Қожағапанов туризм мен «сутенерлікті» ажырата алмай ма?

1219
Өткен апта өткен Есеп комитетінің отырысында туризм саласындағы бір былықтың беті ашылды. Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақанның айтуынша, Елде туризмді дамытауға бөлінген қаржы бағытынан адасып, басқа мақсатта жұмсалған. Туристік инвестициялық форум ұйымдастырып, бес меморандум бекітуге бөлінген 75 млн теңге «Мисс Қазақстан» байқауының тек іріктеу кезеңін өткізуге жұмсалған.
«Бұл туризм индустриясы комитетінің қаражатты дұрыс ұйымдастырмағаны салдарынан болған. Елдің туристік әлеуетін арттырып, шетелдік және отандық инвесторлардың, барлығы 250 адамның қатысуымен өтуі тиіс форумдар болмаған. Оның орнына туризмге қатысы жоқ «Мисс Қазақстан» байқауының іріктеуі ұйымдастырылған», — дейді республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Талған Жақан.
Елдегі туризм саласының дамуына мемлекет қазынасының қалай жұмсалып жатқанын бақылайтын Есеп комитетінің көңілі толмайтын секілді. Аталған органның есебінше, туризм саласы мүлде оң көрсеткіш көрсетіп отырған жоқ. Тіпті 2017 жылы өткен «ЭКСПО» көрмесі де билік жоспарлағандай туристер тарта алмаған. Сондай-ақ, сыртқа саяхаттап шығатын туристер саны келетіндерден 1,5 есе көп. Қазақстандықтар жыл сайын шетелде демалуға 2,7 млрд теңге жұмсайды.
«Мисс Қазақстан-2019» байқаудың тек іріктеу кезеңіне ғана қазынадан 73 миллион 200 мың теңге қаржы жұмсалыпты. Әрі бұл тек бастапқы шығын. Боянған бикештердің биылғы бәсекесі аяқталғанша әлі талай кезең бар. Сондықтан тағы қанша қаражат қажет екенін дәл қазір дөп басып айту қиын.
Алайда мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсап жібергендер өздеріне шаң жуытар емес. Тіпті «Мисс Қазақстан» жобасы туризммен тікелей қатысты деп отыр. Олардың айтуынша, сұлулық сайысын көру үшін шетелден келетін туристердің өзі аталған шығынды толтырып береді. Қытай мен Үндістаннан арнайы қазақ қыздарының сұлулығын көру үшін келетін туристер 73 миллион теңге көлемінде ақша төлейді екен.
«Біз туристік бизнесті зерттей келе, бұл байқаудың осы салаға тікелей қатысы бар екенін анықтадық. Осылайша, бүгінде қытайлық және үндістандық туристер осы байқауды асыға күтетіне көз жеткіздік. Себебі, олардың көбісі осы арулар сайысын ғаламтор және теледидар арқылы тамашалайды екен. Келіп көргісі келетіндері де көп. Былтыр өткен «Қазақстан аруында» Қытай мен Үндістаннан 400 адам келген. Қазақ қыздарының сұлулығына шетелдіктердің тамсануын дұрыс деп есептеймін», — дейді ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов.
Қазақ қыздарының сұлулығына шетелдіктердің тамсанғанын дұрыс деп есептейтін Ерлан Қожағапанов мырза қаракөздерімізді қара базарға салу сәті келген сауда деп ойлай ма сонда. Қожағапанов туризм мен «сутенерлікті» ажырата алмайтын адам секілді.  Ол тіпті мұны қойып, жақын арада «KazakhTourism» ұлттық компаниясын құрып ақшаның астында қалуды көздеп отырған көрінеді.
«Биыл байқауды ұйымдастыруға жұмсалған қаражы шамамен 73 млн 200 мың теңге. Бұл қаражат осы жолғы және келесі кезекті жарыстарды көруге келетін туристердің есебінен төленетін болады», — деп есеп соғады вице-министр.
Бұл не деген батпан құйрық Ерлан мырза? Сонда шетелдіктер сахнадағы сұлуларымызды сыртынан көріп қайту үшін ғана сонша ақшасын санап береді деп ойлайсыз ба? Сіз тас санасаңыз, олар құм санайды. Қытай мен Үндістан — халық саны миллиардтан асқан елдер. Оларды қыздарымыз арқылы қызықтырып, елге шақыру аса көреген шешім емес екенін сіз білмесеңіз де, халық біледі. Онсыз да қазақтың даласына, байлығына қызығып отырғандар аз емес.
Тағы бір мәселе, сұлулық сайысының соншалық турист тарта алатынына сену қиын. Себебі, жылда өткізіліп жатқан «Мисс Қазақстан» байқауы көрермен жинаудан көпті таңғалдырып отырған жоқ. Байқаудың өз көрермені бар екенін жоққа шығармаймыз. Алайда олардың саны шектеулі ғана. Демек, «Мисс Қазақстанды» көру үшін шетелден мыңдаған адам келе қоюы екіталай.
Бірақ «бірді он деп соғып, тұтас дүниені тарының қауызына сыйдырып» жіберу Қожағапанов мырзаның қашаннан бергі әдеті. Ерлан Тоқтарханұлы 2013–2016 жылдары ҚР Футбол федерациясының президенті болды. Сол кезде де адамның миына кірмейтін ұрандармен танылған еді. «Ұлттық құрамамыз 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр» деп жанкүйерлердің күлкісіне де қалған. Әлем чемпионатына жолдама алады деген Қазақстан құрамасы «Е» тобында ең соңғы орын алды. 30 ұпай жинауға болатын іріктеу кезеңінде 3 ұпай ғана олжалады. Осыдан-ақ, Ерлан Қожағапанов қолға алған істің жоспары мен нәтижесіндегі айырмашылықты аңғаруға болады.
Еліміздің туризм саласы дамып, мемлекет қазынасына миллиондап қаржы құйып жатса ел үшін игі іс болар еді. Алайда сол миллиондарды  «Мисс Қазақстан» арқылы тарта алмайтынымыз сөзсіз. Туризмді дамытуыдың бірден-бір оңтайлы жолы «Қазақстан аруы» байқауын өткізу емес. Себебі, сұлулық сайысын көретіндер мен әлем шарлап саяхаттайтын туристерді шатастарымаған жөн. Туризмді дамыту үшін жауапты тұлғалар сауатты жұмыс жасаса дейміз.
Қуаныш Қаппас
Дереккөз:Abai.kz