Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті

929
Алматыда коронавирус инфекциясын тағы екі адам жұқтырды, Қазақстанда сырқаттардың жалпы саны отыз бес адамға жетті
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы қаласында тағы 2 адам коронавирус індетін жұқтырғаны анықталды. Жалпы 35 науқас тіркелді, оның он сегізі – Нұр-Сұлтан қаласында, он жетісі – Алматы қаласында.
«Коронавирус жұқтырған тағы екі адам тіркелді. Оның біріншісі 1998 жылғы қыз, студент. 15 наурызда Стамбұл -Алматы рейсі арқылы ұшып келген болатын. Екіншісі 1974 жылғы әйел, 10 наурызда Мәскеуден ұшып келді. Екеуі де қазір стационарда, ем қабылдап жатыр. Жағдайлары жақсы», — деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Елорда мен Алматы карантинге жабылады
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады.
Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады.
Нұр-Сұлтан мен Алматыға осы қалаларда тіркелген азаматтар ғана кіре алады.
16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, шектеу шаралары қабылданды.