ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ТУРИСТІК ПОЛИЦИЯ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

1605
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде туристік полиция бөлімшесі құрылды.
Ішкі істер органдарын реформалау және «Жол картасын» іске асыру мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің негізінде көші-қон полициясы басқармасының жанынан құрылған жаңа туристік полиция Қазақстандағы туризмнің халықаралық беделін арттыру, елімізге шетел азаматтары келген кездегі қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету және оларды толғандырған кез-келген сұрағы бойынша ақыл-кеңес беру бойынша жұмыс жасайды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде 5 туристік полиция және екі көлік жұмыс жасайтын болады. Аталған бөлімше қызметкерлері барлық қажетті техникамен жабдықталған.
Түркістан облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Сейдуалиев Әбдіғани Тойшыұлының айтуынша туристік полиция қызметкерлері өзінің кәсіби және қызметтік сапасы жоғары болуымен қатар, туристермен қарым-қатынас жасау үшін бірнеше тілді меңгерген мамандар.
Туристік полиция қызметкерлеріне қорық-музей кеңсесінен арнайы бөлме берілді.
-«Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші туристер саны жылдан-жылға артып келеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің де мақсаты — Түркістан қаласындағы тарихи орындарды зерттеп, жаңартып, жаңғырту және туристік әлеуетті арттыру. Түркістан облыс орталығы атанғалы бері де келушілер саны көбейді. Туристік полицияның туризм саласы беделін арттыру, тыныштықты сақтау, түрлі қауіпсіздіктердің алдын-алу бойынша маңызы зор. Әрбір келушіге жайлы жағдай жасаумен қатар жан-жақты қауіпсіздігін сақтау аса маңызды. Еңбектеріне сәттілік тілейміз!»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі