Көпір қайда, көпір?!

1406

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы «Алып» және «Дәулет» базарының сатушылары жергілікті билік өкілдерінің әрекетіне наразы. Сарыағаштық саудагерлер күніне 5 мың адамға дейін өтетін «Рамадан» каналындағы екі көпірдің бұзылғанына байланысты шу шығарды. Олардың айтуынша, демалыс күнін пайдаланған жауапты сала мамандары екі көпірді ешқандай ескертусіз, соттың шешімінсіз бұзып тастаған.

Бұл екі көпір төрт базардың арасын жалғап тұрған. Оның бұзылуы арба сүйреп тиын-тебен тауып жүрген азаматтарға қиындық туғызуда. Неге осы жерден күнделікті нәпақасын әзер айырып жүрген қара халыққа аса қажет көпірді бұзды екен? Әлде ол жерден дәмелі тұлғалар бар ма? «Мемлекеттің қаржысына салынған халыққа қажет көпірді неге бұзғаны түсініксіз. Қолдарында не әкімдіктің бұйрығы жоқ, не соттың шешімі жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер заңды белінен басып ойына келгендерін істей бере ме сонда? Карантинде қарапайым халықтың зығырданы онсыз да қайнап жүр. Айтқан сылтауы да көңілге қонымсыз. «Мектептің алдына көпір керек болып, сол үшін осы бұзып алдық», – дейді. Шолпан Тұңғышбаева есімді Сарыағаш тұрғыны «Барлық оқушылар сабақты үйінде онлайн оқып жатқанда, бұл өтіріктеріне жол болсын. Көпір бұзған оңбайды. Бұзып алған көпірді қайта орнына қойып берсін», – дейді.

Көпір қайда, көпір?!

Саудагерлерді ең ашындырғаны қолында билігі барлардың қарапайым халықты қайта-қайта басынатындығы. Базардағы жұрт «Дәл сол маңда судың үстіне бетонмен салынған «Стамбұл» дүкені, оның жанындағы киім-кешек контейнерлері, оның ар жағындағы дәріханаға тиіспейді. Айналып келгенде, қара халықты қинайды», – дейді.

Әкімдіктегілер бұл көпірді басқа жерге орнатпақ ниетте екендіктерін жеткізді. Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, қала аумағында орналасқан «Рамадан» каналы «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының меншігінде. Аталған канал 2014-2016 жылдар арасында бетонмен қапталып, күрделі жөндеуден өткізілген. Күрделі жөндеу жұмыстары барысында Бөбек базары мен Көк базар арасындағы «Рамадан» каналына 2 көпір қойылған.

Бұл канал 2018 жылға дейін «Табиғат қорғау» ММК-нің, яғни облыстық коммуналдық меншікте болған. Каналдың су қорғау белдеуінде орналасқан заңсыз құрылыс нысандарын су қорғау белдеуінен шығару бойынша іс-шаралар атқарылып келеді. Бұл ретте, су қорғау белдеуіндегі заңсыз құрылыс нысандарының жұмысын тоқтату мақсатында жаяу адамдарға арналған өткелдері «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» МКК және Сарыағаш қаласы әкімі аппараты тарапынан алынған болатын.

Әкімдік берген мәліметте «Алынған көпірлерге қажеттілік аса маңызды емес, себебі сол көпірден 20 метр қашықтықта жаяу жолаушыларға арналған көпір және автожол көпірі орналасқан. Сонымен қатар Бөбек базар мен Көк базардың басты қақпалары бұл жерде емес, яғни су қорғау белдеуіне қарай ашылған, есіктер заңсыз құрылыстарды жандандырып отыр. Заңсыз құрылыс нысандары өз кезегінде орын алатын түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға кедергі келтіретіні белгілі», – деп жазылған.

Сондай-ақ әкімдік қызметкерлері су қорғау белдеуінде орналасқан, соттың шешімімен бұзылған құрылыс нысанының орнына басқа заңсыз құрылыс нысаны салынғанын алға тартады. Сонымен қатар каналдың су қорғау белдеуіндегі бірнеше заңсыз құрылыс нысандарын бұзу бойынша соттың шешімі шығып та қойыпты. Алдағы уақытта су қорғау белдеуіндегі заңсыз құрылыс нысандарын бұзу бойынша заң талаптары аясында тиісті жұмыс жүргізіледі екен. Енді қос тараптың ымыраға келіп, түсінісуі үшін сол заң шеңберінде шешілген құжаттар жетпей тұр. Әйтпесе, қалың бұқара сонша дүрлікпес еді ғой. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог. Сарыағаш ауданындағы саудагердің шуы жергілікті билік пен халықтың арасында диалог жоқтығының көрінісі.

Мәриям АЙТБАЙ,

Түркістан облысы