Қырғыз-тәжік шекарасында тағы да атыс болды

747
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы атыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, бүгін қырғыз-тәжік шекарасындағы Баткен облысы Баткен ауданы Мойнақ деген жерде Тәжікстанның «Ворух» анклавының тұрғындары Қырғызстан аумағында мал жаймақ болған. Шекара жасағы осы әрекетке жол бермеген.
Тәжік тарапынан беймәлім адамдар қырғыз шекарашыларына оқ атқан. Сосын шамамен сағат 11:40 кезінде екі ел шекарашылары бір-бірімен атысқан.
Қырғызстан тарапынан зардап шеккендер жоқ. Сағат 12:20 шамасында екі елдің шекара қызметінің өкілдері оқиға орнында кездесті. Қазіргі таңда шекарадағы жағдай біршама тұрақты. Тараптар жағдайдың мән-жайына көз жеткізу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
Ал, Тәжікстан шекара қызметінің мәліметінше, бұрын қол қойылған келісімге қарамастан таңғы сағат 10:30-да қырғыз малшылары Қырғызстанның Чичилик ауылымен шектесетін Исфара қаласы Ворух ауыл жамағатындағы Пули Офотбруя деген жерде Тәжікстан аумағына кірген. Сөйтіп сонда тұратын тәжік азаматтарымен жанжалдасқан. Пули Офотбруя ауылының тұрғындары қырғыз азаматтарының бұл заңсыз әрекетіне қарсылық көрсетіп, ауылдан тез кетуін талап етеді.
Қырғыз тарапы екіжақты келісімді сақтаудың орнына оқиға орнына шекарашыларды жіберген. Олар қарусыз ауыл адамдарына оқ жаудырады. Салдарынан 2001 жылы туған қатардағы жауынгер Давлатёр Миронбекович Зоиров аяғынан жараланған.
«Қырғыз шекарашыларының бұл провокациялық әрекеті мемлекеттік шекарадағы жағдайды әдейі қолдан ушықтыру ретінде бағаланады және ол Тәжікстан шекарасы маңында тұратын тұрғындардың жауап қайтаруына әкеліп соғуы мүмкін» деп жеткізеді шекара қызметінің мәлімдемесін Ховар агенттігі.