Қорғаныс министрі Арыстағы жарылыс жөнінде: қасақана өртеу мен диверсия болуы да мүмкін

963
Қазақстанның тергеу органдары Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстың ықтимал себептерін зерттеп жатыр. Бұл жөнінде қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде айтты.
Министрдің сөзінше, өрттің шығуына байланысты алты болжам бар.
«Құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, барлық болжамдар қарастырылып жатыр: адам факторы, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу, салақтық, техникалық себептер, мысалы, электр желілерінің тұйықталуы, химиялық реакция беру. Қасақана өртеу мен диверсия секілді болжамдарды да қарастырып жатырмыз»,- деді Ермекбаев.
Оның айтуынша, әскерилер Арыста тағы кемінде бір ай жұмыс істейді. Кейбір қоймалардың бықсып түтіндетіп жатуы да өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып жатыр.
Елдің оңтүстігіндегі Арыс қаласында 24 маусымда әскери қойма өртеніп, арты ірі жарылысқа ұласқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрілердің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен.
Оқиадан үш адам қаза тапқан: екі әскери және бір жергілікті тұрғын. 400-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. Ондаған адам ауруханаға түскен.
Арыстағы үйлердің 85 пайызына зақым келген. Биліктің есебі бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстарына ондаған миллиард теңге қажет.
Abai.kz