып, оқиғаның мән-жайын тыңғылықты тексеретін болады. Сонымен қатар, өңірдің жергілікті атқарушы органдарына мұндай оқиғалардың алдын алу шараларын жүзеге асыруға бастамашылық жасайды.